Батыр аға

Батыр аға
жеке
блог

Батыр аға((((

 

Әлде де сене алар емеспін.

Суық хабарды естігеннен бері санамда «Мүмкін емес» деген ой тұр.

 

Осыдан бірнеше ай бұрын Батыр ағаның науқастанып қалғанын естіп едім. Кейін беті бері қарап келе жатыр дегенде жаным жай тапқандай болды.

 

Батыр аға менің туысым емес. Соңғы рет шамамен 2-3 жыл бұрын көріскен едік. Мен ол кезде телеарнадан кетіп, басқа мекемеде жұмысымды бастаған едім.

 

Аға өз жобаларын іске асыру мақсатында талай жас мамандарды жұмысқа алып, олардың медиа саласындағы бағын ашты. Солардың бірі менмін. Ағаның арқасында менің медиа саласында жолым басталды. Massaget.kz порталы, СТВ телеарнасы, The Spirit of Tengri фестиваліндегі атқарған қызметімде Батыр аға әрдайым қолдау көрсетіп, жол сілтеп, ақылын аямайтын.

 

Мерекелік кештерде ақ тілектерін айтып, ұжыммен бірге ойнап-күліп, әрдайым көңілді жүретін.

 

Бір күні ұжыммен боулинг ойнадық, топ-топқа бөлініп жарысқа түстік. Шар лақтыру кезегі аға екеумізге бірдей келетін. Екеуміз бір сәтте шарды лақтырамыз, ағаның шары шетке шығып кетеді, мен болсам қайта қайта страйк жасай бердім. Аға соған ызалағандай болып: «Дүйсенбі күні жұмыста сенімен жеке сөйлесемін» деп жатты. Сонда әзіл түсінбейтін әріптестер «Жеңіле салсай» деген еді.

 

Ешқашан дауыс көтеріп, басшылық қызметін алға тартып, кеудесін соққан емес. Керісінше, қарапайымдылық, бекзаттылық, дархандылық танытатын.

 

Massaget.kz порталында істеп жүргенде менің Астанаға екі күнге баруым керек болды. «Жалғыз кетіп бара жатыр, ұшақ билеті алынсын, әуежайдан жүргізуші күтіп алсын» деп өзі бас-көз болған еді.

 

Мажарстандағы құрылтайға баруыма да Батыр аға рұқсатын берген еді. Ешуақытта «Жоқ, болмайды» деген емес.

 

СТВ арнасына ауысуыма да Батыр аға өзі себепкер болды. Содан кейін талай жобалардың барлығына өзі тікелей бақылап жатты. Барды бар, жоқты жоқ деп тура айтатын.

 

Демалыс күндердің бірінде ағамен театрда кездесіп қалдық. Өз орнына бара жатқан жолынан тоқтап «Кешегі жасаған бағдарламаңды көрдім, тамаша шықты» деп өз ойын айтуға уақыт таба білді.

 

Әкесі Кәкімжан Қазыбаевтың ауылында ас берілетін болып, анасы Орынша апа мен Зейнеп Ахметова апа бастаған бір топ қауым Алматыдан елге жолға шықтық. Аға сол сапарға менің баруымды өзі өтінді. «Қызметіңе рахмет!» деп Орынша апам сол кезде батасын беріп, кітабын сыйлап еді. Келген соң ағаның өзі алғысын айтты.

 

Ағаның қызы дүниеге келгенде сондай бақытты еді. Үлкен дастархан жайып, әрқайсысымызбен қуанышымен бөлісуге асықты.

 

Ыстамбұл мен Мәскеуде тәжірибеден өтіп, елге келгенімде де сапарым туралы сұрап жатты. Аға барлық қызметкерлеріне тең қарайтын. Не болса да ұжыммен бірге болатын.

 

«Телеарнадан кетейін деп жатырмын, аға. Рұқсатыңызды алайын деген едім» деп кабинетіне кіргенімде «Тоқта, отыр, ал айта бер» деген әңгімеміз бастап жіберді. Сол кеште көп дүние туралы сөйлестік. Өткенді еске алдық, келешекті талқыладық. «Еш уайымдамастан жаңа қызметіңді баста. Мен саған сенемін. Кез келген уақытта қайта келсең болады, оны білесің» деген еді. Нағыз ағаның қамқорлығы осындай болады.

 

Мен таныған, мен білген Батыр аға осындай еді. Батыр Қазыбаевтың мектебінен тәлім алғаныма қуанамын. «Өміріңде кездестірген әрбір адам ұстазың» деген бар. Батыр ағадай ұстазым болғанына шүкір деймін. Барлық жандар ағадай болса игі.

 

Кешеден бері аға туралы керемет естеліктер айтылып жатыр.

Батыр аға келмеске кетті. Өкінішті. Сенбеймін.

 

Барша туыстарына, достарына, әріптестеріме қайғыра көңіл айтамын.

 

Қош бол, Батыр аға!

Жатқан жеріңіз жайлы болсын!