«Бас жүлдені» екі рет алуға лайық болса, алсын!

Жиыннан шықтық.

– Осының алдында «Бас жүлдені» пәленше алды емес пе?
– Иә, сол алған болатын.
– Ол немінеге тағы қатысып жүр...
– Енді, ережеде кез келген адам қатыса алады деп қойдық қой.
– Жоқ, болмайды! Не ол қайта-қайта, ережеге енгізіңдер, бұрын алғандар қатыспасын. Басқа жақтан да алсын, бас бәйгені.
– Жақсы!..

Түсінгеніміз

«Бас жүлдені» қайта-қайта алуға болмайды екен. Өйткені ол бір рет алып қойды. Енді басқалар алу керек. Яғни, басқа адамдардың бағын байлап қояды-мыс. Ойды сүзгіге салып қарасақ, дұрыс екен. Өзгенің бағын байлап қоюға болмайды. Олар да алсын. Шашылып жатқан бас бәйге жоқ.

Түсінбейтініміз

Талант қайда? Ол соған лайық болып тұрса, оның бағын байлаудың қажеті не?! Футбол тарихында Месси алтын допты бірнеше жыл қатарынан алып жатқан кезде ешкім шулаған жоқ. Өйткені ол соған лайық болғаны үшін алып отыр. Сол секілді қандай өнер, қандай дода болмасын, бас бәйгені алуға лайық адам бұрын мың рет алса да, алу керек еді. Басқалардың ынтасына қарағанда, намысын қайрау деп түсінген жөн. Әйтпесе, ынта десе, бәрі ынталы ғой. Оның өзінде жарытып алып жатқандары белгілі. Аймаққа, жерге, руға бөліп, әйтеуір, біреудің көңілін қалдырмау. Қалатын көңіл қалса да, адамды емес оның өнерін бағалау керек.

Бір мысал...

Биылғы "Шабыт" фестивалінің шаңын шығарып тұрып жаздық, жазды. Жақсы болсын, жаман болсын, ол – үлкен дода. Кім алса да, кіл жүйрік қатысқан бәйгеде топ жару оңай емес. Бірақ сол шабыттың ережесінде астында сызып тұрып көрсетілген жері бар: 

Ескерту: «Шабыт» фестивалінің бұрынғы жеңімпаздары (Бас жүлде және I орын) конкурсқа қатыса алмайды. Сіздіңше, бұл ақынның өсуіне кедергі келтірмей ме?! «Шабытқа» адам шама-шарқына қарап қатысу керек. Бәйгені алам деуден бұрын, не оқимын деу керек қой. Сонымен "Шабытты" алып кеткен ақын бір сөзбен айтқанда, «ақын» статусын алып болды, енді оған жазудың немесе бәйгелерге қатысудың қажеті жоқ деген сөз емес қой. Керісінше, тағы қатысып, бағын сынап көрсін. Сол тұғырда ма әлде құлап кетті ме?! Бәйгені алған адам өзінің құлдырап кеткенін түсінеді, ал ала алмай кеткен ақындар жыл сайын намыспен келеді. Іштей «Неге мен ала алмаймын?» деген сұрақпен келеді. Өнерде не өмірде болсын бәсекелестік зор нәтиже береді. Бәсекелестік! Ұмыптаңыз!

Бұл ғана емес, айтысты алайық. Айтыс табиғи дарын мен ерен еңбекті талап етеді. Бірақ айтыса алмайтын адамға бас жүлде беріп, "мына бала жыл сайын қатысып жүр ғой, алсын" деу мүсіркеу ме әлде бармақ бастылық па?! Адамның талабын олай ынталандырудың қажеті жоқ. Қайта айтыстың беделін түсіреді. Жыл сайын Балғынбек не Айнұр ала берсін. Бірақ сөзден сүрінсе, өз обалдары өзіне. Ал сүрінбесе, сөре солардың еншісінде. Оған таласудың өзі ақымақтық. Жеңіс керек болса, сұрап емес, тартып алыңыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

«Бас жүлдені» тіккен екенсіз, лайықты адамға беріңіз. Лайықты адам он рет алып кетсе де беріңіз. Себебі сіз өнерді бағалап тұрсыз. Осыдан халтураның иісі шығады. Әрісі белгілі. Біреудің көңілін қалдырмаймыз деп жүріп, бүкіл бір дүйім жұрттың көңілін қалдырып алсақ, сол қасірет. Тіпті мың жерден айналып кешірім сұрасаңыз да, сіздің бәйгеңізге жұрт қатыспайды, келмейді. 

Кезінде үлкен мүшәйра өтті. Ол мүшәйраға баладан бастап қартқа дейін қатысты. Өлеңдерін лақап атпен қабылдап алған ұйымдастырушыларға алғыс. Сол бәйгенің бас жүлдесін жас жігіт алды. Атын жасырудың да қажеті жоқ, жас ақын Айбол Исламғалиев. Сол сахнаға көтерілгенде әділ-қазы алқасы өзі таң қалып еді. Міне, әділдік! Оның бала екенін біліп тұрған жоқ, жас екенін аңғарған жоқ, бірақ өлеңі шалдардың өлеңдерін паршалап тастады. Ендеше бұл дүниені жасауға болады деген сөз.

Оңайды қиындатып алып жүрген өзіміз. Әділ бағасын бере алмай аймағына беріп, өнердің қаймағын ірітіп жүрміз...



Бөлісу: