Бәрін айт та, бірін айт. Ұлттық спорттың күйін айт!

Басқа ел мүлгіп жатқан кезде аттың құлағында ойна, садағыменқұралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген алып, қазақ деген керім халықтың ұрпағысыңдар! Ия,бұл сіз бен біз жайлы. Ат үстінде садақ тарту қанымызда бар емеспе? Ендеше садақ атудан әлемдік додаларда қазақ оғландары неге көрінбейді? Жастарда құлшыныс жоқпа, әлде дайындық үйірмелері санаулыма?

Шыны керек, тек садақ атудан емес ұлттық спортымыздың қай түрін алсақта оның қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Мәселен қарапайым асық ойынының маңызы орасан. Кешеғана мектеп алдында жердің шаңын бұрқыратып, таласып асық ойнаушы едік. Бір күні бүкіл асығымды ұтылып үйге жылап келсем, енді бір күні қоржыным асыққа толушы еді. Ия, асық баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелеиді. Ендеше неге үй алдында асық ұстаған балалардың қарасы сиреп кетті? Олардың орнына төрт қабырғаға қамалып, компьютердің құлағында ойнайтын жас жеткіншектер келді. Бұрынғының баласы асық ойнап мергендікке үйренсе, қазіргілер экран алдында көз майын таусуда. Осы ұлттық ойынның болашағына алаңдайтын ақылдылар асық ойынын ұялы телефонға енгізіпті. Енді балаларымыз ұлттық спортымызды үйден шықпай ақ, экранды сипап отырып ойнай алады. Бұл даму ма, әлде адасу ма?

Қазақта көкпар, теңге алу, қыз қуу, қазақ күресі сынды ұлттық ойындарымыз жетерлік. Шетелге еліктемей, ала доптың соңынан қуған легионерлерді алтынмен аптап, күміспен қаптағанша, өз спортшыларымызды шыңдап, ұлттық спортымызды сақтап қалайық! Әйтпесе, ұлттық ойындарды біз Наурыз мерекесі қарсаңында ғана еске түсіреміз де, кейін ол бір жыл бойы ұмыт қалады. Бұл дұрыс емес. Ұлттық спорттың сан түрінен әр түрлі аудандық, қалалық, облыстық сайыстар өткізіп үлкен деңгейге жеткізсе екен. Сонда бәлкім ұлттық спорт десе тек наурыз айы еске түспеуші ме еді!

                                                                                                                        Арман Абилхасимов



Бөлісу: