Батырхан Шүкенов қайтыс болды, енді ол жоқ...

Батырхан Шүкенов қайтыс болды, енді ол жоқ...
жеке
блог

Суық хабар келіп жетті. Мәскеуден. Сәуірдің 29-на қараған түні бүкіл ТМД жұрты ауыр қазаны естіді. Батырхан Шүкеновтей дарынды әншіден айырылдық. Қабырғамыз қайысты. Қазақ өнерінің шоқтығы биік жұлдызы жайлы бір де бір тұрмыстық кикілжің көрмедік, оқымадық... Ол шоу-бизнестің кейбір өкілдеріндей арсыздыққа барды ма? Арзан жарнама жасады ма? Айтыңдаршы. Жоқ! Ол өзін өнерге байлады, байлап өтті. "Сары басылымдардан" да ол туралы мәлімет таппайсыз. Қазасынан кейінгі көп мақтаудың бірі десеңіз, өз еркіңіз, бірақ мен бұл әншінің өнермен егіз ғұмыр кешкенін айта аламын.

Осыған дейін қаншама инфоповодтың шыққанына таңғалсам да, салмақтауға тырыстым. Бірақ Батырхан Шүкеновтің өмірден озғанына шыдай алмадым. Айтқым келді, тіпті далаға шығып, бір айғайлап алғым да келеді.

Сайлау, өрт, көпір, ардагерді соққыға жығу деген сияқты жаңалықтар... Оның ең ауыры осы қаза жайлы хабар болды. Мұның барлығы бір айда ғана шыққан "дерт". Енді орысты мойындатқан қазақ Батырхан Шүкеновтің бұл дүниеден өтуі "сәуір болмай, тәуір болмайды" деген сөзді "сәуір бітпей, тәуір болмайды" деп өзгертуге себеп шығар. Не боп кетті? Бір айдың бойында астаң-кестең болдық та қалдық.

Қазір ғана журналист Роза Есенқұлова әуежайда Мәскеуге бірінші рейске отырып, ұшып бара жатқан жерінен әншінің ағасы Бауыржан Шүкеновтен хабар алды. Ағасының айтуынша, марқұмның денесі Алматыға жеткізіледі, отанында жерленеді. Бұл адамзаттың қайғысы. Ақын да, әнші де, сөзуар да осы жайлы айтуы тиіс. Бар қазаққа көңіл айтамын. Мен үшін бұл - қаралы күн. Барлығыңыздың қайғыларыңызға ортақпын!

2014 жылы берген "Батыр" деп аталған концертінің толық нұсқасын ұсынамын. Ұлы әншіні бір еске алайық.