... Нұры тасысын
блог
Нұрəлі ағай ылғи ой үстінде жүреді. Біреудің жайын ойлап қайғырады. Мұндай адам болсашы. "Өзгенің қамы маған не керек" деп, кете баратын адамға үлгі осы кісі. Өз өмірін жақсылыққа құралған деп біледі. Қайда барса да, алдынан "жақсы іс жаса" деген жайттар туындайды да отырады. Өзі де жайсаң кісі. Өзгенің халі көбірек алаңдатады. Көбіне оймен, іспен əрекеттенеді. Жасаған жақсылығының қайтарымын күтпейді. Өзі жақсылық жасауға ұмтылады. Жан-жағындағы көрісіп-білісіп жүрген адамдары ылғи құрметтейді. Үлкенді-кішілі жасаған игі істері көп-ақ. Азын-аулағын, өзім көргендерімді баяндайын — деді бейтаныс кісі.
2014 жылдың жайма шуақ күні. Біз жақта "канал" дейтін аялдама бар-тын. Тұрған атауы да өзіне лайық. Сол жерден канал суы ағатындықтан, солай дейді де. Аялдама жанында көлік тоқтатып тұрғанбыз. Бір кезде:
— Ойбай, əкетті! — деді шошынған дауыспен. Дауыс канал жақтан шықты. Нұрағаң елеулі кедергіге ұшырағандай күйде... Не ілгері, не кейін кете алмай тұр. Жан дауысы шығып жатқан жаққа жүгіре жөнелді. Артынан ілесіп мен де бардым. Көз алдына əлсін-əлсін адамдар, бəрі-бəрі елестеген күйінде, канал суымен кішкене қыз ағып барады. Қарсы жүзетін қанат та, дəрмен де жоқ. Ішкі дүниесінде үрей бар. Көз алдында алыстап бара жатқан адамдардан айрылғысы келмейтіндей жан ұшыра айқайға басып барады. Одан басқа амал жоқтың қасы. Каналдың бетін бойлай жүгіріп, құтқара алмай шарасыз күйде тағы бір қыз жүгіріп келеді. Шамасы, сіңлісі болу керек. Бəрі шұрқырасып кеткендей... Адамның айқайы əрі каналдың гүрілі ызалы күймен алға қарай ылдилап барады. Нұрағаңның үміті балықтың жүзбе қанатындай және желбезегіндей ғана үмітке қадалып қалыпты. Су тайыз, қыз ағынмен кете берсе, батып тереңіне жоқ боп кетуі де ықтимал еді. Бұл ағынға қарамастан, каналға оң жақ бетпен ойысып, сіңіп кетті. Қауіптен тиіп өтіп, сүйемдей ғана уақытқа қадалған арпалыс, минут пен секундтың арасындағы өлім мен өмір арасындағы ажал жібін дереу үзіп жіберіп, қызды құтқарып алды. Қас қағым сəт болды. Кішкене қыздармен оншалықты танысып-біліспеді. Тек хал ұғысты. Əкелері келгесін қыздарына ұрсып-ұрсып алып кетті. Нұрағаң қуанып қалды. Əлгі қыздың аман болғанына дəн риза.
Күндегі күйбең тіршілікпен алысып, ымырт түсе бастаған уақытта қаладан келе жатқан ұлын күтіп алғалы шыққанбыз. Көлікті жол шетіне қойып, өзіміз аялдама жақта тұрдық. Бірер сәттен соң келеңсіз жай орын алды. Жол тәртібі бұзылғанының куəгері болдық. Ішімдікке сылқия тойып алып, ракета жылдамдығындай, оқ сияқты ұшып, зуылдап бір көлік келеді. Біз көлікті орналастырған жерге келе, бар жылдамдығымен жүйткіген көлік қарсы келе жатқан екі көлікті соғып апар-топарын шығарды. Бізге де зоршылық зияны тиді. Есімізден танғандай күйдеміз. Есті жиған қалыпта дереу жарақаттанғандарға іле ұмтылды Нұрағаң. Есерсоқ жүргізушінің оқыс əрекеті бəріне жапа шеккізіп отыр. Мас күйінде болса да өліммен арпалысып жатыр. Көлігінің арты тұтанып та кетті. Демде өртену шегіне жетті. Алексей əлі ырық берер емес. Жанталасуда. Үш-төрт адам тайталаса шығара алмады мұны. Өрт лаулаған соң жаңағы көз көрген адамдарың жоқ. Қашып кетіпті... Өзге жəрдемнен бойын суытып алды да, Нұрағаң көлікке қарай жөнелді. Бір-екі адам көмекке ұмтылып еді, түк шықпады. Өз жандарын сақтап əлек. Тек Нұрағаң ғана лаулаған көлік қасынан кетер емес. Қолында өрт сөндіргіші бар. Маңдайынан сорғалаған ыстық тер екі миығынан ағып, бетін жуып барады. Терін жеңімен сүртіп қойып, өзге адамның өмірімен жанталасуда. Қайтсем де бұл адамға өмір сыйлауым керек дейтіндей. Алыс-жұлыспен өртті бір өзі сендіріп əлек. Өрттің түбі басылғасын Нұрағаң мас жүргізуші Алексейді шығарамын деп тағы терге түсті. Жаңағы жөнеп бергендер қатар келіп Алексейді шығарып алдық. Қайран ғана Алексей! Ішімдік ішіп нең бар еді? Көрдің əне, ішімдіктің пайдасын. 500 теңгелік ішімдікті қаншама көліктің ақшасына, оны қойшы, адам өміріне əрі өз жаныңа айыр бастағаның ба?– деп қойдым іштей. Көп ұзамай бұл іспен де қоштасып үйді-үйге, аурухана, бөлімшеге тарасты.
