Баян Есентаева. 10 түрлі 10 сауал

Баян Есентаева. 10 түрлі 10 сауал
жеке
блог

      Баян Мақсатқызы деген есім пиарға жақсы болды ғой. Алйда, мақсатым жарнама, пиар емес. Мақсат дейтіндей менде ондай жоқ. Өткенде «Наша правда» бағдарламасының бұрынғы нұсқасын қайта көрдім. Сонда қонақта болған Баян Мақсатқызының сөздері осы жазбама әсер етті. Жартылай ашық түсіп рейтингті ютуб желісінде Луина сияқты жинағанша миллион көрерменсіз қала бергенді құп көретін Баян ханымға риза болдым. Осы орайда қазақтың менталитетін сақтап, өз елінің орыстілді болса да патриоты екенін айтқанда тіпті риза болдым. Назарларыңызға Баян ханымның сұхбаттарынан үзінділер ұсынып отырмын.

баян

1. «- Баян, ең алдымен Сізді мезі еткен сұрақтан бастайын: Сізді, расында да, қазымыр мінезді "темір ханым" деп атауға бола ма?

- Әлі күнге дейін солай санай ма? (күледі). Бұл – толықтай ойдан шығарылған образ және мұны шығарған мен емес. Мен бұл образға сай болайын демеймін де.  Себебі мен ұдайы талмай еңбек ететін, тек алға жылжитын әйелмін. Кейде сәті  түседі, кейде ойлаған нәрсе болмай жатады, алайда көбінесе мен жасаған дүние маған және менің тобыма жетістік әкеледі.

Мен өзімді мінезсізбін демеймін, ол мінезбен мен туылдым, қазір де бар бойымда. Егер жиырма бірінші ғасырда ол мінезім қазымырлыққа саятын болса, онда көпшіліктің айтқаны рас та шығар. Егер, шынымды айтсам, мен қазымырлық деген сөздің мағынасын түсінбеймін. Мен үшін бұл – мінездің бір көрінісі ғана. Демек, мені және менің алға қойған мақсаттарымды алға жетелейтін – мінез ғана. Ұдайы қозғалыс – мен үшін жұрт айтып жүрген қазымырлық мінез сол шығар.»

бааян

2. « - Сіздің қазір екі қызыңыз өсіп келе жатыр. Жолдасыңыз екеуіңіз ер бала туралы армандайтын шығарсыздар? Жалпы, үшінші баланы дүниеге әкелу жоспарларыңызда бар ма?

- Иә, ұлды болғым келеді. Қызға да кет әрі емеспін. Маған ұл болсын, қыз болсын – бәрібір. Мен үшінші баланы өмірге әкелуге өзімді психологиялық тұрғыдан дайындалып жүрмін. Себебі мен үшін бұл – өте қиын кезең. Ол шақты сондай бір бақытты, ғажап санайтын әйелдерге қарағанда, мен үшін жүктілік кезеңі – аса ауыр кезең. Жағдайым нашарлап, күйім кетеді, ешнәрсені жаратпай, ашуланшақ болып кетем.»

есентаева

3. «- Жарыңыздың Сіздің мансапқа жету жолыңыздағы орны туралы, ол кісінің Сізге кәсіпті бастауға қаржылай тұрғыдан көмек бергені жайында көп естиміз. Бұл рас па?

- Мен әрдайым жұмыс істеп келем. Алдымен редактор болып жұмыс істедім, микрофонды қолыма алып, әрлі-берлі жүгіріп жүрдім. Кейін ұзақ уақыт бойы, алты-жеті жылдай жаңалықтар редакторы болдым. Одан кейін менің алғашқы авторлық бағдарламам пайда болды. Барлығына біртіндеп қол жеткіздім.

Ал жарыма қатысты айтырым, біріншіден, ол маған кедергі келтірген емес. Шығармашылықпен айналысатын әйел үшін күйеуінің ең үлкен көмегі осы болмақ. Екіншіден, ол әрдайым маған сенім артатын. Кейде ойлағаным болмай, үйге тауым шағылып келгенде, ол менің көз жасымды көрген, мені жұбатқан жалғыз адам болатын. Ол маған әрдайым "бәрі жақсы болады, бәрі оңынан туады" деп айтады.»

баян

4.  «- Көптеген әйелдердің: "Осы Баян Есентаеваның сыртқы түр-тұлғасы мен сымбатын әрдайым жақсы күйде ұстай білуінің сыры неде?" деген сұраққа сауал іздейтіндеріне сенімім мол. Қандай да бір пластикалық отаның көмегіне жүгініп көрдіңіз бе?

- Жоқ, пластикалық ота жасатты деген әңгіме – шындыққа мүлдем жанаспайды. Мен өзімді соншалықты кәрі санамаймын. Жасым – бар болғаны отыз сегізде. Сондықтан қазіргі сән индустриясының дамығандығы соншалық, маған осы жасымда да пластиканың көмегінсіз, әдемі көрінуге мүмкіндік бар. Мен ешқашан терімді тартқызып, ботокс жасатып көрген емеспін. Бар айтарым, мен өзіме өте жақсы күтім жасаймын.»

баян

5. - «Нұр Отан» ХДП-на мүше болдыңыз. Саясатта да бағыңызды сынап көргіңіз келетінін айтып едіңіз. Шоу-бизнестен саясатқа ауысатын болсаңыз, қай салада, қандай мәселелерді қолға алар едіңіз? Шоу-бизнеспен қатар, сая­си сахна cізді несімен қызықтырды?

- Қазақстанда тұрып жат­қан­дықтан, біздің елде болып жатқан жағдайларға алаңдаймын. «Нұр Отанның» қатарына өткен себебім, партияның шын мәнінде қай салада болсын жұмыс жасап жатқанын көрдім. Мен қазір жас емеспін. Сондықтан қоғамдағы өзгерістерге, орын алып жатқан оқиғаларға, жалпы елдің жайына бейжай қарай алмаймын. Қандай жұмыс жасасам да, қазаққа пайдасы болса деймін.»

баян

6. « - Ел сізді «Махаббат бекеті» киносы арқылы таныды. Осы фи­ль­мнен кейін араға 15 жыл салып «Астана - менің махаб­батым» фильміне түстіңіз. Алдағы уақытта киноға түсуге ұсыныс жасаса, түсер ме едіңіз?

- Нақты айта алмаймын. Уақытында көрермін. Мен кәсіби актриса емеспін. Бір жағынан менде «қайтсем де киноға түсуім керек» деген ой жоқ. Егер ұсыныс жасаса, бас тартпаймын. Әзірге ондай ұсыныс жоқ. Жалпы, киноға түсуге мені үнемі шақыра­ды.

Біздегі ең үлкен проблема киноға түскенің үшін қаламақыны аз төлейді. Мен азғантай қаламақыға келіспеймін. Әркімнің өз деңгейі бар, соған қаламақысы сай болу керек. Еңбегіне қарай лайықты бағаласын. Егер шетелден актер шақыратын болса, олар­дың айтқан қаржысын төлейді, бар жағдайын жасап, оның алдында құрдай жорғалайды. Неге біздегі актерлерге аз төлейді?.. Кино түсіру алаңында жүретін бір күніне 300 доллар төлеу деген ак­терді сыйламағандық деп ойлаймын. Көптеген рөлдерден осы үшін бас тартқанмын.

Қатаң ұстанатын принципім - киноның сценарийі қызықты болу керек. Көрермен кино бітпей жатып, соңы не болатынын біліп отыратын фильм түсіріп қажет емес. Сол себептен мен үшін киноға түссем де, түспесем де айтарлықтай айырмашылық жоқ.»

баян

7.  «- Кинодағы Мөлдірдің тағдыры «Кеш you» тобынан кетуiмен сәйкес келуі кездейсоқтық па?

-  Мөлдір Әуелбекованы әнші, актриса ретінде таныттым. Продюсері болып тұрғанда оның не істейтінін мен шешемін. Мөл­дір не істеу керектігін өзі шатастырып алды. Бұл кеңседе қандай талап, тәртіп барын ол жақсы біледі. Ол тәртіпке бағынғысы келмеді. Менде әңгіме қысқа, тәр­тіпке бағынбай ма, жұмыстан босатамын. Мөлдірді алты жыл бұрын қолыма алып, оны әнші ретінде қалыптастырдым, жұлдыз еттім. Енді ол не істесе де оның жеке мәселесі. Мендегі қыздар еш­қашан сахнаға шығу үшін басын ауыртпайды. Олардың не істеу керектігі реттеліп, жазылып қойылған. Өнер үшін еңбектенсе болды.»

