БАРСИКТІҢ ЕЛЕСІ

           Ата-анасының ажырасып бөлек кеткенін уайымдап жүрген Айшаға басқа қалаға көшу тіптен ауырлық тигізді. Өзінің туған Оралында дос-құрбылары, үйдегі жағдайын есіне түсірмейтін сүйікті мектебі қалды. Қызының көңілін ауласын деп анасы Барсикті де бірге алып үшеуі Алматыға жол тартты. Барсик – Айшаның жан досы іспеттес мысығы. Міне, айға жуық уақыт өтті. Айша әлі көңілсіз. Сол уайымынан арылар емес. Жаңа достарымен аса жақын араласпаған соң, уақытының көп бөлігін мысығымен өткізетін.

           Шілденің шыжып тұрған бейсенбісінде Айша сыртқа кеткен мысығын іздеуге шығады. Нәтижесіз іздеуден көңіл-күйі мүлдем түсіп кетті... Қайдан, қалай келгені белгісіз Айша үйге келсе мысығы ас бөлмеде жатыр. Қуаныштан мысықты құшағына алып әлемдегі ең әдемі теңеулерді кіп-кішкентай сүйкімді жаратылыс иесіне жаңбырша жаудырды. Сырт көзге бір түрлі көрінгеннен бе, анасы қызының істеп жатқан қылығына аса таңдана әрі қорқа қарады. Қызына жақындап –Боташым, не істеп жатырсың?! – деп сұрағаны сол еді, Айша мысығымен ойнап жатқанын жеткізді. Бойын үрей билеген анасы дауысы дірілдеп –Қызым, кәне, мысығың қайда?! – деп сұрап еді, қызы басымен қолына нұсқап көрсеткендей болды. Көзіне еріксіз жас келген шешенің денесі суып, тапжылмай тұра қалды, себебі қызының қолында ешқандай мысық болмаған еді. Дереу, сыртқа шығып, Барсикті іздеуге кірісті. Аула ішін қарап, жолға көз салған Айжамал жерде көлік астына түскен мысығын көріп өңі бұзылып кетті. Сонда... сонда қызымның мысығым деп жүргені не мақлұқ деген ойдан арыла алмаған анасы Айшадан мән-жайды сұрауға тырысты.

               Ертесіне Айша тағы да көзге көрінгісіз мысығымен ойнады. Тіпті, бірде анасына келіп Барсикті тамақтандыруын сұрады. Мысықтың ыдысына тамақ салып кеткен Айжамал келесі күні бос ыдысты көріп аң-таң болды. Ендігі болған жағдайға Айжамал шыдамады. Ертеңгісі ұйқыдан тұрғаны сол еді, өзінің бөлмесіндегі жиһаз отырғышты әлдеқандай жануардың тырнап кеткенін көрді. Бірден психолог болып жұмыс жасайтын жан құрбысы Санияны үйіне шақырды. Келген бойда Айшамен сөйлесуге жөнелген Сания алдын-ала болған жағдайды естіп, өзімен бірге фотоаппаратын алып келді. Екеуара әңгіме біткені сол еді, Айша Саниядан мысығы екеуін суретке түсіруін өтінді.

               Келесі күні  Айжамалға хабарласқан Сания дауысы дірілдеп, поштасына фотосуреттерді жібергенін айтты да тұтқаны қоя салды. Суретке қарап еріксіз көзіне жас келген Айжамал үн шығармай ұзақ отырды... Ендігі Айжамалдың ойы тек қызын құтқару ғана болды... Себебі, суретте Айша және оның сүйікті мысығы Барсик тұрған болатын...

                                                                                                               МӘЖІК ЕРЛАН



Бөлісу: