20 жылдан соң: Томириске хат

20 жылдан соң: Томириске хат
жеке
блог

Томирис, егер сен бұл хатты оқып отырсаң демек сенде барлығы жақсы деген сөз. Бұл хатты жазбастан бұрын ұзақ ойландым.

Бүгін – тамыздың жетісі. 2017 жыл. Қазір жасым – он тоғызда. Бұйырса екінші курсқа бармақшымын. Меніңше, дәл қазір сенің жасың 40-қа таяп қалды. Қазір арпалысып жүрген жалғыздықпен күресіп, жақын жандардың ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатырсың деп үміттенемін. Сүйікті жарың, қасында етегіне жабысып алып маза бермейтін ботақандарың да бар шығар...

Айпақшы, өзің армандайтын елдердің есігін қағып, түрлі мәдениеттің дәмін татқан шығарсың. Бақыттысың, иә?! Мен болсам соған қол жеткізу үшін не істеуге болады, арманымды қалай бағындырамын деп ұйқыға кеткенше ойланумен боламын.

Бұл армандарын шындыққа айналса, демек, бойындағы еріншектікті жеңгенсің-ау шамасы. Аталар қалай? Мама ше? Жастары тоқсанға келсе де, әлі ширақ қимылдайтын болар. Баяғыша бәрі жап-жассыздар деп таңқалатын шығар, иә?! Папа мен апа ше? Қазір Нұрбақыт әлі мектепке барған жоқ. Бірақ, «өже» мектепті бітіріп, бір отбасыны асырайтын үлкен жігіт болған шығар. Қыздарға да сәлем айт.

Қазір сенің ең көп еститін сөзін «Томирис, қашан адам боласың?». Бойындағы еркіелікті естілікпен алмастырдың деп үміттенемін. Дәл қазір менің онымен күресуге қауқарым жетпей жатыр, сол үшін кешір.

Бұрынғыша ұйықтар алдында сериалдар қарайсың ба? Қой деп едім ғой соны. Айтпақшы, қорқынышты фильмдерді әлі күнге дейін жақсы көресің бе? Енді кинотеатрға жалғыз бармайтын боларсың... Жаңбыр ше? Алматыда баяғыша жаңбыр жиі жауа ма? Биыл маусым айы жаңбырға толы болып, бақыттан басым айналып еді. Енді қалай?

Ал, группаластар ше, сыныптастар қайда? Олармен араласасың ба? Адамдардан тез жалығатын әдетіңді доғар деп едім... Оны жеңе алмай келемісің?

Өміріңде неше түрлі жақсы адамдарды жолықтырған шығарсың, иә? Шынымды айтсам, саған қызығамын. Арманы шыңдыққа айналып, бақытты ересектің бірі болғанға не жетсін?!

Кейде кешкісін үйге қайтып келе жатып, өзім секілді жастардың көше кезіп, «студенттік шақ – ең бақытты шақ» деп уақыттарың қыдырыс пен қызыққа толтырып жатырғанын көріп, менікі қаншалықты дұрыс деп ойлаймын. Мен еңбек етуді, үйде отыруды, демалмауды таңдадым. Осым қаншалықты дұрыс? Өзімнің жастық шағымнан алшақтап кетпеймін бе деп те ойлаймын? Бірақ, уақытым жастық шақ деп текке күлкі мен ойнаумен өтіп кетсе, ертеңгі күнімді құрастыру ұзаққа кетіп қалатындай көрінеді. Қалай ойлайсың, менікі дұрыс па? Бұл таңдауым үшін өкініп жүрген жоқсың ба?

Жезде айтып еді ғой, есіңде ма? «Бойында күш, қуат, ақыл бар кезде еңбек ет, тынба, ізденіспен өмір сүр. Өмір сүруге қажетті бар жағдайды жасаған соң, 50 жасқа келген соң рахаттанып демал». Иә, иә, дәл осылай айтты. Рахаттанып демалатын уақытын таяп қалды ғой, иә?!

Томирис, сені қайдам?! Өз басым өмірде ешнәрсеге үлгермей қалатын сияқты боламын да тұрамын. Алдамшы қорқыныш деп өзімді жұбатқаныммен, уақыт өз дегенін жасайтын сияқты. 

Маған бәрі "Қатыгезсің" дейді. Мен мойындаймын. Бірақ, сен мойындама. Сен қатыгез емессің, солай ғой иә? Өткенде "Айнаны"  көріп "Сіз кімсіз?" деген сұраққа жауап іздеп едік қой. Тапқан сияқтымын. Сені қайдам, мен – магнитпін. Тартуым тартамын ғой, адамдарды кері тебетін әдетім барын білесің ғой.

Сосын жылама! Ешқашан жылаушы болма! Қазір мен жаспын, маған бәрі болады. Бірақ, саған болмайды. Енді жыласаң ол сенің балалығын, еркелігің емес, әлсіздігің. 

Алдында түс көрдім. Түсімде қашып келеді екенмін. Неден екенін білмеймін, әйтеуір тұманды даланы кезіп жүгіріп келемін. Енді құтылдым, деп демала бергенде қайта жүгіремін. Бір сәтте құздан құлап кеттім... Түсім екен. Құласаң жақсылық қой деп, жақсылыққа жорып қана қойдым.

Сені өмір адастырмасың, адастырса  бұл хатты оқып бағытыңды жөндерсің. Мен сенің өзің қашатын, өзің жек көретін адамдардың қатарына қосылғанынды қаламаймын. Олай жасасың, менің бар еңбегімнің зая кеткені деп есепте.

Өтінемін, өзгермеші. Әрине, бойындағы еріншектік, еркелік, қырсықтық секілді қайдағы жоқ қасиеттерді жақсы қасиеттермен алмастыр. Бірақ, қатты өзгерме! Мен саған сенемін, Томирис.

Бақытты бол!

Игі тілікпен, 19 жасар Томирис