Массагет. Байқау. Тәжірибе. Артта қалған екі айым қайнаған қара қазанның, шәкіртін ізгілікке баулыған үлкен мектептің қойнында өтті. Ойламаған жерден "БАСТАУлық" болып , қорқа қадам басқан бұл байқау уақыт өте келе мен үшін үлкен маңызға ие боларын сол кезде білмесем керек-ті.
Мақсатына ұмтылған массагеттік достармен бірге мәреге де келіп жеттік. Блог жазу барысында барлығымызда есте қаларлық жайттар орын алған шығар?
Байқаудағы әр мақалам өзіме оттай ыстық. Мысалы, "Шыңғыс хан кешкен көл"-імді пойызда, телефонмен жазып, ғаламтор үшін әр бекетке тоқтаған 5 минутты пайдаланған едім. "34-автобус" ой саларлық, ойға аларлық оқиға болды. Арнайы тапсырманы түсіру үшін 2 күн уақыт кетті :)) "Мәшһүр" атты блогым әлемдік димашфан парақшасында жарияланды. Осындай сәттерді сезіне білгенім үшін массагет, саған алғыс!
"Айна" бағдарламасында Қабдеш ата "Бақыт- мақсаттың орындалғаны" деген еді. Мен бақытыма, мақсатыма жеттім. Жоспарлар мұнымен толастамақ емес, десе де массагетпен жеткен мақсаттарыма тоқталайын.
1. Көлік тізгіндеп үйрену. Алғашқы бастамам- жол ережелерімен жасалған жұмыс болды. Әкемдей керемет жүргізуші емеспін, сондықтан орындалуы 50/100 .
2. Қолөнер бұйымдарын жасау. Жұмысым өзімнің де,, сіздердің де көңілдеріңізден шыққандықтан, әрі оларды пайдаға жаратқандықтан 100/100 дегім келеді.
3. ҰБТға дайындық. Үрей ғой, ҰБТ десе)). Қазақ әдебиетінен "дарындық" оқу құралын жаттап, өткен- кеткен тақырыптармен жұмыс жасадым. 80/100. Математикалық сауаттылыққа 65%.
Массагеттің пайдасын, үйреткенін тізбектей айтып, тауыса қоймаспын. Десе де, әр оқушысын жақынындай көрген жетекшілеріміздің орны бір төбе! Топқа бөлінуге емес, ортаға бірігуге баулыған аға- апайларымызға айтар алғыс ерекше. Массагеттің ұжымы- ұйыған отбасы. Әр жақсының басын біріктірген қазақтілді үздік сайттың алда жетер жетістігі, бағасын берер оқырманы көп боларына сенемін!
"8 ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе" деп Ерназар айтпақшы, жетекші дегенде Жандарбек ағайымды, топ дегенде "БАСТАУымды" қалай айтпай кетейін?! Еркелігімізді көтеріп, әр ақылын байыппен бекіте сөйлеп, "сіз" деп сыйлай білген Жандар ағай, орныңыз бөлек! Бұл қадамдар "Бастауымыздың" бастамасы болғай! "Бесеудің хаты" осы!