Ұлылардың құт-мекені, әулиелі жер, қарға тамырлы қазақтың қаншама марғасқа ұлын жүрегінің астында көтерген, сол ұлдарды ұлттың болашағы жолында жанкештілікпен ғасыр жүгін арқалар қара нарларға айналдырған, өзінің жасампаз табиғатымен қазақ аспанына үнсіз ойлана көз салып тұрған Баянауыл өлкесінен небір дарынды тұлғалар туып-өскен. Атап айтсақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Имантайұлы Сәтпаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Зейтін Ақышев, Жұмат Шанин, Олжас Сүлейменов, т.б. Олар халықтың жүрегіне жол таба білген, қасиетті қазақ елінің мақтаныштары. Ел бағына орай туған олар не көрсе де, халықпен бірге көрді. Осы бір орайда ақын, жазушы, педагог Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шерге буланған шындықтың шырынындай әрі нәрлі, әрі зарлы жырлары ойға оралады. Дүниеге келер әр өлеңнің нәзік табиғатын ақын тамыршыдай дәл басып, жазбай тануы тиіс. Сөз өнерінің осы бір сиқырлы сәулесін атақты әнші, композитор, ақын-Жаяу Мұса Байжанұлы да жыр жүрегіне дәл түсіре білді.
Өмірдің шындығын туп-тура қаны сорғалаған күйінде жазуға көп қаламгерлердің батылы бармайды, батылы барғандар қоғамның көңілінен шықпайтындықтарын біледі де биліктің алдында жаман атты болғылары келмейді. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған осы жайдың шырқын бұзып, шеңберден шыққан, өзі өмір сүрген дәуірінің ақиқатын әр түрлі әдістермен айта білген бұл өңірдің тумалары жетерлік. Солардың бірі ақын, аудармашы, публицист-Жүсіпбек Аймауытов. Жазушының қоғамдық ахуал мен кезең көріністерін, өмір-уақыт шындықтарын, шабытты шақ пен талант қолтаңбасын айқындайтын шығармалары-" Ақбілек", "Қартқожа" романдары. Бұл романдар қаламгердің ұлт руханиятын, көркемдік танымды биік белеске көтерген даңқты туындылары, айшықты қолтаңба жемісі.
Ата-бабаларымыздың осы сынды асыл мұралары, көрегендікпен айтып кеткен ұлағатты ой-пікірлері, өсиет-өнегелері халық даналығының қайнар көзі. Сондай даналықтың бастауы ретінде , қазақтың пайғамбары, заманнан озып туған дара тұлға, әулие, философ, фольклорист-Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өткір ұшталған ұшқыр қаламы ұлттың сөз өнерінің әр алуан жанрында ерен еңбек етіп, ар айнасы, әсемдік әлемі-әдебиетке мол рухани мұралар қосты. Бұдан басқа да, халқымыздың рухани мұралары санын биік деңгейге көтерушілер қатарында қазақ геологі, қоғам қайраткері, Қазақ Ғылым академиясын ұйымдастырушы және тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, сондай-ақ тарихшы, этнограф, археолог, әдебиетші-Әлкей Марғұлан да бар.
Баянауыл баурайында туып, ұлар тілін ұғып, жырын тыңдап өскен осындай қаламгерлердің қай тақырыпқа қалам тартса да өжет міңез, қайтпас қайсарлығын таныта білетін шығармаларынан біздер нәр аламыз. Көпірме көбік сөзге бой алдырмай, мағыналы ой айтуға тырысып, тебіренген туындылары әр дәуір сайын шашқа түскен өткір ұстарадай жеңіл сырғып тек ілгері ғана жылжи бермек. Олар елдік пен ерлікті жырласа да, жақсылық пен жамандықты жырласа да, қысқасы көзі мен көңілдеріне сыйған қай құбылысты жырласа да өртеніп, лапылдаған отқа оранып отырып қалам тербетті. Қайсыбір шығармалары болсын қолға ұстаған алау секілді бойынды шарпып, қызыл жалынға бөлеп, жаныңды жадыратып, нұрландырып тұрады.
Сонымен, жерлес бабаларымның шығармаларының қаймағы ешқашан бұзылмақ емес. "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді " дейді халық даналығы. Сол себепті, олардың өнегелі өмір жолы, ғибратты ғұмыры бүгінде ел жадында сақтаулы және сақтала бермек. Олай болса, осындай ел бағына туған Баянның ұл-қыздары көбейе берсін!