Бауыржан Жетпісәлиев, жас зергер: «Зергерлік – қанымызда бар өнер»

Бауыржан Жетпісәлиев, жас зергер: «Зергерлік – қанымызда бар өнер»
жеке
блог

Халқымыздың киелі өнерін жанына серік еткен жас зергер Бауыржан Жетпісәлиевтің  туындылары біздің назарымызды аудартпай қоймады. Әшекей бұйымдардың түр-түрін жасайтын Бауыржан тарихи оқиғалардың желісін де күміспен сөйлете біледі. Суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт – 2017» фестивалінің, «Шебер – 2017» байқауының жеңімпазы, "Дарын" сыйлығының иегері, дарынды қолөнер шеберімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Бауыржан Мұратұлы, зергерлік кез келген адам игеріп кете алатын өнер емес. Бұл өнерге қалай келдіңіз?

– Қолөнерге ден қойып, қабілетімді шыңдай түсуге әкем Мұрат Жетпісәлиевтің берген бағыт-бағдары ерекше ықпал етті деп есептеймін. Өйткені, әкем сурет өнерін жан-тәнімен сүйетін адам. Бүгінде Суретшілер Одағының мүшесі. Жеке көрмелері де өтіп тұрады. Әкемнің салған бейнелерін көріп өскендіктен болар, мектеп кезінен бастап сурет салуға деген қызығушылығым өте жоғары болды. Атам да шебер кісі болған екен. Қолөнер қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен дүние ғой. Зергерлік төзімділікті, ұшқыр қиялды, шебер суретші болуды талап етеді. Қазақ халқында қай заманда болмасын, ұсталық жолын ұстаған жандар көп болған. Демек, зергерлік дегеннің өзі біздің қанымызда бар өнер.

– Әке тәлімін әрі қарай қалай шыңдадыңыз? Қай жерде білім алдыңыз?

– Мен Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде дүниеге келдім. Әдетте шағын ғана ауылда өнеріңді шыңдай түсуге көп мүмкіндік бола бермейді ғой. Сондықтан, орта мектепті тәмамдаған соң 2006 жылы Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы «Дизайн және өнер» колледжінің «Теріні өңдеу» мамандығына оқуға түстім. Мұнда Мейірлан Мәмбетақонов сынды білікті ұстаздан дәріс алдым. Терімен жұмыс істеудің қыр-сырын осында игердім. Колледжді аяқтаған соң 2010-2014 жылдар аралығында  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында зергерлік мамандығы бойынша білімімді шыңдадым. Академиядағы ұстазым Сержан Баширов болды. Зергерліктің нағыз қайнаған ортасын осы қара шаңырақта көрдім десем қателеспеймін.

– Жеке жұмыстарыңыздың ішінен әшекей бұйымдардан бөлек күмістен жасалған картиналарды байқадық. Идеяны қайдан аласыз?

– Қандай да бір бұйымды жасауға кіріспес бұрын кітап оқимын. Бұл менің дағдыма айналып кетті. Әсіресе, тарихи еңбектерді бір шолып өтуді жан-дүнием қалап тұрады. Зергерлік бізге ата-бабамыздан жеткен мұра болғандықтан, оның астарында ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихы жатады. Халқымыздың өткен тарихын парақтай отырып, мен сайын даламыздың иісін, көшпенділердің бай мұрасын сезіне аламын. Бабалар мұрасы – идеяның қайнар көзі. Алдымен, санама әр түрлі бұйымдардың сұлбасы келеді. Оны ақырындап қағаз бетіне түсіремін. Содан соң кітаптарға үңілемін. Адамның қиялын, рухани әлемін шыңдауға кітаптан артық дүниенің қажеті де жоқ. Табиғат аясына шығып, іштей сырласамын. Осындай ізденістерден соң көкейде жүрген идеялар жарыққа шығады.

– Күміспен көмкерілген картиналарыңыз жайлы айта кетсеңіз...

– Бастапқыда күмістен сырға, алқа, білезік, сақина сынды түрлі әшекей бұйымдарды жасап жүрдім. Жеке жиынтық ретінде дайындаған бұйымдарым да болды. Артынша ауқымды жұмыстарға ден қоя бастадым. Алғашқы жұмысымды 2015 жылы бастадым. Туындыма «Балық қала» деген атау бердім. Көркемсурет галлереясының жаңартылып ашылу сәтінде осы жұмысым қойылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов «Балық қала» картинасын ұнатып өз қорына сатып алған болатын. Сондай-ақ, 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмелер кезінде «Мәңгілік Ел», «Ақ дастархан» атты жұмыстарымды өз қорына алды. Содан кейін менің жұмыстарыма қызығушылық танытқан адамдардың қатары көбейді. Соның әсерінен де болар, шабытым шыңдала түскендей болды. Картиналарымды әрі қарай күрделендіре бастадым. «Бәйтерек», «Көш», «Ақтық», «Ақ дастархан», «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» атты бейнелер дүниеге келді. «Көш» атты жұмысым Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Шымкент шаһарына арнайы келген Елбасымызға сыйлық ретінде тарту етілді. Қолыңнан шыққан дүние өз бағасын тауып жатса, өнеріңе қуат бітеді емес  пе?! Жасаған жұмысымның Елбасымызға ұсынылуы мен үшін үлкен мәртебе.

– Зергерлік бұйымдарды жасауға қанша уақыт кетеді?

