Cіз миллион долларға лайықсыз ба?(Байқау)

Өткен апта мақсаттарға қаншалықты жақындай түстім? Нені біліп, не түйдім? Сұрақтарға нақты жауап таба білдім бе?  Оқырманға қалай ой салуға болады?  Өмірде барлығы сұрақтан басталады. Ендеше осы сұрақтардың жауабымен өмірімнің тағы бір аптасын қорытындыласам.

      Өткен аптада  Дейл Карнегидің «Қалай достар табу қажет және адамдарға әсер ету керек» атты кітабымен жұмыс жасауды бастап кеттім.  Кіріспеде автор бұл кітаппен қалай жұмыс жасау керектігін толық атап өтеді.  Онда:

әр бөлімді келесі бөлімге өтпей жатып екінші қайтара оқу;

оқи отырып, сәл кідіріп, өзіңізден берілген кеңесті қалай қолданатыныңыз жайлы ойлау;

әрбір маңызды ойды түртіп алу;

кез-келеген жағдайда жазылған кеңестерді пайдалана білу;

бұл кеңестерді өмірде қалай пайдаланғаныңыз жайлы қойын дәптерге түсіру және т.б. кітаппен жасалатын жұмыстар жазылған.

«Жұмыс жасалған кітаптың беттері белгіленген, тақырыпшалар,маңызды  ойлар түртілген болып келеді»- делінген. Ал сіз кітаппен жұмыс жасайсыз ба? Сіз оқыған кітаптардың арасында осындай кітаптар бар ма?

Сізбен ,оқырман, алғашқы бөлімнен алған әсеріммен бөліспекпін.Алғашқы бөлім «Қарым-қатынас жасаудың негізгі 3 ережесі».

1)    Сын айтпаңыз, кінә тағудан аулақ болыңыз.

Егер жақыныңыз сіздің нұсқауыңыздағы істі қате жасаса оған сын айтпағаныңыз өте дұрыс шешім. Сын айта отырып сіз оның қателікті түзеуге деген ниетін жоққа шығарасыз. Сіз сын айтып, кінә таққан сайын ол керісінше оны мойындамауға тырысады. Барлық адам солай қалыптасқан. Адамға өз ойынан бас тарту әркез қиын іс. Адамда өзіндік «мен» болады. Егер қауқарсыз жағдай туа қалса ол өзін әрқашан ақтап алуға тырысады және оны ол жасайды. Сіз жақында болған қателікке өзіңізді кінәлі сезініп көрдіңіз бе?

2)    Әділ әрі шынайы баға беріңіз.

    Сіз биік шыңдарды бағындырсаңыз сіздің бұл ісіңізді айтатындар, баға беретіндер санаулы ғана болады. Ал сіз төмен құлдиласаңыз сіздің ісіңіз жайлы,сәтсіздігіңіз жайлы айналаңыздағылардың барлығы айта бастайды. Неге? Ойлап көрдіңіз бе? Себебі адамдардың көбісі өзгелерге айтылуы тиіс мақтауларды айтпай қалады. Ал мін тағып,  сын айтуға келгенде барлығы шебер. Сіз қайсы топқа жатасыз?

Атақты мультимиллионер  Эндрю Карнеги  кәсіпкер Чарльз Швабқа жылына миллион доллар жалақы төлеген. Неге? Оның өзгелерге қарағанда  тауары өтімді болғаны үшін бе? Ол әлде данышпан ба? Жоқ ол жай ғана біз секілді жандардың бірі. Тек ол жұмысшыларға сын айтуды емес, әділ әрі шынайы мақтаулар айтқаны үшін осыған лайық болған.  Ал сіз миллион долларға лайықсыз ба?

3)    Өзгелерді қызықтыра біліңіз.

«Жазда мен Мэн штатына балық аулауға жиі барамын.Мен өз басым құлпынайды жақсы көремін,бірақ, мен балықтардың белгілі бір себептермен жауын құртын ұнататынын білдім. Сол себепті мен балыққа барғанда өзімнің емес, балықтың нені ұнататынын ойлаймын. Балықтың нені ұнататынын білгендіктен, мен құлпынайды жем ретінде пайдалануды ойыма да алмаймын». Ойлана білген жанға  барлығы түсінікті деп ойлаймын. Сізге өзге жанның көмегі қажет болып, оны осы іске көндіру қажет болса, сіз әрине ең бірінші оған өзіңіздің мәселеңізді айта бастайсыз. Мұндай жағдайда оның келісуі екі талай. Сізге пайда түспейтін, өзге жанның жұмысына кірісер ме едіңіз? Жоқ, әрине! Сол себепті өз ісіңізде өзгелерге де тиімді болатындай оларды қызықтыра біліңіз!

Алдағы уақытта да көптеген кеңестермен бөлісу, сізге ой салу менің негізгі мақсатым!

Шешімі қиын сұрақтар 3.  

Сізге ойлануға мүмкіндік беретін шешімі қиын сұрақтардың келесі топтамасы.

1)    Сіз кім болғанды қалар едіңіз: есі ауысқан данышпан, әлде бақытты ақымақ?

Жауабы: Таразы басында бақыт және данышпандық тұр. Бақыт! Нақты жауап.

2)    Неге Сіз – бұл Сізсіз?

Жауабы:Себебі мен  осылай жарлғандықтан бұл-менмін! Ал сіз ше?

3)    Егер сіз өзіңізге-өзіңіз дос бола алсаңыз, осындай досты қалар ма едіңіз?

Жауабы: Өз кемшіліктеріңізді,жалпы өзіңізді өзге қырыңыздан байқап көретін сәт.Мен өз досыммен ортақ әңгімеміз болғанын қалар едім,бірақ ортақ ойымыз болғанын өз басым қаламас едім. Мені өзгелердің қалай ойлайтыны қызықтырады. Олардың (тақырып бойынша)ойларын тыңдау маған әлемге өзгеше қарауға мүмкіндік береді.

4)    Қайсысы жаман: сіздің жан досыңыз алысқа, өзге елге көшіп кеткені ме, әлде сіздің жаныңызда өмір сүріп, бірақ сізбен араласпай қойғаны ма?

Жауабы:Елестетіңіз жан досыңыз сіздің жақын маңда өмір сүреді, сіз оны күнде көресіз,жолықтырасыз, бірақ ол сізбен тілдеспейді. Сіз ең бірінші қандай сезімде боласыз? Жалғыз,жабырқау көңілде болар едіңіз. Маған осы ең жаманы.

5)    Сіз бұл өмірде барлығынан бұрын неге ризасыз?

Жауабы:Өзіме.

6)    Сіз қайсысын таңдайсыз: жадыңызды жоғалтып алуды ма, әлде ешқашан жаңасының болмауын ба?

Жауабы:Жадыңыз жоғалса өткен шақтардағы естеліктердің барлығы: сәби кезіңіз, әке-шешеңіз туралы ойлар жоғалады. Ал жаңасы болмаса өткен шақты еске алып қана өмір сүресіз! Жаңа өмір деген жоқ! Жасыңыз өміріңіздің бел ортасына келгенде осы сұраққа жауап табу әлде қайда қиын болар,сірә. Жас болсаң жаңа жадыңның болғанын қалайсың, бірақ әке-шешеңді, өміріңнің алғашқы бастамасын қимайсың. Бұл сұраққа көп ойландым. Әлі де ойланудамын!

7)    Шындыққа күреспей-ақ қол жеткізуге бола ма?

Жауабы: Менің қағидамда болады! Егер ол - шындық  болса!

8)    Сіздің ең үлкен қорқынышыңыз шындыққа айналған кезі болды ма?

Жауабы: Қорқыныш шындыққа айналған кезде ендігі оны жеңу кеш. Қорқынышыңызды санаңызда  позитивке айналдыра алсаңыз ғана жеңесіз.

9)    Осыдан 5 жыл бұрын өмірдің қандай болғаны есіңізде ме? Қазір ол сіз үшін мағынаға ие ме?

Жауабы: Өткенін білмеген жанның, ертеңі бұлыңғыр.

10)   Сіздің балалық шағыңыздың ең бақытты естелігі қандай? Ол несімен бақытты?
Оқырман! Әдеттегідей оныншы сұрақтың жауабын сізден күтемін. Тек оныншы емес қалаған сұрағыңызға жауапты пікірге жазыңыз. Әркімнің өз ойы бар. Бұл сұрақтарға сіздің өзіндік жауаптарыңыз  бар екеніне сенемін. Сәттілік!



Бөлісу: