Бәрі қазақша болса...

Бәрі қазақша болса...
жеке
блог

Қазақты оңдырмай жүрген бір-ақ нәрсе, ол – рухсыздық. М.Шаханов ағамыздың шырылдайтынындай бар-ау. Еңсемізді езіп тастаған бейқамдықтан ада бола алмай әлі адасып жүрміз. Ұлттық құндылық, рухани байлық дегенді түсінбейтін қазақтар бар арамызда. Жетпіс жыл жасқаншақтап, бүкшеңдеп келгеніміздің бір сыры сол рухсыздықта, жігерсіздігімізде жатыр-ау, сірә. Қалай айтсаң да, қысылып қызарған бір қазақты көрмейсің. Орыс тілінде сайрағанын «авторитет» көріп, қазақша білгенін қорлық санайтын «қайран жастыққа» қарның ашады. Қазақша сөйлесе радионы өшіріп тастаймыз, қазақша басылымға көз қырын да салмаймыз, теледидардағы қазақша бағдарламаға тыжырынғанымыз тыжырынған.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері келген заман. Тіпті, елдің шын жанашырлары шаршады-ау деймін, бүгінге қанымызға сіңген намыссыздық, жігерсіздікке таң қалудан қалдық. «Тыңдалмаған сөз жетім» демекші, сөзіміздің жетімекке айналғаны қаш-шан! Ал кезінде қазақты оятамын деп жүріп қаншама асылдар озды дүниеден.
Ұлтшылдармен күресіп жүріп, ұлтсыздармен күрес ашуға мәжбүр болатынымызды білмеппіз-ау! «Дүние - кезек» деген осы екен ғой.
Рухани байлықтың қайнар бұлағы, ұлтымыздың шын жанашырлары саналатын қазақ басылымдарына қазақтың көзқарасы қандай? Қазір кез келген қазақ экономисінен не қазақ заңгерінен: «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш» газеттерін оқисыз ба?» - деп сұрасаңыз: «Менің мамандығыма сай келе бермейді», «Әдеби тілге онша түсініңкіремеймін» деген сияқты мың түрлі сылтау табары сөзсіз. «Көпке топырақ шашуға болмайдыны» білсек те, оқитындар саны кінәмізді ақтай алмайды. Қазақ болып, қазақтың сөзіне түсінбесек әлемді қалай мойындатпақпыз?
Қысқасы, ұрпақ патриот болмай ұлт оңбайды. Рухы биік қазақты көргіміз келсе, бәріміз ұлтты сүйейік, ұлттық құндылықтарды қадірлей білейік! Ол үшін сөйлейік, оқиық, билейік, ән салайық, тек бәрі қазақша болсын!