Бангладеш Халық Республикасы – 1971 жылы құрылған Азияның оңтүстігіндегі мемлекет. Батысында, солтүстігінде, шығысында Үндістанмен, оңтүстік-шығысында Мьянма Одағымен шектеседі. Жері 147 мың км². Халқының саны 149 млн. адам. Астанасы – Дакка қаласы. Мемлекеттік тілі – бенгал тілі, ресми діні – Ислам. Бангладеш – «бенгальдықтар елі» деп аталады. Бангладеш дүние жүзіндегі халқы өте тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Халқының басым көпшілігі – бенгалдар. Қалған 5%-ға жуығы чакма, могх, гаро, целу, санталдар, т.б. үлесіне тиеді.
Өте тығыз орналасқан Бенгалдықтардың 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Үйлерін бамбуктен, ағаштан немесе кірпіштен биік жерлерге салып, шатырын сабан, пальма жапырақтармен, бай, дәулетті дегендері қаңылтырмен жабады. Өзендер арнасынан асып, жайыла тасыған кезде жұрт бір-біріне көбінесе қайықпен қатынайды.Үйлердің айналасында аяқ басар бос жер болмайды. Әрбір сүйем жер дәнді дақыл егуге, шай және қант құрағын, сондай-ақ жеміс ағаштырын өсіруге пайдаланылады. Олар үйлерінің айналасына міндетті түрде шағын бақшаларын егеді. Көлдете суарылатын жерлерге бенгальдықтардың басты тамағы – күріш егіледі. Жерді өңдеуге буйволдарды көбірек пайдаланады, ал енді күрішті су кешіп жүріп қолмен отырғызады.
Бір қызығы олар киімге келгенде өте кірпияз халық болғанымен, көшелері қоқыстан бір арылмайтын көрінеді. Салт-дәстүрді берік ұстанатын бенгальдықтар үйлерін міндетті түрде ұлттық нақышта безендіреді. Бұл елдің кедей тұрғындарының өзі үйлерін сән-салтанатпен өрнектейді. Бұл елде «Уро-кола» сусыны өте танымал. Оның дәмі кәдімгі кола сусынынан ерекше. Сондықтан болар халықтың көпшілігі «Уро-кола» сусынын сатумен айналысады. Бенгалдықтарды нағыз кітапқұмар халық десек артық айтпаған болар едік. Оған себеп көшелерден жиі кезіктіруге болатын кітапхана - автобусты айтуға болады. Қызықты кітаптарға лық толы бұл автобустың жолаушылары барар жерлеріне дейін кітап оқып, жан дүниелерін мол мұрамен байыта отырып жетеді. Бұл елде көше қозғалысын реттеуші бағдаршамдардың пайда болғанына да өте көп уақыт өте қойған жоқ. Әлі де бұл таңсық дүниеге көлік жүргізушілері үйренісе қоймаған секілді. Көшеден бағдаршамды елеп-ескеріп жатқан бірде-бір жаяу жүргінші мен көлік жүргізушілерін көрмейсіз. Көшеде халық өз білгендерінше жүре береді.
Халық саны жағынан көп болғанымен, Бенгалдықтар ең аз ғұмыр кешетін халық. Бұл елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 35 жас. Соңғы жылдары Бангладеште ана мен бала өлімі жиілеп кеткен. Тұрғындардың көпшілігі ауруханаға барып, тексерістен мүлдем өтпейтін көрінеді.
Музыка – Бангладеш жұрты үшін өмірілерінің ажырамас бөлшегі. Бенгалдықтардың дәстүрлі әндері "Баул" деп аталады. Баул – осыдан жүздеген жылдар бұрын Батыс Бенгалияны мекен еткен кезбе жыршылардың әні. Бұл сөздің мағынасы «Киелі сотқар» дегенді білдіреді. Баул әнін орындаушылардың қандай жағдай болмасын жанынан тастамайтын мүліктері – киімі және музыкалық аспаптары. Одан өзгені жандарына серік етуден үзілді-кесілді бас тартады. Бенгалдықтар Баул орындаушыларын қызғыштай қорып, олардың қауіпсіздігін қаматамасыз етіп отырады. Баулдан өзге дәстүрлі әндерінің қатарына Гомбхира, Бхатиали, Бхавайя жатады. Бұл фольклорлық әндерді көбіне бір ішекті эктара аспабының сүйемелдеуімен орындайды. Бенгалдықтардың ұлттық аспаптарының қатарына дотара, дхол, флейта және табла жатады. Бангладеш жұртшылығының әуендері Үндістанның әуендеріне өте ұқсас келеді. Тіпті Бангладеш пен Үндістанның билерінде еш айырмашылықтаба алмайсыз. Олар да үндістаннан қалыспайды, кино өндіріс саласында жылына 80 фильм түсіріледі. Елде 200-ге жуық мерзімді баспасөз жұмыс істейді. Ең ірі телеканалдарының бірі «Бангладеш Телевижин» деп аталады. Оларда «Радио Фоорти», «АБС Радио», «Радио Тудей», «Радио Амар» сынды радио арналары халыққа қызмет етеді.
Бангладеш асханасы Орта-Азия елдерінің асханаларының тағамдарынан еш айырмашылығы жоқ. Олардың өте көп пайдаланатын тағамдары – күріш пен кари. Олар сүттен неше түрлі тіл үйретін тәттілер жасап жегенді жандары сүйеді. Ұлттық тағамдарына расгулла, чамчам, каложам жатады.
Бангладеш мұсылман мемлекеті болғандықтан Айт мерекелері ең басты мейрамдар қатарында. Мұсылман дінінен өзге индуист дінін ұстанатындар да жетерлік. Индуистік мерекелеріне - Дурга-пуджа, Кали-Пуджа, Васант-Пачхами мейрамдары жатады. Бұл мерекелердің тойлану салттары да өз алдарына ерекше. Олар діни мейрамдардан өзге – бенгал Жаңа Жылын ерекше ықыласпен тойлайды. Сондықтан болар әлемде Бенгал отшашулары мерекелердің басты сәніне айналған.
Бенгалдықтар ырым мен тыйымға қатты сенетін халық. Бұл көріністі әсіресе ауылдық жерлерден анық көруге болады. Олар алдарынан бос тостағанды, құс өлексесін, тақ сандарды, үзіліп қалған жіптерді көре қалса бітті жаман ырымға балап, сағы суға кетеді. БАНГЛАДЕШ ЖҰРТЫ дүниеге ұл бала келсе болды, «үйімізге береке келді»-деп қуанады. Ал қыз балалардың туылғанын аса қатты ұната бермейді. Олар қыз баланы өзге шаңырақтың киесі деп санайды. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін толықтай күйеуінің меншігіне өтеді. Ал ұл бала олар үшін ұрпағының жалғасы, қартайғанда асырайтын өз үйінің иесі. Бұл елдің жастары үлкендерді қатты сыйлайды. Ата-аналары балаларын бұл қасиетке кішкене күнінен бастап үйретеді. Тіпті олар үлкендерге тіл тигізбек түгілі, қарсы шығып сөйлемейді. Жасы кішілері үлкендердің аяғына басын еңкейтіп, қолымен аяғына тағзым етіп амандасады. Олар әке-шешелерінің таңдаған қыздарына үйленеді. Егер ата-анасының таңдаған қызы көңілінен шықпаса, неке заңды болып есептелмейді. Тойды міндетті түрде күйеу жігіттің ата-анасы жасайды. Той кезінде жас жұбайлар неше түрлі сән-салтанатқа толы гүлдермен көмкерілген орында отырады. Олардың ешбір тойлары дін қызметкерлерінсіз өтпейді. Той өткізілгеннен кейін олар көп емес, біраз уақытқа ата-аналарынан бөлек үйге шығып кетеді.
Бұл елге бара қалсаңыз олармен қол алысып амандасам деп әуре болмаңыз. Жақсы танымайтын адаммен қол алысып амандасу бенгалдықтар үшін жат нәрсе. Тіпті танымайтын адамға жай ғана қол тигізудің өзі қылмыс саналады. Тек ер адамдар ғана жақсы таныс адамдармен қол алысып амандасады. Бангладеш елінің әйел адамдары ашық-шашық киінбейді. Олар көбіне «сари» киініп жүреді. Ер адамдары «лунги» аталатын кең белдемшені киіп жүреді. Қалалық жерлерде бұл киім кию үрдісі сақталмай жатады. Себебі қала тұрғындары заманауи киімдерді құп көреді.
Дастархан басында тамақты олар оң қолымен жейді. Ас ішу кезінде қасық шанышқыны пайдаланбайды. Олар жерге дастархан төсеп отырып ас ішкеді дұрыс санайды. Дастарханның орнына олар бананның үлкен жапырақтарын пайдаланады. Кейде бұл жапырақ түрі тамақ ішетін ыдыстың және майлықтың да орнын алмастырады. Тамақты барлығына ортақ етіп дастарханның қақ ортасына қояды. Тамақ ішіп отырған кезде аяғын көрсетіп отыру жат қылық болып есептеледі. Дастархан басында отырған кезде олар аяғын киімдерімен қымтап отырып ішеді. Бенгалдықтардың үйіне қонаққа бара қалсаңыз ақша немесе, спирттік сусындарды сыйлай көрмеңіз. Бұлай етсеңіз үлкен реніш тудырасыз. Оның орнына тәттілер немесе жеміс-жидек сыйласаңыз, олар бір қуанып қалады. Олар үшін ең керемет сыйлық сырты өте әдемі болып безендірілген кітап. Тіпті ол өзі білмейтін тілде жазылса да олар үшін ең құнды сыйлық саналады.
Міне осындай қасиеттерді бойына жинаған Бангладеш елі – өте бауырмал, асқан ұқыпты, білімге құштар, салт-дәстүрге берік, үлкенге құрметпен, кішіге ізеттілікпен қарайтын халық.