"Өнеге" журналында өмірде де, өнерде де жұптары жазылмаған ерлі-зайыптылар жайлы сыр шертетін "Егіз-лебіз" айдары бар. Журналдың №7 санына жұлдызды жұп Мирас пен Құралай қонақ болып келіп, сұхбаттасқан болатын.
Мирас аға Ақтөбенің шаңына аунап өскен бала болса, Құралай Шығыстың ерке аруы. Екеуін табыстырған Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория еді. Сыр-сұхбат барысында Мирас аға сүйікті жарына: "Сен менің ата-анама жақсы келін, бауырларыма үлгілі жеңге бола білдің. Үйленген күннен бері ата-анамнан бір қадым алыс кетпей бірге тұрып келеміз. Келін болып, өз міндетіңді мүлтіксіз атқарып жүретініңе ризамын! Негізі, Семей жақта келіндер деген түске дейін ұйықтап, үй шаруасына аса араласа бермейді ғой. Ал, сен болсаң, келін болып түскен күннен бастап Батыстың тәрбиесіне бағынып, менің анамның айтқандарын қалт жібермей орындап жүрдің" - деп жарына сүйіспеншілігін білдірсе, Құралай апай да өз кезегінде: "Мен Семейде туып өскеніммен, анам үнемі «қайда келін болып барсаң, сол жақтың тәртібіне бағынуға тиіссің» деп құлағыма құйып отыратын. Сені өзіме өмірлік серік деп таңдаған соң, ата-ана, бауырларыңның көңілінен шығу – менің міндетім" деп даналық сөздерін айтты.
Жас-жұбайларға үлгі боларлық сөздер екен!