Сәби күнімізде туған күнді асыға күтетінбіз. Не киемін? Кімді шақырамын? Қандай сыйлық алады екенмін? Сол күнді қалай өткізетініміз маңызды болатын. Уақыт өте, бұл күнді дәл сондай сезіммен қарсы алмауымыз мүмкін. Бірақ, балаңызға керемет мереке сыйлап беретін мүмкіндігіңіз бар. Ол күннің мақсаты – көп ақша жұмсап, қымбат сыйлықтар алып беруде емес, ұмытылмас көңіл күй сыйлау. Отбасымен, достармен бірге көңілді уақыт өткізгенге не жетсін!
Егер балаңыз бала бақшаға баратын болса, оның туған күнін сол жақта атап өтуге болады. Баланың туған күнін тойлау жоспарын тәрбиешімен әңгімелесуден (әрине, күйеуіңізбен ақылдасып болған соң) бастаңыз. Себебі әр бала бақшада туған күн тойлаудың өз дәстүрі болады. Не істеуге болатынын және болмайтынын біліп алыңыз. Тәрбиешімен туған күнге бір апта қалғанда сөйлескен жөн. Сол кезде күнді және уақытты белгілеңіз. Егер баланың туған күні демалыс күндерге келсе, дүйсенбі күні өткізуге болады. Көптеген бала бақшада түске таман тойлайды.
Туған күн сезілу үшін айналаны безендірген жөн. Ол үшін сізден көп күш керек емес, он шақты шардың өзі бөлменің сәнін ашады. Шарсыз балалар мейрамы өтпейді. Шар – балалар үшін қуанышты зат. Сонымен қатар, плакатқа түрлі түсті бояулармен «Туған күніңмен» деп жазып, қабырғаға іліп қоюға болады. Бала сол күн оған арналғанын және өзінің маңыздылығын, керектігін сезіну керек. Сондықтан, оның киімі тұратын шкафына ең әдемі шарды іліп, плакатқа суретін жабыстыруға болады.
Балалар дастарқан басында аз ғана уақыт отырады, олар қозғалысты ойындарды жөн көреді. Көптеген бала бақшада торт әкелуге тыйым салынады. Егер сіздің де бала бақшада торт әкелуге тыйым салынса, басқа ата-налар әдетте не әкелетіндігін сұраңыз. Көп жағдайда балаларға таратуға ыңғайлы кекстер, рулеттер секілді тәттілер алынады. Жалпы, балаларға апаратын азық-түлікті мұқият таңдау керек. Мысалы, торт әкелуге рұқсат берсе, жарамдылық мезрзімін тексеріп, сенімді өндірушіден алыңыз немесе өзіңіз қолдан пісіріңіз. Сол секілді кей жемістерге немесе шоколадқа кейбір балалардың аллергиясы бар болуы мүмкін. Сондықтан да бала бақшаға сырттан тамақ алдырта бермейді. Сусын туралы ұмытпаңыз. Газдалмаған балалар шырынын алыңыз. Мен әр балаға "Барни" кексі мен жемісті шырын алдым. Суретте көрсетілгендей, барни мен шырынннан тұратын торт жасауға болады. Youtube желісінде мұндай торт жасаудың оңай әдістері бар (менде уақыт аз болғандықтан, жасай алмадым).
Жоғарыда айтып өткендей, әр бала бақшаның туған күн тойлаудың өз дәстүрі бар. Мысалы, туған күн иесін арнайы креслоға шығарады. Сосын тобындағы балалар оны құттықтайды немесе топ-топқа бөлініп, өлең айтып-билеп береді.
Қазір бала бақшаға туған күнге аниматорларды шақыру кеңінен тарауда. Бірақ бұл кезде баланың жасын ескеру қажет. Себебі 2-3 жастағы балалар олардан қорқуы мүмкін. Алайда, тәжірибелі аниматорлардың туған күннің көңілді өтуіне көп көмегі тиеді. Бала бақшаға туған күнге өзіңіз және қасыңызға көмектесетін құрбыңызды алып барыңыз. Мен түрлі түсті шарлар, туған күнге киюге арналған қалпақтар, ойнауға арналған сабын көпіршіктерін алдым.
Мен ол күні бала бақшаға сіңілімді жібердім. Себебі балам менің қасымда еркелеп, жылап қалуы мүмкін деп ойладым. Сіңілім тәрбиешілерге көмектесіп, балаларды ойнатып, билетіп, барлығын суретке түсіріп келді. Оның айтуынша, Баянғазы сол күннің оған арналғанын, өзінің туған күні екенін сезіп жүрген. Ал торт үруді үйдегі отбасылық отырысқа қалдырдық.
Балаңызға қолдан ерекше сыйлық жасағыңыз келсе, "киндер" шарының жасалу жолын көріңіздер. Сіз қандай идея қосар едіңіз немесе балаңыздың (ініңіздің) туған күнін қалай өткіздіңіз?