Берік Отбасы – есірткіден алыс!

«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ» тарапынан жарияланған сайысына

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы,Бұқарбай батыр ауылы

Дабыловтар отбасынан Ғабитқызы Аруай

 

Отбасы. Осы – бір ауыз сөз күнделікті айналамыздан естіп жүрген жаттанды ұғым болғанымен, ойлап қарасаңыз тұңғиық-терең мән-мағынаны астарлап жатқан үлкен сөз. Кешегі күнді бүгінге ілестіре, болашақты көз ашып-жұмғанша бүгін қылған уақыт сеңгірінде үздіксіз дамып жатқан қоғамның ең негізгі бөлшегі де осы – Отбасы.

«Отан Отбасынан басталады» дегендей, қандай ұлттың болмасын тарихын, ділін, мәдениетін қалыптастыруда әрбір азаматтың өз Отбасынан алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Отбасы қоршаған ортаны, қоғам әлеуетін түбегейлі ұлт азаматтарымен тығыз байланыс орнаттыратын бірден-бір негізгі ұғым.

Әрбір Отбасы үшін сол отбасы мүшелерінің моральдік, психологиялық тұрғыдан дамып- жетіліп отыруы, жеке ойы қалыптасқан тұлғаның шығуы маңызды. Отбасында ата-ананың маңызда рөл атқаратыны сонау тас ғасыры кезеңінен бастап-ақ белгілі болған нәрсе. Жаңа туған нәрестенің көзін ашқан сәтінен бастап оның ақыл тоқтатып,толыққанды азамат немесе азаматша болғанға дейінгі әрбір сәтінде ата-анасының берген тәлім-тәрбие, өнегесі өте маңызды. Кез- келген адамға қарап оның сөйлеген сөзінен, іс-әрекет, тәрбиесінен қандай отбасынан шыққандығы бірден аңғарылады.

Бүгінгі,  ХХІ ғасырда қоғамда, қоршаған ортада  орын алып жатырған үдерістер, әрбір жаңа бастамалар, тың жаңалықтар, үздіксіз дамып-жетілулер, барлығы дерлік адам қолымен жасалып жатыр.  Өмірде ақ пен қара бірдей жүретіндіктен,  бүгінгі қоғамның өте ақсақ, теріс жақтары да жетерлік. Әлі күнге шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік проблемалар, қоғандағы келеңсіз оқиғалар да бар. Әсіресе, қазіргі кезеңде белең алып бара жатырған заман кеселдерінің бірден-бірі  - нашақорлық, адамдардың есірткіге тәуелділігі.

Есірткі – адам өмірін ластайтын, денсаулығына залал келтіретін, айналасындағы адамдарға да зарарын әкелетін, сол арқылы қоғамды құртушы үлкен дерт. Ол грек тілінен аударғанда «жансыздандыру», «сезімсіздендіру» деген мағына береді. Яғни, ол тірі ағзаны, пайдаланған адамды жансыздандыратын, адам ағзасын, санасын улайтын заттарға толы, аса қауіпті кесел. Қоғам болашағына қауіп төндіріп тұрған індет. Ең алғаш рет біздің заманымызға дейінгі  2700 жылы Қытайда қолданылған деген мәліметтер бар. Сол заманнан-ақ бастау алып бүкіл әлемге жайылған бұл кеселдің алапат залалы туралы шарқ ұрып жазған ғұламалар жетерлік болды. Нашақорлықпен айналыққан адам ең әуелі денсаулығынан айырылады, өз санасына зарар келтіру арқылы жақындарынан да айырылып,  мына әлемнен тысқары қалып, қара түнектегі бөлек әлемде өмір сүруге тәуелді болып қалады. Ескіртпен айналысқан адамның қайтадан қалыпты өмірге оралып, қоғамның бір бөлшегі болуы көбіне мүмкін бола бермейтін жағдай. Яғни, есірті құрбаны болған адам қайта қалыпты, толыққанды азамат,қоғам мүшесі  бола алуы өте қиын. Міне, осы шындықтардың барлығын негізге ала отырып, әуел бастан-ақ барлық тұлғалардың бұл бір кесел туралы таным-түсінігін қалыптастыру, оның зияны мен залалы жайлы барлығын хабардар ету өте маңызды. Есірткі қолдану әсіресе жасөспірімдер арасында белең алатын әдет екені белгілі. Себебі, жас болғандықтан айналаға еліктеушілік көп болады. Міне, сондықтанда әрбір жастың осындай теріс жолға түсуі немесе қоғаммен байланыс орната отырып, салауатты өмір салтын таңдауы тікелей оның ақыл-ой, тәрбиесіне, оның ішінде Отбасына байланысты.

Есірткі – ғасыр дерді, қоғам кеселі. Сол себепті де, бүгінгі қоғам саясатында есірткіге қарсы күрес, ауқымды үгіт-насихат жұмыстары, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру іс-шаралары сынды жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. Алайда әрбір азаматтың есірткі туралы  және оның әкелер алапат зияны туралы ұғынуы, түсіне алуы тікелей Отбасынан алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Отбасындағы баланың ақыл-ойының, адамгершілік қасиеттерінің, жалпы жеке тұлға болып қалыптасуы Отбасындағы ата-ананың қолында. Ата-ананың әрбір іс-әрекеті бала үшін үлкен мағынаға ие. Отбасы мүшелерінің арасындағы тығыз байланыс, ажырамас бірлік, бір-біріне деген шынайы қамқорлық пен махаббат, өнегелі тәлім-тәрбие сол жанұяның берік болуына бірден-бір кепіл.

Біздің де жанұямыз - үлкен Отбасы. Жақындарымызбен бірге қызу қарым қатынаста, тату-тәтті өмір сүріп жатырған әрбір күн біз үшін маңызды. Менің дәл қазіргі сәтке дейінгі бақытты өмірім, болашағыма деген нық сенімім, алға мақсаттар қоюым, барлығы дерлік ата-анамның, Отбасымның берген тәлім-тәрбиесінің арқасында.

Барлық  өнегелі жанұя, жеке тұлға қалыптастырушы Отбасы мына қоғамның ажырамас бөлшегі, діңгегі.



Бөлісу: