Балаңызды үздік мектепте оқытудың 3 себебі

Балаңызды үздік мектепте оқытудың 3 себебі
жеке
блог

       Мен мектеп түлегімін. Қарапайым, кенттегі жалғыз мектепте оқимын. Бастауыш бітірген сәтте "Дарын", "Мұрагер" сияқты мектептерге түскім келген. Бірақ, ата - анам: "оқитын бала - қайда да оқиды", - деп тіпті, тапсырып көруге мүмкіндік бермеді. Сол кездегі өкініш, реніш әлі бар. Қазір сол мектептердің бірінде оқысам, басқаша болар еді - ау деп жиі ойлаймын. Қазіргі мектебім жаман демеймін. Тек, үздік мектептің аты үздік қой. Сондықтан, алғашқы блогымды "балалық өкінішімнен" бастап отырмын.

          Балаңызды үздік мектепте оқытудың 3 себебі:

          1. Балаңыздың араласатын ортасын дұрыс қалыптастырып бересіз

Бұндай мектептерде кез келген бала оқымайтыны белгілі. Балаңыздың күнде араласып, сөйлесетін ортасынан қорықпай - ақ қойуыңызға болады. Адамның дұрыс қалыптасуы үшін, араласатын ортасының 40% маңызы бар екені психологияда дәлелденген. Сондықтан, ең бірінші әрі ең маңызды себеп осы.

          2. Шет тілдерін тегін меңгеру мүмкіндігі

Қазір шет тілін білу заман талабы. Сол себепті де шет тілін үйрену курстары өте көп. Соған сай, біраз қаражат талап ететіні де белгілі. Ал осы мектептерде сіздің балаңыз тегін бір емес, бірнеше шет тілін меңгереді. Мысалы, "Білім - инновация лицейінде" (бұрынғы ҚТЛ) ағылшын мен түрік тілін өте жоғарғы деңгейде меңгеріп шыға алады. Өте ыңғайлы әрі тиімді.

          3. Балаңызға көп есіктер ашылып, үлкен мүмкіндіктері болады

Үздік мектептерде жай мектепке қарағанда мүмкіндіктер көп екенін мойындаңыз. Балаңызға болашақта қажет болатын көптеген есіктер ашылады. Көптеген жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Атақты адамдармен кездесулер де осы мектептерде жиі өтіп тұрады.

          Әр ата-ана баласымен мақтанғысы келетіні хақ. Ал балаңызбен мақтану үшін ең бірінші әрі ең маңызды қадам дұрыс мектеп таңдап беру. Осы қадамды жасауда қателеспеңіз. Балаңыз ең үздік, ең жақсы мектепте оқу үшін барлығын жасаңыз. Қазақстандағы үздік мектептер тізімін желіден тауып алыңыз, таныстарыңыздан сұрастырыңыз, ізденіңіз, балаңыз үшін. "Оқитын бала - қайда да оқиды" деген таптаурынды ұстанудан сақ болыңыз.