Бапкер болса, бап та, бақ та шабады

Бапкер болса, бап та, бақ та шабады
жеке
блог

    «Өнерлі жігіт өрге озар» деген халық мақалы бекер айтылмаса керек. Өрге озбаса да, спортта озып, үздік атанып жүрген Нұрсұлтан Жақсылық сөзіміздің айғағы. Шырайлы қала Шымкентте дүниеге келіп, 10 жасынан футболға әуес болған бозбала бүгінде 10 сыныпта оқиды. Жас болса да, үлкен спортқа ерте араласқан ол біраз белестерді бағындырып үлгерген. Соның ең үлкені – «Ең үздік ойыншы» номинациясын екі рет жеңіп алған марапаты. Нұрсұлтан спортты ерекше жақсы көреді. Футболды «тек әуестігім ғана» деп санамайды футболшы жігіт. Өйткені, болашақта осы саланы жалғастырып, бапкер болуды алдына мақсат еткен. 

Нұрсұлтан   Қазірде Жақсылық Нұрсұлтан ОСДЮСШОР-97  командасының құрамында өнер көрсетіп жүр.  Айта кететіні, өз жастары арасынан аталмыш  команда екі рет еліміздің чемпионы атанған.  Бұдан бөлек, елдегі атаулы күндерде  ұйымдастырылатын жарыстарда бірнеше рет  қанжығаны жеңістерге толтырған. Дәлел ретінде  айтар болсақ, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына  арналған 1997 жылы туылған жасөспірімдердің  арасынан өткен облыстық жарыста, Тәуелсіздіктің  20 жылдығына байланыста өткен ойында 1 о  орынды иеленген. Осындай команданың  құрамындағы Нұрсұлтанның бұл орайда оза  шықпауы, әрине, мүмкін емес. 

   Шеберліктің шегі жоқ, жас футболшы осыны  ұққан. Себебі, қолы қалт етсе, жаттығу жасап,  футболдың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сол  еңбекқорлығы мен спорттағы жемістерінің  арқасында тек Қазақстанды ғана емес, Ресей мен  Франция сынды алпауыт мемлекеттерді де  аралаған. Яғни, сонда бақ сынасып, тәжірибе  алмасқан. Одан бөлек көршілес Қырғызстан еліне  де қонақтап қайтқан. Спортқа өз қалауымен аяқ  басқан ол Танат Нүсербаев сынды футболшыға  қарап бой түзейді. Ал өз бапкері Ташметов  Даниярдан футболдың қыр-сырын меңгерген.

   Кейде көңіл деген – көк дөнен ғой, қоқырақтап  шапқысы келетін. Сол сияқты Нұрсұлтанның да  көңілі көкке шабады. Олай дейтініміз,  бозбаланың «Болашақта әлем чемпионатында  ойын көрсеткім келеді» деген сөзі. Ия, бұл – жас  қазақ футболшысының ізгі арманы. Өкінішке  орай, Нұрсұлтанның ғана емес, ол бұл күнде  бүкіл қазақ қауымының арманы болып отыр.  Өйткені, қазақ футболының бағы жанбай тұрған  шақ, қазір. Осындай осалдау тұсымыз қынжылтады.

   «Сеніңше, қазақ футболының бағы жанбауының  себебі не?» – деп жас талаптан сұрағанымызда:  «Жақсы, білікті бапкерлердің аздығы», – деп  жауап қатты ол. Қазаққа жаны ашитыны бірден байқалды осы тұста. Қалай десеңіз, елдегі, спорттағы кемшін тұстарды жас болса да, дәл байқап жүр екен. Бөтен емес, болашақ футболшы емес пе? Өзі айтқандай келешекте бапкер де болар. Ал біз, футболшы жігітке тек қана арманыңа жетіп, қазақтың футболын әлемге алып шығар дарабоз атан дейміз!                               

                                                                                                                                      Гүлжан Серік