Осылай кейде ермек үшін өткен-кеткен əңгімелерді еске аласың. Кейде бүгініңді, кешегің мен ертеңіңді ойлап кетесің. Дəл бір жылдан соң Нұрағаңмен қайта қауыштық.
Күн құм қайнаған ыстық. Судан басқа дүние тамағыңнан өтпейтіндей шыжып тұр. Демалып қайтайық деп өзенге бардық. Сонда да көз ұшыра Нұрекең тағы бір сауапты істен қағылмады. Өзен ортасында суды бойлай алмай бір келіншек жүзіп жүрген-ді. Қолында қызы бар. Өзі жүзе алар емес. Батар-батпас халде. Нұрағаң лезде барып құтқарып келді. Болды... Бүгінгі көзбен көрген ең жақсы іс деп білдім.
Кешқұрым Нұрағаң үйден аяғын ақырын басып шықты да, самал желге бетін тосып тұра берді. Кешкі салқында ауыл ішінен аяңдап өтіп келеміз. Төбе тұста сағым желмен жай ғана тербеліп тұрған ұзын ағаштар көрінеді... Əр ағаштың бұтағында шаншылып отырған бір-бір құстардың бұтаққа қонып, жайлы бұтақ іздеп жүргендігі байқалады. Акварельді араластыра өзі салғандай қап-қара түнектен жылт-жылт етіп жымыңдаған сəулелі жұлдыздар көрінеді. Нұрағаң осыларға үнсіз қараған қалыпта. Қараңғы түнде шылымын тұтатқан күйі елегзіп тұр. Түннің ымыртында темекі түтінімен қатар, көршінің көк үйінің төбесінде будақтаған түтін көрінеді. Қара түннің сәулесімен қосылған қаралы-сарылы матаны кесіп жібергендей. Аспан түшкіріп тұрғандай бүлк-бүлк етіп, қызылды-сарылы түстер үй төбесін алыңқырайын деді. Нұрағаң жүгіре жөнеліп, көк үйдегі көршілерінің қақпасын қағып-қағып кеп, айқайға басты. Үйдегілер "жайшылық па?" дегендей күйде атып шықты да дер кезінде енді етек жая бастаған оттың тамырына балта шапты. Көршілер де Нұрағаңа рақмет айтып əлек...
Сөйтіп үйге қарай беттей бердік.
— Нұраға-ау! Осы сіздің жаныңызда жүрсем тосын жақсылықтың көрермені, куəгері боламын да тұрамын. Мəнісі қалай?— дедім іркіліп.
— Мұндай да жөнсіз сұрақ болады екен-ау! — деп Нұрекең алға аяңдай басып жүріп кетті. Ол өзі үшін емес, өзгелер үшін көп үміт күтетіндей кең даланың тар көшесінде əлдеқандай бір терең оймен кетіп барады. Ойын аңғарсаңыз, "тұңғиық" екенін білесіз... Бірақ қандай ой екенін ажырата алмайсыз. Нұрəлі мырзеке көп сөзден гөрі көп істі қажет ететін жан ғой. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демей ме? Рас-ау, жақсылыққа жаны құмар жайсаң кісілер Нұрағамдай болсын!— деп сөзін аяқтады бейтаныс кісі.