Құйрықсыз күшігімнің тәрбиесі
блог
Армысыздар, массагеттің тұрақты оқырмандары! Кезекті жазбамды балалық шағымның бір бөлшегі, естен кетпес ең қымбат естелігім – ең алғашқы ойыншығым жайында жазуға арнамақпын.
Мен оны иеленуімнің өзі бір қызық жайт екен. 2003 жылдың 17 наурызы. Туғаныма тура бір жыл толған күн. Анам екеуіміз дүкенге кіре бергенде, жоғары сөрелердің бірінде тұрған сарғыш ойыншық күшікті көрген мен оған сұқ саусағымды шошайтып, "әуп-әуп" дей беріппін. Оны анам бірден дүкеннен сатып алып, маған бере қояды.
Балалық шағымда оған не істемедім мен?! Тіпті, оған көрсеткен қорлығымды білсеңіздер, "әй, Ақниет-ай" деп күлетін боларсыздар!
Оны алған алғашқы күндерімнен бастап одан "тәртіпті ойыншық" шығармақ болып, тәрбиелеуге кірісіппін. Бірде "мынау тіптен тәрбиесіз болып барады" деп, оның тілін қырқып алыппын.
Тағы да бір күні оның тәрбиесімен айналысамын деп жүріп, оған: "сен ақпақұлақ болыпсың ғой",– деп, оның бір құлағынан ұстап алып, оны олай да, бұлай да айналдырып, лақтыра беріппін. Нәтижесінде, бір құлағын жұлып алыппын.
Менің көңілім түспеуін ойлаған асыл әпкем оны әп-сәтте орнына тігіп бере қояды.
Ендігі қызықты білсеңіздер... Мен оны есік алдындағы итімізбен бірге тамақ ішкізбек болып, тұмсығын иттің табағына тыға беріппін.
Иттің былғанған тұмсығын да үйдегілер тазалап береді. Арада біраз уақыт өтеді. Әпкем мені ертіп, құрбысына баратын. Ол кезде де күшігімді жанымнан тастамаймын ғой, шіркін! Сондағы күшікті жәй құшақтап жүрсем де болар еді ғой. Ал мен жүгірмек оның құйрығынан ұстап, алдыма бір сермеп, арқама бір тигізіп, кезек сілкіп жүргенде, құйрығы үзіледі де қалады. Ал кейін құйрығының қайда қалғанын білмей күшігім құйрықсыз қалды.
Міне, араға 13 жыл салып, мен де 14-ке келдім. Біз осы уақытқа дейін талай қызықты бастан өткердік және бүгін де біргеміз. Әлі күнге дейін оны құшақтап ұйықтаймын. Ешқашан ешкімге де бермеймін. Себебі, ол менің ең алғашқы досым және қимас естелігім.
Ал сіздің алғашқы ойыншығыңыз қандай?