– Әр кезде әрқалай. Мысалы, кішігірім әшекейлерді бір аптада жасауым мүмкін. Ал, картиналарға ұзағырақ уақыт кетеді. Бір ай, кейде екі айға созылып жатады. Өйткені, картинаға жұмсалатын күмістің салмағы бар, оны балқыту, қажетті қалыпқа келтіру сынды жұмыстар үшін әлбетте уақыт керек. Таяуда Қазақ хандығына қатысты жаңа жұмысты бастадым. Онда хандық тарихымен байланысты дүниелерді мейлінше қамтуға тырысамын. Бұл жұмысым үшін бес келідей күміс қолданылады. Оған қоса, «Яссауи» атты туындыны бастап кеттім. Екеуі де ауқымды жұмыс болмақ. Қолым қалт ете қалса, ертоқым сынды ат әбзелдерін жасағанды ұнатамын. Қалқан, қылыш секілді дүниелер де назарымнан тыс қалған емес.

– Зергерлік – өнер, бір жағынан кәсіп. Тұтынушыларыңыз қаншалықты?

– Тұтынушыларым көп деп айта алмаймын. Өйткені, өзімді ешқашан жарнамалаған емеспін. Содан да болар. Әшекей бұйымдарға тапсырыс берушілер бар. Бағасы қолжетімді болған соң көпшіліктің сұранысы әшекейлерге түседі. Уақытымның басым бөлігі картинаға жұмсалады. Ол жұмыстарды халық сатып алады деп айту қиын. Біріншіден, бағасы жоғары. Екіншіден, мұндай дүниелерге қызығатындар әдетте көп бола бермейді. Көбіне әкімдер, министрлер, депутаттар қызығушылық танытып, жұмысымды сатып алатын сәттер болады. Жалпы, картина жасау мен үшін творчестволық жұмыс. Өзім үшін, көрмелер үшін дайындаймын.

– «Шабыт - 2017» халықаралық фестивалінің бірінші орын иегері атаныпсыз. Оған қоса шеберлер бас қосатын «Шебер - 2017» байқауының бас жүлдесін иеленіпсіз. Кіл жүйріктің арасынан суырылып алға шығудың өзі үлкен еңбектің нәтижесі. Байқаудың талаптары қандай болды?

– Әрине, «Шабыт» фестиваліне де, «Шебер» байқауына да нағыз таланттар қатысады. Мен де бағымды сынап көрейін дедім. «Шабыт – 2017» байқауына қолөнер бағыты бойынша «Мәңгілік Ел» деген жұмысымды ұсындым. Әділқазылар алқасы оң бағасын беріп, бірінші орынға ие болдым. Байқауға белгілі скульптор Тоқтар Ермеков, қолөнер шеберлері Құттыбек Жақып, Батима Зәуірбекова, зергер Асылмардан Қадырбаев, армениялық скульптура маманы Гагик Геворгян қазылық жасады. Халықаралық байқау болғандықтан, бірнеше елдің өнерлі азаматтары бақ сынады. Дегенмен, қолөнер бағыты бойынша менің жұмысым үздік деп бағаланды. Ал, «Шебер – 2017» қазақстандық қолөнершілер арасында өткен байқау. Бұл додаға да бірнеше жұмыстарымды ұсындым. Нәтижесінде жеңімпаз атандым. Бұл байқаулар мен үшін тәжірибе алаңы. Әрі шығармашылық ізденіске ашылар жол деп баға берер едім.

– Зергерліктің жолын қуғысы келетін жастар өте аз. Осы өнердің қыр-сырын үйренемін дейтін ізбасарлар табылып жатса, баулуға дайынсыз ба?

– Менің негізгі қызметім мектеппен байланысты. Бүгінде Шымкент қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 гимназияда технология пәні бойынша сабақ беремін. Яғни, таң атқаннан кешке дейін мектептің жұмысымен біте қайнасып жүреміз. Оқушыларға ағаштан, басқа да материалдардан  әр түрлі бұйымдар жасауды үйреттім. Олар барынша меңгеруге тырысып жатады. Алайда, зергер болғысы келесі жеткіншекті әзірге байқамадым. Егер үйренем, ізденем деген жастар табылып жатса, неге баулымасқа?! Қуанар едім.

– Мектепте сабақ берудің өзі үлкен жауапкершілік. Сонда осыншама қолөнер бұйымдарын жасауға қалай үлгересіз?

– Зергерлік бұйымдарды түнгі уақытта жасаймын. Сол мезет мен үшін өте қолайлы. Шеберханам да соншалықты үлкен емес. Өзім тұратын үйдің жертөлесін шағын ғана шеберханаға айналдырдым. Ауқымды жұмыстарым сол жерде жасалады. Уақытты тиімді пайдалансақ, бәріне де жетеді.

– Мақсатыңыз қандай?

– Мақсатым өте көп. Адам баласы үнемі өз алдына мақсат қоя білуі тиіс. Жақын арада қолөнерші әріптестеріммен бірлесе отырып, көрме өткізсем деген жоспарым бар. Мендегі негізгі мақсат – ойға алған туындыларымды жарыққа шығару, ұлтымызға тән әрбір құндылықты алтынмен, күміспен бейнелеп көрсету. Қазақ халқының атадан балаға мирас еткен қасиетті өнерін насихаттап, әлемге танытсақ нұр үстіне нұр емес пе?! Зергерлік өнер бізге тарту етілген екен, ендеше әрі қарай дамыта түсу де мақсатымызға айналуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Сағира УӘЛИ