Бай, бай қазақтың Құлагері...
блог
Бай, бай қазақтың Құлагері…
Ғылыми жетекшісі: Козыбакова Фатима Акынбаевна, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафпдрасының профессоры.
Орындаған: Тлектес Аяжан, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің 1-курс студенті.
Қазақтың маңдайына біткен құлагер ақыны-Ілияс Жансүгіров. Қанды қол үкіметтің тұсауына шырмалған құлагер өмір бәйгесінен ұтылып, аса қатыгез қастандықпен көз жұмды. Тағдыр жолы қапыда аяқталғанымен, қыран-жүйрік шабысы, мінсіз бітім болмысы мәңгі көкірегімізде байлаулы.
Қазақ өлкесіндегі аласапыран өлім қасіреті шарпыған кезең 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитптінің тізгіні Ф. И. Голощекиннің келуімен қатар қазақ ұлтының түп тамырын жою мақсатында ұйымдасқан "Кіші Қазан революциясын" жандырумен тікелей қатысты еді. Ұлтты дінінен, тілінен мақрұм қалдырып, болашақтан біржолата қол үздіргісі келген қатыгез саясаттың ендігі нысанасы қазақтың көкірегі ояу, білімді азаматтарының көзін жою болды. Сол мақсатта түрлі нәрселерді сұлтауратып, өтірік жала жауып, "халық жауы"," ұлтшыл", "жапон тыңшылары" деген айып тағылды. Халықты қанап,елдіңтзарын естімесе тұра алмайтын мұжықтардың арсыз әрекеттерінің қармағы ауданымызда кіндік қаны тамған Ілияс атамыздың да ғұмырын ажал апанына сүйреді.
Жастайынан ананның жылы алақанынан, мейірімге толы көзқарасынан айырылған бала жүрегі азды-көпті өнерлі, көкірегі ояу әке құшағынан жылу іздеді, өнеге алды. "Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң, өлең, кітап оқығыш болдым. Қыз Жібек, хиссаларды қызығып оқушы едім. Мен оқығанда, тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті. Домбыра шертіп, жыр оқып, үлкен қариялардан бата алдым", - деп өзінің ата жолынан дарыған қасиеттерінің өміріне медеу болғанын баяндаған Ілияс атамыздың тарихтағы орны да алтын әліппен жазылғаны анық. Білімге құштар жас Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласындағы оқытушылар даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түседі. Осы уақыт аралығынжа "Ақ жол" газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен "Жас Алаш" газетін шығаруға атсалысады.
1921 жылдың жазында қолына "институт мұғалімі" деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан "Кедей еркі" газетіне бір-екі өлеңі басылған.
Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы "Тілші" газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген "Жетісу әйелі", "Жас қазақ", "Сана", "Шаншар" газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. 1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі. "Саяси дамуы – орташа. Тәртіпті және ұстамды. Белсенділігі орташа. Парттапсырмаларды қанағаттанарлық орындайды".Үш жыл білім алған институт мұрағатында Жансүгіровтің осындай мінездемесі сақталған.Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. Бұрынғы ҚазАПП (1926 жылы) таратылған соң, 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына осы жылдары көп еңбек сіңірді. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1935-1937 жылдар аралығында көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды.
Қазақ әдебиетіне қосқан шоқтығы биік туындыларының ішіндегі ең көркемі-" Құлагер" поэмасы. Ешкімге дес бермес тұлпардың мінсіз болмыс бітімі мен қайтпас қажырлылығын көздері қызғанышқа булыққан қатыгездер қанға бөктірген еді. Қоғамда осы шығарманың негізгі ойы әр түрлі болжамдарға ие болуда. Еркіндіктің символы Құлагерді қазақ халқына теңесе, өздерінің қаншалықты дәрменсіз әрі әлсіз екенін сезген, Құлагердің шабысына тұсау сала отырып, жоспарлы түрде қиянат жасаған жауды Ресей империясына теңейді. Ақиқатты тұншықтырған, ақты қараға жеңілдірген, талай халықты езгісіне илеп, қарғысына қалған империя ендігі кезекте Ілиястай тглғаларға ауыздық салды. Ондағы мақсаттары елдің дамуын тежеу, халқын жарқын болашаққа бастап, көкірек көзін оятар азаматтардың тағдырына қанмен өрнек салу арқылы қара жұртты мәңгі отар қылу еді. Оның айқын дәлелі Ілияс Жансүгіровтың еш себепсіз жау оғын "халқым үшін" деп менмұндалаған жүрегіне өткізіп, өмір жолындағы жолаушылық саяхатының мәнгіге аяқталғаны. Үш бәйтерегіміздің бірі Ілияс Жансүгіров 1937 жылы 5 тамыз күні жікшілдер мен шаш ал десе, бас алатын қаныпезерлердің кесірінен қамауға алынып, 1938 жылы 26 ақпан күні ату жазасына бұйырылады.Тек 1957 жылы 12 көкекте жазықсыз жазаға ұшырап, республикада отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың, социалистік заңдылықты бұзудың құрбаны болған аса көрнекті қазақ ақыны, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров толықтай, ақталып, туған халқымен қауышады.«Ал жерленген жері: Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының «Жаңалық» ауылы. 2500 адам жерленген жер біршама үлкен екен. Міне, кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқандығы анықталды», – дейді ілиястанушы ғалым М. Иманғазинов.
1920-1953 жылдар аралығында саяси репрессияларға 110 мың адам ұшырады. Қылышынан қан тамған әсіресе қазақтың жанын алуға аса қатты құмартқандардың ұлт тағдырына қиянат жасауының өзінде Қазақ ұлты әлі күнге дейін өз тіршілігін жалғастыруда. Алдымызда кездескен қандай қиындықтар болмасын барлығын еңсеріп шығу, жер бетінде ұлттық болмысымызды сақтап қалу бізге бұйырған ең асыл бақ. Қазақ үшін өмірін құрбан еткен әрбір бабамыздың рухы жан тәсілім еткенімен, болмыстары мен ұрпаққа жасаған өлшеусіз қызметтері жадымызда мәңгілік жаңғырады. Өздері салған даңғыл жолды жалғастыруда сөнбес шамшыраққа айналды. Шырағымыз сөнбесін.