Бәрі блогер, «бәрі Скриптонит, бәрі Найнти уан»

Қазір Құдайдың берген заманы болды. Екі ауыз сөздің басын құрап жаза аласың ба, сен блогерсің (тіпті құрап жаза алмасаң да). Инстаграмда ойыңа келгенін жаз да, накрутка ма, бартер ма, реклама ма – қандай жол болса да оқырман жина. Бітті, енді өзің де парақшаңа жарнама аласың да байисың, тегін киінесің, тегін тамақ ішесің. Ой мейлі, маған десе сонымен машина алып, пәтер сатып ал, бір қазағым жарып жатыр деп қуанасың ғой. Оған таласым жоқ.

Жарайды, ол да оңай шаруа емес. Күні бойы оқырманымды енді не жазып қуантам деп ойланумен өтесің, оған сапалы фото түсіру бар, видео монтажының өзі машақатқа толы. Туыстардың теріс пікірі, келетін негатив пікірлер – бәріне қарсы тұра білуің керек. Қаншама маңдай тер бар, иә, түсінем.

БІРАҚ, айналайын, ақ көкем, ақ патшам, қатесіз жазыңызшы, өтінемін!

– Орфография сақтау инстаның стилі емес, орфоэпиямен (қалай естілсе солай) жазсаң оқырманға оқу жеңіл әрі қызық дедіңіздер, жарайды.

– Диалектілердің қайсысы әдеби сөз, қайсысы жергілікті сөз екенін баяғыда шатастырып жібердік, оған да көндік.

– Ешкім сізге көркем әдеби тілмен, теңеулермен жаз деп жатқан жоқ.

– Жай ғана әр сөздегі әріптік қатені тексеріп, шылауды шылау күйінде бөлек қойып, тыныс белгілерді орнымен қолданып жазайықшы.
СЕБЕБІ

☝Қазір ешкім романды, көркем әдебиетті оқымайды. 200 бетке уақытымды құртқанша, ондағы білімді блогерлердің постынан ала саламын дейді.
Түсініп отырсыз ба, сіз қазіргі заманның ағартушы Ыбырайы, Абайы болып отырсыз.

☝ Ертең бір оқырманыңыз сізге қарап, ол осылай жазды, осы жазылуы дұрыс деймін деп біреумен дауласады. Елестетіп көріңізші, балаңыздың мұғалімі мектепте қате нәрсе үйретіп қойды, қалай шырылдар едіңіз?

☝Әр жазбаға жауапкершілікпен қарап, қатесіз жазуға тырыссаңыз, бәленбай мың оқырманыңызға көрсеткен құрмет боп есептеледі. Өзіңіздің сауатты, оқыған-тоқыған, сөзіне сенуге болатын адам екеніңіздің дәлелі.

☝Әр қатемен жазылған сөз дардай басыңызға ұят келтіреді.

✍Мамандығым – шығарушы редактор, яғни Массагет сайтында журналистер ұсынған мақаланың қателерін түзеп-күзеп, ары қарай оқырманға ұсынып отырамын. Алты жыл бойы ЖОО-да оқытушылар "Кітапта бір қате кетіп қалса, оқырманның көзі сүрінеді, ойы бөлінеді, ондай олқылыққа орын бермеу редактордың зор жауапкершілігі" деп құлаққа әбден құйып тастағаннан ба, қате көрсем төбе шашым тік тұрады.

✍Иә, білем, үлкен жазушылардың өзі қате жібереді, ондай-ондай ханның қызында да болады. Алайда өзі 20 сөйлемдік постта 30 қате болуы деген сұмдық қой, сіздерге осындай жазба кездесті ме? Мен кейде блогерлерге мына сөйлем түсініксіз, осылай берген дұрыс-ау, мына сөздеріңізде қате кетіп қалыпты деп жазып отырам, кейбірі рақметін айтып түзеп қояды, кейбірі өзі әдейі солай бергенін айтып түсіндіреді. Ал енді бірі ашуланып, өзіңді боқтап, "не шаруаң бар, ұнамаса оқыма, өзімнің парақшамда не істесем де өзім білемін" деп бан-ға тығып, қуып шығады. Қате жазған сөзін пікірде қалдырған адамды да жаудай көреді. ☝Сізге жанашырлықпен басқалар оқымай тұрғанда түзеп қойсын деп жазатын оқырманыңыз барына, керісінше, қуануыңыз керек емес пе?!

– Енді не істейміз?

Бүкіл постта үш қате жіберсеңіз, жарайды, сізге ештеңе демеймін. Әр сөйлемін үш қатемен жазатын блогерлерім, кітап оқы деп те айта алмаймын, тым құрыса, басқа блогерлерге жазылып, сауатты жазба қандай болатынын, қай сөз қалай жазылатынын, оқырман алдындағы жауапкершіліктің не екенін ұғынып жүріңіздерші, өтінем!

@anaramust @makpal_sembay @zhumagulov.zh @eskenbestai @bakymova_saya @shinarabelda @assel_sarqyt @akerke_abilkhan @marfugashapian @aq.oramal @asiya_ibrakhimkyzy @aiymgul.galiyeva

Өзім парақшасынан көп қате кездестірмейтін, оқырманға сапалы, сауатты контент ұсынатын блогерлерді белгіледім. Сіз де сауатты және сауатсыз блогерлерді де белгілей кетіңіз.



Бөлісу: