1+1 (Байқау)
блог
Тақырыпты неге " 1+1 " деп алып отыр деген сұрақтар туындап отырған шығар? Ал, ендеше, кеттік!
Сəлеметсіздер ме? Жаныма жақын, көңілге серік бола білетін байқауға қатысушы серіктерім, массагет білімділер порталы.
Өткен апта да мақсат жолындағы жоспарларымның бірте-бірте бой көтере бастағанын айтып, алдағы жазбаларымда сіздермен бөлісетінімді жарияланған болатынмын.
Иə, арада екі апта уақыт өтті, сол екі апта да қызығы мен шыжығы мол күндерді басымнан кешірдім. Біріншіден, ақша жинадым, жинау үстіндемін. Ауылдық жерде жүріп ақша табу өте қиын. Алайда, бұл қиындықты да еңсеріп, өзіме керек дүниелерім мен анама бір жақты салмақ салмасым үшін еңбек етуге кірістім. Ал, ауылдық жерде қандай еңбек? Қызық естілетін шығар... Егістік, сонау басы-аяғы шұбатылған арамшөбі аралас қызылшаны тазалау. Бұл жерде Нұрлыхан сияқты қой күзетте тұрып, əн салудың өзі аспандағы жұлдыз. Тек еңкейген күйде тапсырылған жұмысыңды аяқтау. Бір сəт елестетіңізші күннің қапырығында бетің күнге күйіп, қарайып, маңдайдан ыстық тер шығып, сөйте тұрса да өз еңбегіңмен адал ақша тапқанға не жетсін? Жақсы дос тауып, адамдарға көмектесіп, сауап аласың... Үзіліс уақытында түймедақ тересің)
Екіншіден, күні бойы еңбектен біраз спортпен де айналыстым десем де болады... Шынымды айтсам, осы қызығы көп жұмыстан салмақ тастадым. Жоспарлағаным бойынша болмаса да, біраз өзгерістерді көрдім...
Бұлай еңбектенуімнің бəрі тек сатып алар кітаптарым үшін! Осы жан баласына керек заттар неге қымбат тұрады екен? Дəрі, кітап т.с.с. Келесі жылғы ҰБТ - ға дайындық үшін көбірек кітаптар сатып алып, жұмыс жүргізуім керек!
Жұмысқа шығып, артық салмақ тастап, қаражат тапқанымды мақтанбаймын. Тек бұл да адамға кішкене ғана "жетуге болады екен" деген үміттің отын береді. Шағын жетістік болғандықтан қуанып, қуанышымды сіздермен бөліскім келді. Керемет күндер... Жалғаса берсе екен!