Бүгін мереке. Ұлы мереке. Ұлы Жеңіс күні.
Бала күнімде "Ол кісі соғыстан қайтпаған", "Ал ол кісі соғыста бір қолын берген", "Ол кісі болса, аман-есен оралып, елде қызмет етіп, бертінде кеткен" деген сияқты үлкендердің әңгімесін еститінмін. Жеңіс күні, айт мерекесі және т.б. сәті түскен күндері үй-ішімізбен бейіт басына баратынбыз. Ал алты жас кезімде бала-бақша тәрбиешілері барлық бүлдіршіндерді 28-Панфиловшылар саябағына апарып, ұлы мерекенің тарихын айтып беріп, ардагерлерді құттықтаған едік.
Есейе келе, бұл мерекенің мәнін түсіндік. Бұл мерекені тойлау емес, еске алу керектігін түсіндім. Себебі, бұл күні біздің әулетте үнсіздік, көңілсіздік орнайды. Төрде газет оқыған әкем күрсінеді, анам иіс шығарып, нан пісіреді. Реті келсе, бейіт басына барамыз.
Менің әулетімнен сол сұрапыл соғысқа бес жан аттанды. Жастары бұйрықпен болса, ересегі өз еркімен кетті. Үлкен атам Берсүгірдің бәйбішесі Орынша әжемнен туған Қарға мен Сұлтан аталарым соғыста хабарсыз кеткен. Әжем ғұмырының соңына дейін күтіп кеткен деседі ол кісіні көрген кісілер. Ал қалған үш атам Әбділда, Төрге, Айдарбек соғыстың басынан аяғына дейін болған. Елге аман-есен оралып, қызметке кіріскен. Соғыста тұтқынға түсіп, "неміс офицерін өлтірдің" деген жалған айыппен атам Айдарбек соғыстан соң, он жылға сотталып кете барды. Ол туралы өткен жылы мына мақаламда жазғанмын. Атамды көрген кісілердің барлығы ол кісінің қатты мінезді адам болғанын айтады. Тіпті, әжем атамның көзіне тіке қарамайтынын айтып отырады. Қарап қалса, атам салып кеп қалады екен))) Он бес жыл түзде жүрген атам елге есен-аман оралып, уақыт өте келе, ақталып, ресми түрде "сүттен ақ, судан таза екені" белгілі болады. Кезекті Жеңіс күні мерекесінде (1975 жылы ғой деймін) атамның соғыстағы ерлігі ескеріліп, 30 жыл берілмеген атағы мен медальдары ресми түрде тапсырылады. Сол кезде атам "Менің он жылдық ғұмырымды текке алған үкіметтен ештеңе де керек емес, мына темірлеріңді (медаль-ордендерді нұсқап) әрімен қарай алып, көздеріңді құртыңдар" деп қамшысымен жерді бір ұрып, теріс айналып кетіпті. Кейін ауыл ақсақалдары ол кісіні сабырлыққа шақырса да, атам бой бермей, сол күйі бас тартып кете беріпті. Апам әлі күнге дейін сол кісінің сол сәтте қалай ашуланғанын, тіпті, боқтаған сөздерін айтып береді.
Атамның қас-қабағын аңдып, көңілін таба білген Ілімхан апам (Лена апа) болса, бүгінде көзі тірі. Жанымызда. Ол кісі де соғысты көрген. Тылда жұмыс істеп, майдангер жауынгерлерге қолмен киім тігіп, байпақ тоқып жіберіп отырған. Ол кісінің де сұхбатын өткен жылы жазылған мына мақаладан толығырақ білуге болады. Бүгінде "Соғыс және еңбек ардагері", "Құрметті тұрғын" деген атақтары бар. Не керек, Лена апам жасы тоқсан алтыға келсе, әлі де, шүкір, тың. Жыл сайын өкіметтен Жеңіс күніне орай, пенсиясына қосымша пұл алады. Соған мәз. Оның қанша екенін сұрамай-ақ қойыңыздар, мен айтпай-ақ қояйын. Мерейтой болса, медалін де береді. Құдайға шүкір, омырауы медальге толы, құрметке ие.
Жыл сайын көзі тірі Лена апама құрмет көрсетіледі. Жақсы. Атамның есімі аталады. Жақсы. Ол кісінің есімі ауылдағы ескерткіш тақтаға жазылған. Ол тақта осыдан 3-4 жыл бұрын қойылды. Кімнің ақшасына дейсіздер ғой. Ауыл тұрғындарының ақшасына. Бірақ, ауыл әкімшілігі ме, әлде қай басшының бұйрығы екен, әйтеуір, "Соғыста апа-атасы қатысқандар яки қайтпаған кісілердің ұрпақтары ата-әжесінің есімін тақтадан көргісі келсе, басқалардан қарағанда пәленше мыңға көбірек тапсырсын" деген бұйрықпен, ел-жұрттан ақша жинап мына тақтаны орнатады.
Апам пенсиясынан елмен бірге ақшасын тапсырады. Сонда деймін де бұл қай қанау?! Ол тақтаға атамның есімі жазылғанменен менің атам тіріліп кетпейді. Және одан шыны керек, түк пайда жоқ. Иә, атамның есімі өз пұлымызға жазылды. Рахмет!!! Бірақ, сол ескерткішті күту, айналасын көгалдандыру, қоршау деген атымен жоқ. Тіпті, Бөлексаз ауылының негізін қалап, қазығын қалаған атамның есімімен аталған бір көше жоқ. Апамның қалын жылына бір рет сұрап қояды. Апам соған да мәз, әйтеуір. Бұл өз көзіммен көріп жүрген менің отбасымдағы жағдай.
Ал басқаларда ше?! Тура осындай екеніне күмәнім жоқ. Жылына бір рет, әйтеуір, барлығымыз шулап "Аталарымыздың арқасы" деп тағзым жасаймыз да қоямыз. Баспасөз беттері Ұлы мерекеге орай мақалаларды жарыса-жарыса жазады. ТД, радиода да сол. Әлеуметтік желілерде өзгелерден қалмай шулап, тілек-алғысымызды айтып, Георгий лентасын іліп қоямыз. 9-мамыр өтіп кеткен соң, ол туралы ұмытып та кетеміз. Ал неліктен, ардагерлерімізді өзге күндері еске алып, олардың жағдайын білмейміз?! Неге бір күнмен ғана шектелеміз?! Онсыз да күннен күнге сандары азайып жатқан қарттарымыздың қалын басқа күні сұрасақ, кеміп-сынып кетпейміз деп ойлаймын.
Жақында Ресей жерінде соғыста қайтқан солдаттардың сүйектері табылды деген ақпаратты естіп, қуанып қалдым. Ішінде жоғарыда айтқан, соғыста хабарсыз кеткен аталарымның сүйектері бар ма екен деп, "Үмітсіз шайтан" дегендей, менің де ой-үмітім бар.
Сөз соңында айтамыз, еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Қазыналы қарттарымыздың денсаулығы мықты болсын!