Тағы да бір күн...

Бүгін Астанада күн бұлтты болды. Аспан сұрланып, ауа райы көңілімді қара жерге алып ұрды. Сол баяғы мен... Сол баяғы "жұлдызды" ұнатқан ару... әлде "есірткіге мас ессіз нашақор қыз" деген жөн бе екен? Сол баяғы жауынды жақсы көрмейтін мен өзіңізді ұмытқалы жүрсем де өзгергенім жоқ. Бұрынғыша жауынды ұнатпаймын, бұлтты күнді сүймеймін, аспанды сіз де бақылап жүрген шығарсыз деген оймен көкке қарап, қиялға берілемін. Менің виртуалды ғашығым, білесіз бе, сізден не үшін алыстағым келгенін? Сірә, білерсіз, мүмкін, білмессіз. Шылым, темекі түтініне тұншыққан жас жігіт менің ол туралы жақсы ойларымды теріске шығарды. Сол сәттен бастап сіз маған мүлде басқаша көріндіңіз. Мақтан сөзге әуес, өзіне тым сенімді, тәкәппар адам желінің арғы жағынан сөйлеп тұрды. Қалықтап тұрған көңіл шіркін жерге топ ете түсіп, су сепкендей басыла қалды. Күн сайын парақшаңызды бақылаймын. Жаңалықтарыңыз жоқ емес сияқты. Демалысыңыз жақсы өтіп жатқаны айдан анық. Оны әлеуметтік желілердегі бөліскен суреттеріңізден байқадым. 

Мен бүгінгі күнімді де бос өткізбедім. Әңгіме жаздым. Оны келесі блогта бөлісермін. Асықпай, мақсаттарыма жетіп жатырмын. 

Иә, негізінде, маған сіз сияқты адам керек емес. Өзім шығармашылық адам болсам да өзім сияқтыларды іздемеймін. Себебі, ондайлардың көбі ішімдік пен шылымға әуес болады. Мен қыз баласы болғандықтан да тыныш жүрмін ғой. Әйтпесе, мен де сырлы бояу, спирт, мүсәтір және кейбір шылым иістеріне әуеспін. Өткінші сезім ғой... Мен де қайдағы жоқты ойлап жүрмін-ау! Мені қойыңызшы... Бақытыңызды ертерек табуыңызға тілектеспін!



Бөлісу: