БАСТАҢҒЫ

БАСТАҢҒЫ
жеке
блог

Наурызға қатыстылығы әбден көмескіленген қазақы бір жоралғы бар. Ол –«Бастаңғы». Бұл жоралғы кәзірде елдің әр жерінде түрліше ұғылады: біреулері жастардың ересектерден оңаша отырысы, ал енді бір өңірлерде қыз-келіншектердің оңаша отырысы. Алайда, бұлар қазақыланған Бастаңғының жұрнақ нұсқасы ғана. Оның түпкі сыры «Бастаңғы» сөзінің өзінде бүгулі. Қалай болғанда да, бұл әлдебір топтың оңаша отырыс жасап, мейрамдау көрінісі болып табылады, алайда, «бас» пен «таңғы» сөз тіркесінен құралған бұл отырыс әуел баста «оңашалықтан» гөрі жылдағы Бас таңды қарсы алудан туындаған жоралғы болуы керек. Ал, жыл бойындағы басқы таң, сол жылдың басында болатыны айтпаса да түсінікті, ендеше бұл «Қыдырды қарсы алу» секілді мифтік желеуге негізделген Наурыз таңын қарсы алуға арналған жастардың ежелгі отырыстарының бүгінде «оңаша отырмаққа» айналған түрі болуы тиіс.

Бұл жайында белгілі этнограф-ғалымАқселеу Сейдімбек,«Қазақ әлемі» (228-бет)  былай жазады: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді...

 

            Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді... Осынау қызық-думанның ішінде «жандықуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады...»       

            Жағда Бабалықұлы, «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатта қытай жазбасына сүйене отырып, ғұнша Наурыз мерекелеуді былайша суреттейді: «Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады. Содан кейін наурыз тойы басталатын болған».

            Демек, наурыздық таң шынында да аса құрметтелген және оның басқа таңдардан «бас таң» аталуы да күмән туғызбас,әйтпесе оны ұйқысыз қарсы алып несі бар еді?..


Шамасы, жоғарыда сөз болған «Алтыбақан» ғұрпы осы «Бастаңғы» жоралғысының бір құрамтасы болуы керек. Оның үстіне, бойжеткендердің ержеткендерге арнап әзірлейтін «Ұйқыашар» дастарханы мен жігіттердің ғашықтарына сыйлайтын «Селтеткізері» де осы отырыстың сәнін келтіре түсетін, бүгінгі «сюрприз» дәстүріне айналған салттың егжейлері (деталь) десек, қателеспеспіз.