Банкоматтан терминалға дейін...

– Жалақы түсті! Алақай! 
Шет жақта отырған Арман әріптестерінің қуанған бейнесі қарап, іштей «ура!» деп дыбысын шығармай айғайлады. Әріптестерінің де шуы ұзаққа бармады. Бір сәттік қуаныштары басылып, бәрі орын-орындарына тарасты. 

Жұмыс уақыты бітіп, Арман банкоматқа қарай жол алды. Қолындағы телефонына екі күн бойы қылқынып келіп жатқан смстерге бүгін ерегесіп тұрып жауап беретін сәті туып, іштей мәз. Шағын ғана аппараттың ішінде жатқан ақшаның 0000000,1 пайызын ғана алып шығатын жалақысы бар жігіт тетіктерді бірінен кейін бірін басып, ішінен суырып 75 000 теңгені алып шықты. Аппараттан шыққан ақша жылтырап, қолға түссе сусып, құлықты бұзып тұр. Қалтаға тез салып жібермесеңіз, «мені жұмсап жіберші» деген көзбен қарайтын секілді. 

Қолына түскен 75 000 теңгені көтеріп, көшенің арғы бетінде тұрған банктің арнайы орнатып қойған терминалына қарай жүріп келеді. Арасы 1-2 минуттық жер. Осы 1-2 минут ішінде Арманның басына әдетте келмейтін мың ой келді: «бір жерге барып демалсам ше, киім сатып алсам ба екен», деп ой ішінде жүріп келе жатып, терминалға қалай жеткенін байқамай қалды. 

Терминалдың тетіктерін басқан сайын, темір екеш темірдің өзі жылы сөйлей кетті. «Таңдайсыз», «сіз» деп сызыла қалған терминалдың жұтудан басқа қызмет атқармайтын ауызын 10 мың теңгеліктерді бірінен кейін бірін сала берді. 70 мың теңге салынып біткен кезде «сіздің ай сайынғы төлеміңіз төленді» деп шыға келген жазуға бір жылап, бір қуанып қараған Арманның ішкі сезімін сыртынан бақылап тұрған адам жақсы түсінеді. 

Арман бір ай бойына жұмыс жасап, түнімен ұйқы күзетіп, күндіз шаруасын тындырып тек 30 күннің бір күніндегі, 1 минуттық жолда ғана бақытқа ие болады. Ол банкоманттан шыққан жалақысын терминалға салуға алып бара жатқан сәттегі ақшаның өзінкі екенін сезінуі... 

Терминалдан айнала беріп, өзі секілді жігіттер мен қыздардың «кредитті төлеп тастайық» деп кезекке тұра бастаған қатарын көріп, «көппен көрген ұлы той екен ғой», деп қалған 5 мың теңгесін қалтасына салып, аялдамаға қарай жылжыды. 

(с) Марғұлан Ақан



Бөлісу: