Банктен қорықпаңыз

Банктен қорықпаңыз
жеке
блог
Банкке клиенттерден түрлі сұрақтар көп келеді. Несие, депозит туралы. Көпшілігі кеңес сұрайды. Сосын несиені қайтара алмау сияқты мәселелер көп. Әрине өмір болған соң, түрлі мәселелер болады. Кейбіреу тәуекелін бағаламай несие алады. Сосын қиналып жүреді. Оны шешудің түрлі жолдарын іздеп алаяқтарға алданып жатады. Сондай мәселелер болмас үшін massaget оқырмандарымен жиі қойылатын сұрақтардың жауаптарымен бөлісіп отыруды жөн көрдім. Несие алған едім. Қазіргі кезде қайтара алмай отырмын. Не істесем болады? Көп қойылатын сұрақтың бірі осы. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз – бірден өзіңіз несие алған банкке хабарласыңыз. Несиеңізді жауып тастаймыз немесе мерізімін қысқартамыз деген жарнамаға, жеке компаниялардың қызметіне жүгінбеңіз. Несиені делдалдың көмегімен жауып тастау деген мүмкін емес. Өйткені банк ақшаны әркімге таратып беретін ұйым емес. Заң аясында өз қаржысын қайтарып алуға тырысады. Банкке өз жағдайыңызды түсіндіріңіз. Бастысы не үшін төлей алмайтыныңызды дәлелдей алуыңыз қажет. Банк қызметкерлері жіті қарап, несиені құрылымдаудың өз нұсқасын ұсынады. Кепілдікте мүлкі барлар, қиын жағдайда банкке хабарлассам, мүлкімді бірден тәркілейді деп қорқады. Немесе менің кепілдігім жоқ, банк хабарласып-хабарласып қоятын шығар деп банкке жоламауға тырысады. Банк бірден кепілдік затын тартып алуға мүдделі емес. Әрі кепілдігі жоқ екен деп, өз қаржысын іздемей қоймайды. Ал, делдалдардың қызметіне жүгіну көп жағдайда тақырға отырғызып жатады. Егер олар алаяқ болмаса, тек құқықтық көмек бере алады. Яғни сіздің атыңыздан банкке хабарласып, несие шарты аясында мәселені шешуге тырысады. Қызметі үшін сізден ақша алады. Мұны банкке хабарласып, өзіңіз де шеше аласыз. Артық шығынның қажеті не? Банктерде проблемалық несиелермен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер бар. Солармен ақылдаса отырып, қиындықтан шығудың жолын қарастыруға болады. Сондықтан, банктен қорықпаңыз. Сурет bankworldsystem.blogspot.com-нан алынды.Рахмет оларға!)