Адамзат баласының бойындағы асыл қасиеттің бірі – қайырымдылық. Себебі, қайырымдылық кез келген жақсылық пен игіліктің нышаны болып табылады. Ал жақсылық пен игілікті іс жасау – үлкен адамгершіліктің белгісі. Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралғанын жүрегімен сезінетін көптеген абзал жандардың басқа адамдарға қайырылысып жүргенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Қайырымды жандардың игі істері өзгелерге үлгі болатыны айтпасақ та түсінікті нәрсе.
Қайырымды істің қайыры бар.
Ақтауда «Бекен» жас көшбасшылар достастығының «Жүрекке жылу» жобасы аясында «Жақсылық жаса» атты қайырымдылық концерт өтті. «Қазақстан – Ақтау» телеарнасындағы «Үміт сәулесі» бағдарламасынан осыдан 2 ай бұрын Балғынбек есімді бүлдіршінге протез салдыру керектігі жайында айтылған еді. «Бекен» жас көшбасшылар достастығы бүлдіршіннің тағдырына бей – жай қарай алмай, баланың отбасына көмек қолын созуды мақсат етті.
Аталған шараны ұйымдастыруда Қазақстанның белгілі азаматтары, Маңғыстаудың өнер жұлдыздары өз қолдауларын білдірді.
Қайырымдылыққа үлес қос!
Билет құны: бар-жоғы бес жүз теңге,
Досыңмен кел, бұл кешке доссыз келме.
Сауапты айда сауаптан айырылып,
Болмайық ғапыл қалған ессіз пенде! - деп, атақты айтыскер ақын Балғынбек Имаш ұйымдастырушыларға өз қолдауын Instagram желісі арқылы жеткізді.
«Бекен» жас көшбасшылар достастығы өз кезегінде барша мейірімді жандарға, соның ішінде «Forte bank» АҚ МОФ ұжымына, «Qazaq design», «Free Art Media» фото – видео студиясына алғыс білдіреді.