Басты мақсат- ұлттық идеология қалыптастыру
блог
Кез-келген ұлттың өзіне тән болмысы болатыны бәрімізге аян. Сол болмысты сақтай отырып, ұлттық идеологияны қалыптастыру маңызды. Бұл туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылып өтіледі. Жаңа буын қалыптасар сәтте «ұлт» сөзінің мағынасын жеткіншектерге жете түсіндіре білу аға буынның басты міндеті болып саналады. Тамыры тереңге жайылған тарихымыз бен жаңадан бүршік атқан бүгінгі күннің бұтақтарын сабақтастыра білу арқылы ғана өзіміге тиесілі идеологияның пайда болатыны сөзсіз. Технологияның қарыштап дамыған заманында бәсекеге қабілеттілік әрбір азаматыздың бойынан табылуы керек қасиет. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Себебі, ұлттық код дегеніміз осы. Біздің посткеңестік мемлекеттер арасынан оқ бойы озып, әлемнің дамыған мемлекеттерімен тереземіз тең болу үшін де дәл осы өзімізге тән кодымызды сақтай отырып, жаңашылдықты бойымызға сіңдіріп алуға тиіспіз. Дамыған елдер арасында ақпаратттық технологияның қаншалықты қарыштағанына бәріміз де куәміз. Өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сананы дұрыс қалыптастыра білу арқылы еліміздің болашағын жарқын ете аламыз. Соның ішінде, білім беру мәселесі алдыңғы орынға шығары рас. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жастарымыз шетелден тәжірибие жинап, әдіс алмасу мүмкіншілігіне ие болады. Мақалада: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» делінеді. Сондықтан да, бүгінде шәкірт тәрбиелер тұста басымдылық беретін санаттар осылар екені рас. Білімді басты құндылық ретінде қарастыру өз кезегінде табысты мемлекетке айналуға жол ашады.
Жаңару мен жаңғыруға қадам басар тұста елдің шамасына да көз жүгірту маңызды. Әрине, мақалада айтылған мәселелерге толық көңіл аударар болсақ, келесі онжылдықта елеулі өзгерістерге қол жеткізетініміз сөзсіз. Сондықтан, әрбір азамат ұлттық кодын сақтай отырып, ұлттық бірыңғай идеологияны қалыптастырып, ұрпақтарына оны жеткізе білуі шарт. Бұл мақсатты жүзеге асыруға ықпалды үлес қосатын өкілдер- өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен білімін қамтамасыз етуші ұстаздар екені рас.