Сабағымды оқып бітіре сала, бір «демалып қайту үшін» Instagram дейтін «үйіме» асықтым. Мектепке солай асықсамшы... «Үйде» туған-туысқан мен дос-жаранның қызылды-жасылды «керемет өмірлерінің» сәттері менің «лүпілімді» тосып тұрғандай. Олардан бөлек «алыстағы туыстан да, жаныңдағы көршіңнен де жақын» вайнерлердің талайды тамсандырып, мың-миллиондап қаралым жинаған бейне жазбалары күтіп алады. Елдең қаласың ба? Ашып көресің де, бір күліп аласың.
Міне, осылай менің және сіздің өміріңіз өтіп жатыр. Вайнер дейтін ғаламтор «батырларының» туындыларына күліп қойғаннан басқа ештеме істемейміз. Сіздің алтын уақытыңыздың есебінен олар көп әрі «көк қағазды» жиып жатады. Вайнерлердің бір туындысының өзі сіздің бір жылдық жалақыңызға пара-пар қаражат әкелуі мүмкін.
Блогты жазудағы мақсатым «Инстаграм әртістерінің» қалтасын ақтару не болмаса жетістіктерін көре алмау емес. Жазуға түрткі болған өзімнің сіңілдеріммен жасты Аминаның кезекті жобасы. Тамсанып, тілекші болып жүретін сіңілімнің соңғы шыққан видеосы көңіліме қаяу салды. Неге? Ене мен келін арасындағы кикілжіңді келекеге айналдырып, Адия атты сіңілісімен пародия жасаған болатын. Бір тәулікте миллион қаралым жинап, ертеңінде басқа да әлеуметтік желілерді шарлап жүрді. Бірінші ойыма мынадай сұрақ келді: «Бесіктен белі шықпаған балалар үлкендердің ерсі қылығын өздеріне үлгі еткендей неге қайталайды?» Қазақ қызы енесі тұрмақ, анасымен сөз жарыстырып,беттен алмаған. Ғаламторға шырмалған сіңілдеріміз үлкен буын «вайнерлерден» көріп, бірі ене, бірі келін болып: «ұлыңыз енді менікі, біздің өмірімізге араласпаңыз» деген ойды насихаттап жүр. Әрине, басқа вайнерлердің де бұдан да сорақы жобаларын сынға алуға болады. Бірақ ол азаматтар кәмелетке толып, өз ойын қалыптастырған адамдар, ұрып-соқсаңыз да идеологиясын түзеу қиынға соғады. Ал Аминалар секілді тал шыбықтар ше? Олар да ертең бір-бір үйдің келіні болар анық. Мектеп табалдырығын аттамай жатып, анасындай адамға арсылдауды жөн деп жүрген қыз баладан келешекте ибалы келін шығуы, шаңырағы берік отбасының құрылуы екі талай. Ең өкініштісі – тыйым салар жұрттың жоқтығы. Керісінше оны қызық көріп іні-қарындастарға, туысқандарға жіберіп, мәре-сәре боламыз. Жалғыз Амина емес, менің де, сіздің де сіңіліңіз, қарындасыңыз опық жейді.
Бұл тек Аминаның бір туындысына тағылған сын. Басқа әртістердің ұяттан асып, шектен шыққан туындыларын мен айтпай-ақ ішіңіз сезіп отырған болар. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегім келеді сіңіліме. Ал, балаларын болашақ жұлдыз етпек ниеттегі аға-әпкелер, ата-аналар! Өтінемін, балаңыздың балалығын ұрламаңыз!