Үздік көшбасшы бол!

              Байқаудағы  алғашқы жазбамда  өзімнің Стив Джобсты ерекше үлгі тұтатынымды және оның ұстанымдарымен жүруді көздегенімді сізбен бөліскен болатынмын, оқырман. Арада екі ай өтті. Бұл менің байқау барысындағы соңғы жазбам.   
            Жақында  Массагет жазбаларының арасынан:  «Біздің жас қоғамға жаңа идеология, сенім беретін өзіміздің  Джобс, Гейтс, Цукербергтер жетпейді» - деген сөйлемге көп ойландым. Ойлана келе тапсырмамның тақырыбын айқындағандай болдым. Менің байқау ұйымдастырушыларынан алған негізгі тапсырмам қоғамдағы кез келген әлеуметтік мәселені көтеріп, оны айшықтау.

            Көшбасшы деген  – қоғамның ұстазы, нұсқаушысы. Сіз кез келген істің жасалуын білмесеңіз, оған кірісе алмайсыз. Кіріскеннің өзінде сіз сәтсіздікке ұрынасыз. Сіз өмірде сәтсіздікке ұрынбас үшін өз ойларымен, тәжірибиесімен бөлісетін ол – қоғам көшбасшысы. Меніңше, қоғам мүшелерінің ой санасының деңгейін, қоғамның әл-ауқатын сол қоғамдағы  көшбасшылардың  біліктілігімен бағалауға болады. Осыдан-ақ бізге көшбасшының не үшін керек екені түсінікті деп ойлаймын.

            Үздік көшбасшы  – идеолог, оратор, өз ісінің маманы, психолог, философ болуы міндетті. Жоғарыдағы аталған тұлғалардың бойында осы қабілеттердің барлығы кездеседі.  

           Біздің қоғам жаңа қалыптасып келе жатқан жас қоғам.  Жас қоғамда әркез көшбасшылар аз болады.  Қазіргі кездегі біздің ең білікті көшбасшымыз (бұл жерде еліміздің емес, қоғамның) – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол кісінің қоғамымыздың рухани мәдениетін көтеруде үлкен жетістікке жетті деп ойлаймын. Қаншама жыл бодан болып, ендігі азат күн туғанда қоғам санасын шашыратпай өз рухымызды ту етіп ұстап, Қазақ жеріндегі қазақтың рөлін айқындап берген, біздегі сенімді қалыптастырған жан. Алайда бізге әлде де білікті ұстаздар қажет.  Бізге шынымен де Джобс, Гейтс,Цукерберг секілді өзіміздің үлкен жетістіктерді бағындырған және халыққа рухани азық боларлық ойларымен жігер сыйлайтын тәлімгерлер керек. Бізде неге ондай жандар жоқ?  Біздегі ондай жандардың қалыптасуына, үлкен жетістіктерге жетуіне  не кедергі?

          Ол үшін біздің санамыздағы қалыптасқан теріс пікірлерден арылуымыз керек. Қарапайым мысал, неге мектепте егер оқушы төмен баға алса оны ата-анасы немесе мұғалімі  жазалайды. Қандай ақымақтық десеңізші. Ұшу үшін алдымен құлауды үйрену қажет. Біз велосипедтен  құлау арқылы оны айдауды үйренеміз. Ал егер біз велосипедтен әр құлаған сайын бізді сол үшін жазаласа, біздің оны айдап үйренуге деген құлшынысымыз, ниетіміз жоғалады. Біз қателіктерді жасай отырып олардан сабақ аламыз, бірақ неге қателік жасауға қорқамыз.  

           Бізді осындай қателіктерде аулақ болуға шақыратын, тәрбиелейтін Дейл Карнеги, Роберт Кийосаки т.б. оратор жазушылар жетіспейді. Біздегі мұндай жандардың бірі де бірегейі Бауыржан Момышұлы болатын. Оның әрбір сөзі рухани тәрбиеге негізделген, жалынды, жігер сыйлайтын өсиеттер.  Ол өсиеттер біздің рухани дамуымызда ешқашан санамыздан түспеуі тиіс. Бауыржан Момышұлының ой толғамдары жоғарыдағы әлемдік дәрежедегі жазушылардан да жоғары.

           Ең негізгісі мынаны ұққан дұрыс, материалдық мәселені шешуді ең бірінші рухани мәселені шешуден бастаған жөн деп санаймын.

Мен өмірлік үлгі тұтар жан ретінде Стив Джобсты таңдадым. Неге? Білесіз бе? Себебі, біздің қоғамның көшбасшысы болу үшін! Көшбасшы өзгелерге сын тақпайды. Ол барлығын өзінен бастайды.



Бөлісу: