Безендірім наурыздық «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрған абзал, ақ пен қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түспен әшекейлеуге болады. Әр адам түрлі жылға сәйкес бетперде тағады.
*Жолтеректі айнала үш жағына үш нәрсе қойылады:
- Жеті дәм – наурызкөже құйулы тайқазан;
- Жеті үн – жеті қоңыраулы асатаяқ;
- Жеті түс – жолдықтар салынған қоржын.
Жылан жылымен қоштасу
Аластау: орынжайға кірер есіктің екі босағасына екі майшам орналастырылады; орынжайға кірген әрбір қатысушы майшамның біріне келіп, екі алақандарын отқа тосып, беттерін сыйпайды, осылай үш рет аласталғаннан кейін ғана орынжайға өтеді.
Наурыз салтанатына қатысушылар Жолтеректі айнала жүріп, «Наурыз, Наурыз» әнінің фонында тақпақтайды:
1-оқушы:
Ұлы іс күні басталды,
Наурыз туын ал, кәне!
Жолтеректі айнала
Жар салайық әлемге!
2-оқушы:
Дабыл қағып, халайық,
Көңілді әнді салайық!
Ардақты Ұмай ананы,
Лайықты қарсы алайық!
Жылан кие (Жылан киешегін киген бала) асатаяқты қоңыраулатады, басқалары Ұмай ананы шақырады. Ұмай Жылқыны ертіп орынжайға кіреді, оған Жылан жылы арнап былай айтады:
Армысыз, Жер киесі - Ұмай ана!
Наурыздың сізсіз сәні бола ма?!
Уақыттан кешігіп, ал, қалмайық,
Жылқыменен алмасуға мен дайын!
Ұмай ана қатысушыларға ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл күңгірт парақтарға жазып беруді өтінеді. Әркім өзінің ескі жылдағы сәтсіздіктерін түсіреді. Бұл кезде арнайы ән болмаса күй тартылады. Осы сәтте көмекшілер жұрттың күңгірт парақтарын жыйнап, отқа жағу үшін Ұмай анаға тапсырады. Ұмай ескі жылдың сәтсіздіктері мен қайғысын алып, жеті бөлек етіп қыйады да, ішінде оты бар арнайы «ошаққа» салып өртейді. Бұл кезде Ұмай ана «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады:
Алас, алас, алас! -
Бәлекет іс алас!
Алас, алас, алас! -
Дағдарған іс алас!
Алас, алас, алас! -
Зілзала да алас!
Алас, алас, алас! -
Қара ниет, алас!
Алас, алас, алас! -
Зұлым пиғыл алас!
Алас, алас, алас! -
Жұт пен кесір алас!
Алас, алас, алас! -
Өрт пен тасқын алас!
Алас, алас, алас! -
Жоқ пен құйын алас!
Ал жұрт қол шапалақтап, «Алас! Алас! Алас!»деп хормен дауыстап тұрады.
Мадақтау: Ұмай ана оқушылар мен ата-аналардан ескі жылдағы сәттіліктерді жасыл түсті парақтарға түсіруді ұсынады. Содан соң сәттілік парақтарын қатысушылар омырауларына тағып алады. Ұмай ана қатысушылардың ескі жылдағы сәттіліктері мен жемісті істерін салтанатты түрде жария етеді.
Ескі жыл құрметіне оқушылар өз өнерлерін көрсетеді.
Ұмай ана ескі жылға рахмет айтады:
Ескі жылым, есірке!
Жерім саған риза!
Елім саған риза!
Сені өткерген
Жылымыз кілең - мереке!
Ескі жылым, есірке!
Жылан жылы қолындағы асатаяғын Жылқы жылына тапсырады:
Сен де мендей мерейлі мереке бол!
Құтты болсын, Жылқы жылы, келісің!
Науан ырыс, баянды береке бол,
Мамыражай жыл бол сен де ел үшін!
Жылқы Кие:
Рахмет Жыланкие өзіңе!
Ризамын маған айтқан сөзіңе,
Сенің жылың құтты болды еліме
Ұлы міндет алайын мен де өзіме.
Жылқы жылымен қауышу
Жылқы жылы асатаяқты қоңыраулатып,«Буын» («Қаражорға») биіне басады. Қалған жұрт оған қосылады. Ұмай ана:
Болсын деп Жылқы жылы ырыс жылы,
Жер бетінің болсын деп тыныштығы,
Салты солай Наурыздың, халайық,
Кейіпкері бол тым болмаса Ұлы іс күні! – деп шашу шашады.
Жылмен қауышу. Ұмай ана Жылқы жылымен төс қағыстыра сәлемдеседі. Мерекешілер бір бірімен қауышады.
3-оқушы:
Қане, жұртым, ойнайық,
Наурызды тойлайық.
Мереке болсын баянды
Бәйшешектей жайнайық!
4-оқушы:
Ашық болсын күніміз,
Нөсерлетсін нұрымыз,
Мерекеде мерейлі
Айтылады жырымыз.
5-оқушы:
Салт-дәстүрмен жараса,
Мерекеміз жаңаша,
Жылқы жылын қарсы алып,
Мейрамдайық тамаша!
6-оқушы:
Босқа қарап тұрмаңдар!
Жаңа жыл, міне, басталды
Келгендер де арманда,
Келмегендер де арманда!
7-оқушы:
Қане, бермен қараңдар!
Жылқы жылы баршаңды,
Кенелтсін зор байлыққа,
Білмеңдер бір шаршауды,
Бөленіңдер шаттыққа
Жол тартыңыз бақытқа!
8-оқушы:
Таси берсін мәңгілік,
Әніміз бен жырымыз,
Заңғар биік тұғырда
Желбіресін туымыз.
9-оқушы:
Жыл киесі – Жылқы жыл,
Құт иесі- Жылқы жыл!
Алуан түске боялып,
Табиғат кетсін оянып!
10-оқушы:
Табиғатым тозбасын,
Зілзала, нәубет қозбасын,
Жақсылықтан жамандық
Қара үзіп озбасын!
Ұмай ана:
Бар ісіміз оң болсын,
Бестік баға мол болсын!
Қайда барсаң - жол болсын,
Саулықтарың зор болсын!
Киім біткен көк болсын!
Қарын біткен тоқ болсын!
Уайым, қайғы жоқ болсын,
Қуаныш, шаттық көп болсын!
Ниетіміз ақ болсын!
Басымызға бақ қонсын!
Дами берсін еліміз,
Жайнай берсін жеріміз!
АУМИН!!!
Ұмай ана жұртты дәм татуға шақырады. «Наурыз» әні шырқалады.
Дастарханда Наурызкөже құюлы қазан мен құтылар, **науан тағамы.
* ЖОЛТЕРЕК - басына Көк күмбезі ретінде көгілдір шаңырақ орнатылған; күмбездің астын ала әшекей баулар бекітілетін шығыры бар сегізбұрыш және төменгі тұсынан да сегізбұрыш бекітілген, екі сегізбұрыш арқылы (жеті түсті 3 қайтара керілген) 21 баумен,құрмен немесе таспамен әшекейленген, өне бойына жеті түсті таспа оратылған бақан немесе сырық.
Жолтерек - ежелгі түркілік «йол» ұғымын паш ететін, түркілік үш белдеулі (жоғарғы, орта және төменгі әлемдер) ғаламның өмір ағашы болып табылады, оны «бәйтерек» деп те атайды. Түркілердің ежелгі замандарда ұлы мерекелер кезінде ағаштарды безендіру, түрлі түсті мата байлау – өмір ағашына деген құрметтің белгісі болған.
Жолтерек алаңға, орынжайға және үйге арналған түрлеріне орай үш түрлі болады да, олардың өшемдері де соған сәйкеседі:
орынжайлық Жолтерек: ұзындығы - 2-3 м , диаметрі - 7-10 см.
Жолтеректің өне бойына жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолтеректің әр бөлігі бір метрге бөлшектеліп, құралатындай ыңғайлы болғаны абзал. Оны ағаштан, әлеуменнен, пластикалық материалдардан жасауға болады. Аяғы орнықты болатындай тұғыр болғаны жөн. Жолтеректің етегіне айналдыра сыйлықтар мен басқа түрлі фигуралар ойыншықтар ілген мақұл.
** НАУАН – танымдық тағам, бұл - жаңажылдық қасиетті молшылықты паш ететін дастархан сәні ретінде жаңаша ойластырылды. «Науан» сөзі [3] үлкен, биік және өте жақсы, тамаша, әдемідеген мағынаны береді.
Науан қазақ ұғымына негізделген үш текті дәмнің жыймасынан тұрады: халқымыз «қызыл» деп ет тағамын, «ақ» деп сүттен пісірілген асты, ал «көк» деп көкөніс пен жеміс-жидекті атаған. Соған орай, үш сөрені үш текті дәмге толтыру арқылы ырысты паш ету мақсат болды. Науаннан келген қонақтар дәм татып кетеді де, ол үздіксіз тағаммен толтырылады, сөйтіп,
Науан тағамы ежелгі түркілік үш белдеулі ғаламдық құрылымды елестетеді: жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлем.
Науан әзірлеу бойынша екшем (конкурс) өткізуге де болады.