баян

8. «- Өзіңізбен жұмыс істейтін әнші қыздарға ең бірінші қандай талап қоясыз?

- Бүкіл үдерісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір жобамен бір ай, бір жыл ғана емес, жылдар бойы жұмыс жасаймын ғой. Үнемі іздену, жаттығу, тынымсыз еңбек. Өнер виолончель сияқты. Виолончельді күнде тартпасаң, ұмыта бастайсың. Өнер де сол сияқты үнемі ізденісті талап етеді. Ән жазу, киім тіктіру, стилистпен жұмыс, фотосессия жасату, арасында уақыт тауып, сұхбат беру - барлығы біртұтас үдеріс.

Шоу-бизнеске әркім әртүрлі жолмен келедi. Біреулердің талан­ты бар да ақшасы жоқ. Бұған дейін сахнаға кім шықпады, оның қайсысы қалады, қазірдің өзінде ешкімге танылмай жатып жоқ болып кетіп жатқандары бар. Уақыт өте, өнер деп келгендер ғана қалады. Бірақ олар көп емес. Талантты әншімен жұмыс істеу - продюсерге де оңай. Айтқызбай ұғады. Талантымен өзіңді таңғалдыруы әбден мүмкін.

Ең қиыны - «әдемі қуыршақпен» жұмыс жасау. Сахна, ән, артист болу, қалай ән салу, би билеу керектігін елестете алмай келеді. Айта берсем көп. Бір жылдан кейін ол ертегінің сұлу кейіпкері болып шыға келеді. «Жұлдыздық ауруымен» ауыра ма, күрт өзгереді. Қысқасы, бақты көтере алмағандар түбі өнерде қалмайды.

Өнерде жүргеннен - жер аударып, картоп қазған оңай. Аударасың, қазасың, қатты шаршайсың. Ешнәрсе уайымдамай ұйықтайсың. Меніңше, өнерде жарқылдап жүру керек немесе картоп қазу керек. Өнер - тек қана тынымсыз еңбектің жемісі.»

баян

9. «- Хит болатын әндерді қалай таңдайсыз?

- «Кеш you» тобы орындаған халық әні «Әдемі қыз» бен «Сүгірдің термесі» хит болды. Хит әндерді таңдауыма кәсіби музыкант, туған сіңлім Бағым Мұхитденова көмектеседі. Ән таңдауда бірге жұмыс жасаймыз. Ол маған бірнеше нұсқасын көрсетеді. Соның ішінен хит болады-ау дегенін таңдап аламын. Шоу бизнесте маған қарағанда 20 жылдық тәжірибесі бар.»

баян

10. «- «Қазақ аруы» байқауын ұйымдастырдыңыз. Тек қазақ тілін, салт-дәстүрін білетін арулардың ішінен санаулысын ғана іріктеп алдыңыз. Бұл байқаудың өзге де сұлулық байқауларынан айырмашылығы неде?

- Неге бүгінгі замандағы қазақтың білімді, әдемі, әдет-ғұрпын, ана тілін жетік білетін өнерлі қазақ қызын көрсететін байқау өткізбеске деп шештім. Осыған дейін өтіп жүрген сұлулық байқауларын қайталағым келмеді. Тек қыздардың сұлулығын ғана емес, тұтастай қазақтың өнерін көрсеткім келді. Басқа да байқаулардан қай жағынан алғанда да жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Сұлулық байқаулары, көбінесе, арулар мына қаладан, мынадай брендтің киімі, мына фирманың косметикасы деп қана өте шығады. Біздің ұйымдастырғанымыз нағыз шоу. Қыздар ән айтады, монолог оқиды, күй тартады - бәрі-бәрі тұтастай шоуға құрылған. Қазіргі қазақ қызы білімді, өнерлі, жан-жақты болуы керек. Нағыз қазақ қызы білімімен де, көркімен де, талантымен де таңғалдыра алатынын көрсеткім келді.»

Қолданылған мәліметтер ресми интернет сайттарынан алынған.