Батыстан үйренеміз деп дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмаймыз ба?
блог
Қазіргі жаһандану заманында халықтардың мәдениеттерің, дәстүрлерің араласуы жоғары үрдісімен келе жатыр. Бұл процесс телекоммуникацияның, ғаламтордың дамуымен тіпті жеделдеді. Бүгінгі таңда біз дамыған елдердің мәдениетіне, халқының тұрмысына қатты қызығамыз. Тіпті олардың салт-дәстүрі, қоғамдық құндылықтары бізге керемет, мінсіз болып көрінетін де шығар. Бірақ барлығы мақтайтын батыс мәдениеті сондай керемет пе, әлде сырты жылтырап тұрып, бірақ іші шіріген кәмпит сияқты ма? Бұл мәселені жан-жақты қарастыратын болсақ, батыстан үйренетін де, жиренетін де жайттар бар екен деген ойға келеміз.
Ия, батыстан үйренетініміз көп. Мысалы экономика, ғылым, медицина деген салалардан кейбір елдер орасан жетістіктерге жетуде. Бұл жайттар барлығына мәлім, сондықтан да оларға жеке-жеке тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ал жиренетін нәрселерге келер болсақ, олар туралы көп айтылмайды, кез келген адам біле бермейді. Сол себепті, бұл мәселеге назарларыңызды көбірек аударғым келіп тұр.
Батыс елдері экономикалық, саяси тұрғыдан дамығанымен, олардың қоғамдық құндылықтары күннен-күнге әлсіреуде. Қоғамның ең кіші бөлшегі отбасы екенін бәріміз білеміз. Отбасының ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», дейді ата-бабамыз. Бұл нақыл сөз отбасының қоғамдық өмірде қандай маңызды орын алатынын айтып тұр. Ал батыс елдері отбасы құндылықтарының нағыз құлдыраған кезеңдерін бастан кешуде. Жас ұрпақта ата-ананы сыйлау, үлкендерге құрмет көрсету, ата-баба тарихын қадірлеу сияқты қасиеттер ұмытылып келе жатыр. Бұл отбасы өз қызметін дұрыс атқара алмай жатыр деген сөз. Тіпті кейбір батыс ғалымдары жоғарыда аталып кеткен қасиеттерді адамдарды басқару үшін ойлап нәрсе деп түсіндіреді. Бүл мәліметтерге сүйеніп, батыста отбасы құндылықтары қандай деңгейде екенін түсінуге болады.
Келесі мәселе дүниеге бала әкелу мәселесі. Казіргі кезде отбасыларда бір ғана бала болу, немесе мүлдем болмауы сәнге айналуда. Бұның басты себебі жұбайлардың жұмыс мансабын, жас кездегі дүниенің қызығын бала тәрбиелеуден маңыздырақ санауы. Бұл елдің тамырына балта салғанмен тең деп санаймын. Бұл нағыз демографиялық дағдарыс қой. Өздерінің демографиялық жағдайын алаңдаған батыс елдері оның алдын алу жолдарын іздеуде. Тіпті кейбір жерлерде дүниеге бала әкелгені үшін жұбайларға қомақты сома тағайындалуда. Халық саны 20 млн-ға да жетпейтін қазақ елі мұндай жағдайда душар болатын болса, оның зардаптарын елестетудің өзі қорқынышты.
Тағы бір мәселе соңғы кездерде ең қызуқанды талқыланып жатқан бір жынысты некеге қатысты. Кейбір батыс елдерде мұндай некелер заң жүзімен рұқсат етілді. Мен өзім бұны рухани азғындықтың ең төмен дәрежесі деп санаймын. Әріне, бұл дәстүрімізге мүлдем жат, ойға қонымсыз жайт. Бір жынысты неке қию арқылы адамдар өз жаратылыс табиғатына қарсы шығуда. Алайда бұл жайт бізге қандай ойға қонымсыз болып көрінбегенімен, кейбір батыс социологтары мен саясаткерлері мұны жай ғана адамдардың құқықтарының сақталуы деп тұжырымдап отыр. Мұндай жағдайдың бізідің елімізде орын алуын едестету қиын. Алайда бұл індеттің алдын алмайтын болсақ, ертең бұл ауырудың бізге де келмеуіне кім кепіл.
Міне, батыстан жиренетін тұстар да бар екеніне көзіміз жетті. Енді елімізді осындай қоғамдық аурулардан қалай сақтаймыз дегенге жауап беріп көрейік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», дейді ата-бабаларымыз. Сондықтан, бірінші кезекте жастарымыздың жағдайын ойлауымыз керек. Бүгінде ғаламтор жастардың жүрсе қолында, отырса алдында, жатса жастығының астында екені ешкімге де сыр емес. Ол жердегі оқитыны да, көретіні көбінесе батыс менталитетіне сай жасалған. Оның ішінде қайсысы оңды, қайсысы оңсыз екенінен хабарсыз жастарымыз кейбір кездерде дәстүрімізге мүлдем жат нәрселерді істейтіні сыр емес. Сондықтан да жас ұрпақты тәрбиелеуге қатты мән беруіміз керек. «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби атамыз. Ата-аналар бірінші кезекте баласын шетелде оқытуды емес, оған дұрыс тәлім-тәрбие беруді алаңдаулары керек. Салт-дәстүрімізді, отбасы құндылықтарымызды олардың бойларына сіңдіре білулері керек.
Батыстың сөзімен жүрген қазіргі шақта ұлттық рухымызды, құндылықтарымызды жоғалтпаудың жалғыз жолы- дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді берік ұстану. Антивирус компьютерді вирустардан қалай қорғаса, бұл үшеуі де солай бізді қазіргі заманның қоғам ауруларынан, рухани азғындықтардан, әдепсіздіктерден аман сақтамақ.
Бесігіміз нық, халқымыз есен-аман, еліміз мәңгі болсын десек, дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді берік ұстанайық.