«Балдырған» бар кезде балалар әдебиеті өлмейді»

«Балдырған» бар кезде балалар әдебиеті өлмейді»
жеке
блог

Балдырған» — қазақ балалары баспасөзінің көш басында тұрған журнал. 1958 жылдың шілде айынан бастап шығып келеді. Содан бері 63 жылға жуық уақыт өтті. 1958 жылы осы журналды ашып, бас редакторы болған белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев еді. Мұзафар ағамыз журналды 28 жыл, 3 ай, 15 күн басқарыпты. 1986 жылы еңбек демалысына шығып, «Балдырған» журналының тізгінін Тұманбай Молдағалиевке тапсырып кетті. Тұманбай ағамыз журналды 25 жыл басқарды. Өмірінің соңына дейін журналда қызмет етті.

«Балдырған» — бастауыш класс оқушыларына арналған журнал. 1958 жылдан бері «балалар әдеби журналы» деген мәртебесі бар. Қазір де осыдан айнымай келеміз. Басылымға жарияланып жүрген материалдардың 80-85%-і — әдеби шығармалар, қалғаны — танымдық материалдар.

Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» — балалар әдебиетінің бас кітабы, балалар жазушыларының ұстаханасы» деп айтқаны бар еді. Осы бір ауыз сөздің өзінде көп нәрсе жатыр. «Балалар әдебиетінің бас кітабы» дегені — «Балдырған» журналы бүгінге дейін балалар әдебиетінің уығы болып қадалып, осы саланың шаңырағын көтеруге зор үлес қосып келе жатыр. Балаларға арнап шығарма жазып жүрген 50-60-қа жуық ақын-жазушы бар. Соның бәрі — «Балдырған» авторы. Кейінгі 10-15 жылда келіп қосылған жастар да бар.

Сондай ақ Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен «Мұзафар Әлімбаев және Балдырған журналы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын.Конференцияда қойылған сұрақтардың біріне Бақдәулет Әбдуалы былай деп жауап қатты.

 


«Қазір балалар әдебиеті бар бар ма, жоқ па?» деген әңгіме көп айтылып жатады. Біреулер «балалар әдебиеті бітті, ауылдан аса алмай қалды» дейді. «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары, «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері тұрғанда балалар әдебиеті өлмейді. Осы журналдар жабылғанша бола береді. Одан кейін білмеймін. Неге десеңіз, осы басылымдардың өзінде жыл сайын ақын-жазушылардың балаларға арналған қаншама әңгімесі, өлеңі жарияланып жатыр.

«Балалар әдебиеті ауыл деңгейінен шыға алмай қалды» дегеннің де жаны бар, ол рас, бірақ оған да қарсылық білдіруге болады. «Балдырған» журналы оқырмандарының 80%-і — ауыл балалары. Балалар әдебиетінде қозы, лақ, төрт түлік, жануар туралы жазылады деп айтылып жатады. Ауылдағы тіршілік қандай? Баяғы мал-жаннан қазақ әлі ажырған жоқ, сонымен күн көріп отыр. Соны жақсы көреді, сонымен айналысады. Ал қалаға келсек, мұнда басқаша. Бүгінгі заман туралы әңгімелер жазу да жоспарда бар. Өзім жүрген жерімде балаларға арнап шығарма жазып жүрген азаматтарға «бүгінгінің ертегісін жазып беріңдерші», «қала баласының тіршілігін көрсететін әңгіме жазып берші» деймін. Ешкім «жоқ» демейді, бірақ жоғалып кетеді. 10-20 бет әңгіме жазып әкелетіндер де бар, оны не қысқартуға келмейді, не журналға баса алмаймыз. Өйткені 10-20 бет әңгімемен журнал толып қалады. Басылымды кішкентай балалар оқитын болған соң қысқа-қысқа материалдар жариялаймыз.Кезінде Мұзафар Әлімбаев Мұқағали Мақатаев бір келгенінде «балаларға арнап бір-екі өлең жазып бер» деп қолқа салады. Сонда Мұқағали «Мектебің, мынау – класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың» деген атақты өлеңін жазып шыққан. Сол сияқты біз де ақын-жазушыларға өтініш айтамыз деп сөзін аяқтаған болатын.

Автор:Арыстанбаева Ұлбосын