26.03.2007 жыл. 07.30 /Қаладағы туыстардың үйі./
- Қалдарыңыз қалай, папа? Жай хабарластыңыздар ма? Бәрі дұрыс па?
- Мақпал, өздерің қалайсыңдар? Сәуле жаныңда ма? Телефонын көтермеді.
- Иә, жақсымыз. Әпкем жұмысқа, мен сабаққа... Осында қазір ғана келдік.
- ... мамаң құлап қалды...
- ...
***
- Алло, Санат, тез машина тап! Ауылға кету керек! ...мамам сиыр сауып отырып, құлап қалыпты...
- ...
- Мен де барайыншы, әпке? Қыздарға звондай саламын. Апайларға айта салады...
- Машинаға сыймайсың! Сабағыңа бар! Мамамды қалаға алып келеміз... Күт!
- ...әпке...
26.03.2007 жыл. 12.45. /Университет. Қоңырау кезі./
- Алло, Аман, мамам қайда? Қашан жеттіңдер? Қалай болды? Кім-кім бардыңдар? Үйде кім бар?
- Жалаңашта. Мамам ауруханада. Бәрі сол жақта. Система салып жатыр деген. Сәуле әпке, Санат аға, Нұржан аға, мен. Болды.
- Қап, маған да орын болыпты ғой... Сен неге бармадың больницаға?
- Үйді жинай бер деді...
- ... сосын тағы хабарласам, сабаққа кеттім.
26.03.2007 жыл. 14.30 /Университет. Қоңырау кезі./
- Аман, не болып жатыр? Кім бар үйде?
- Бәрі ауруханадада.
- Орын болыпты ғой, неге жолдан Маралды ала кетпедіңдер?
- Білмедім. Тез барайық деп, ешқайда тоқтамадық.
- Жарайды, жаңалық болса хабарлас.
26.03.2007 жыл. 16.29 /16-ншы автобуста. Абайға кетіп барамын./
- Алло, Аман? Мамам қалай болды? Неменеге телефонды сен ала бересің? Бәрі қашан келеді? Қалаға алып шықты ма?
- Жоқ.
- Неге?
- Кегенге де апаруға болмайды, қауіпті дейді. Қозғамай система салып жатыр.
- Бірақ Сәуле әпкем Алматыға алып келемін деді ғой...
- Білмеймін.
- ...хабарласып тұр...
26.03.2007 жыл. 17.47 /Автобустан түсіп, үйге жаяу бара жатырмын./
- Алло, әпке, мамамды алып шықтыңыздар ма қалаға? Қалай болды?
- Әлі система алып жатыр. Біресе есін жияды, біресе қайтадан ештеңе білмей сандырақтайды...
- Қашан алып келесіз?
- Білмеймін.
- ...әпке...
- Сосын хабарласамын. Ауруханаға кету керек. Үйге тамақ ішуге келгенбіз. Келгелі нәр татпадық.
- ...әпке, алло, әпке...
- Қой болды! Өзім хабарласамын! Уайымдама!
26.03.2007 жыл. 20.15 /Абайда. Жездемнің үйінде. Кешкі ас ішіп болдық./
- Аман, кім бар үйде?
- Ешкім.
- Мамамды бері алып шықты ма?
- Жоқ.
- Аман!
- Білмеймін.
- Қашан келеді ауруханадан?
- Білмеймін. Сосын хабарласамыз.
- Аман...
26.03.2007 жыл. 23.43 /Абайда. Жездемнің туыстары келді./
- Сәлеметсіздер!
- Мақпал,...
- Мамам қайтыс болды ма?
- Мақпал,...
- ...мама...
- ...жылап ал, жеңілдеп қаласың...
- ...мама...
Ауылдағы анамның арпалысы, қаладағы менің шарасыз жанталасым аяқталды...
27.03.2007 жыл. 06.11 /Абайда. Көшеде. Саяхатқа бет алдым./
- Мама! Маматай! Маматайым менің! ... Неге кеше бармадым екен! Мама!
Жаңбыр жауып кетпесе екен. Желдің қаттысын-ай! Дала қандай қорқынышты! Абай осындай қараңғы ма еді? Алтын Ордаға қашан жетемін! Көше ұзарып кеткен бе? Тіпті бір машина шықпайды ғой! Иттер қуаламаса екен! Туһ, қандай қараңғы! Ауылымдай көрінетін мынау Абай жердің ең шеті секілді. Бүгін өзі, үйіме жетем бе, жоқ па?! Мама! Қандай қорқынышты еді көшеде! Ағаштар төніп келе жатқандай. Қашан жетемін аялдамаға?! Мамама қашан жетемін?! Ай да, жұлдыз да жоқ! Дүние қара түнекке айналып кеткен ба? Түн мен таңның алмасар шағы осындай қорқынышты ма еді? Құдайым-ау!?
«Жүгір, аяқтарым, жүгір! Анаңа жете алсаң, үлгерер болсаң, жүгір! Дамылдама! Қане, жүгір! Аяқтарыңа ерік бер, Мақпал! Жүгір... Пайдасыз екенін білсең де, жүгір! Сенімен ілесіп жел де, мынау алакеуім таң да жүгіруде. Жүгіре түс! Әлдебір пайдасы тисе, жүгір! Әй, қайдам. Аяқтарың түк те ұқпас! Одан да кеудеңнен шығайын деп тұрған жүректі еркіне жібер! Ағыл да тегіл еңіре! Аяққа емес, көз жасына ерік бер! Ешкім жоқ. Ешкім де естімейді. Жасыңды жел құрғатады. Үніңді жапырақтардың сыбдыры жасырады. Жылай бер! Жылай түс! Анаңның енді қайтып келмесін біліп, еңірей түс! Оны ренжіткен кездеріңді, өкпелеткеніңді, тілін алмаған кездеріңді ойлап, жыла! Құшағында, аялы алақанын сезінген оралмас сәттеріңді ойлап, көз жасыңды төге түс! Енді ол адамды өмірі-ғұмыры еш жерден, ешқашан көрмейтініңді ойлап, өкіріп жыла! Мына көшедегі қорқыныш түк те емес! Сен одан да анаңсыз өтетін күндеріңді ойла! Сені әр аттаған қадамыңды нықтап, әр қайғы-мұңыңа демеу болып, әр қуанышыңа бірге қуана алмайтын анаңсыз күндердің күтіп тұрғандығын ойлап, жыла! Жеңілдеп қалар болсаң, жылай түс! Жылап болсаң, бейнесін көз алдыңа елестетіп, енді алдыға қарай жүгір! Жел ұшырып әкетердей сезіммен жүгіре түс! Қане, Мақпал, анаңды сағынғаныңды ойлап, жүгір! Жүгір! Жүгір...»
Ішкі үнім расында, жалғыз екенімді білдіріп, менімен бірге жүгіруде. Анамсыз, шынымен де, мүлдем жалғыз екенмін-ау. Маматайым-ау, әдеттегі күндерге ұқсас өткен күндерімнің тым құрығанда біреуін қайтарып берсе ғой, шіркін-ай. Ендігәрі сіздікіндей бауырсақ, қолкеспе пісіріп, құрт жасайтын, сан мың мәрте қоңырау шалатын... жан болмас... Маматайым-ау, не қылмақпын енді? Не қылмақпын?
01.05.2013 жыл. 00.21 /Думанда. Пәтерде./
Мама, сағындым сізді...
Содан бері алты жыл өтсе де, дәл кешегідей. Бәрі де көз алдымда. Ауылдан еркелеп келген, әлі де еркелігін тастай алмай жүрген бірінші курс студенті едім сол кезде. Дәл сол түннен кейін бір жасқа есейіп шыға келдім. Ауылға жетіп, ажарсыз үйдің, қабырғасынсыз қалған әкемді көргенде тағы бір жасқа есейдім. Мама, сұрланған, суық, тастай бетіңізді сипағанда, тағы бір жасқа есейдім. Бетіңізді сипаған кездегі сезім мен суықтық әлі де менің жанымда. Білесіз бе, неге екенін біртүрлі түсініксіз өкпем бар. Қашан да өкпелеймін де жүремін. Әрине, ол өзіме өзімнің деген өкпем болар. Үнемі бірнәрсе жетіспей тұрады. Сол кезде әпкемдермен барсам, өзіме осынша өкпелі болмас па едім, бәлкім. Өкпе ме, өкініш пе, біле алмадым. Амал жоқ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Дегенмен де, кеудемдегі бұл қуысты немен толтырарымды білмеймін...
Анасының қадірін білмей, барға қанағат қылмай, қабағына кірбің ұялатып, анасын жылатып жүрген жандарға айтарым: «Ей, бауырым, адамзат болған соң, бәрің де бауырымсың! Адам болған соң, демек, сенде де сезім бар! Сезімі бар адам өкініш, өкпе, қуаныш, бақыттың не екенін біледі! Егер де дәл менікіндей әлдебір беймәлім қуыс, өкпе, өкініш кеудеңде қалмасын десең, қолыңда қуатың, бойыңда күшің, миыңда ақылың, ойыңда санаң бар кезде барыңды бағала! Айналаңа қара да, жаныңа жақын жандарды бақытты қылуға тырыс! Өкініш – оралмас, орны толмас дүние. Анаңның бір ауыз сөзін, нұрлы жүзін, аялы алақанын, ақылмен айтылған ұрысын, кең құшағын күллі әлемнің ең бай адамына айналсаң да, сатып ала алмассың! Бауырым, сен де мен сияқты жұмақтың бір есігін жауып алма...»