Баламның былдырлары 2

Баламның былдырлары 2
жеке
блог

Ер бала болған соң ба, Даниял кішкентайынан машинаға құмар. Отырған машинамыздан олардың маркасын сұрап, қандай май құятынын сұрап тыным бермейді. Бәрін білгісі келеді. Тағы бірде солай таксиге отырдық. "Мама, бұл қандай машина?" Мен өзім көзіме бақырайып көрініп тұрмаса, ажырата бермеймін. "Білмеймін, балам". "Көкеден сұрасаңшы". Таксист бізге қарап "Сен машинаның маркасын қайтесің, түсінбейсің ғой" деді. Бала көңіл емес пе, Даниял аузы бұртиып қалды да, сонда да қайтпай "дикісі қандай ал" деп қойып қалды. Шопырымыз күлкіден жарылғаны. "Мен бұны маркасын қайдан түсінсін деп отырсам, дикісін сұрап, есімнен тандырды ғой. Жарайсың, балам" деді.

Арқанкерген оқиғасының жаңалықтарды бермей тұрған кезінде ғой. Ұлым ініме келіп "көке, сен қандай жұмыс істейсің" депті. "Әскермін ғой" депті інім. "Ммм" деп біраз ойланып қалған Даниял "Абайлашы сені біреу атып кетпесін, сенде біреудің баласын атып тастап жүрме" депті. Інім не айтарымды білмей қалдым дейді. 5 жарым жасар баланың да санасына сіңіп үлгерді сол оқиға.

Үйде інім екеуі ғана қалыпты. Апасы үйде жоқ болса қарны аша беретін әдеті дейді Даниялдың. "Көке, қарным ашты". "Не жейсің" депті інім. "Айтсам бересің бе?" Ойында ешнәрсе жоқ інім "Иә, айта ғой" деген ғой. Сөйтсе балам "Тиын жеймін" депті... Сөз тапқанға қолқа жоқ дейміз бе...

Бірде бәріміз кино көріп отырғанбыз. Бір кезде балаларға көрсетпейтін жері болып қалды. Ал балам көзін алар емес, сүйісіп жатқан екеуіне беймарал қарап отыр. "Балам, ұят емес пе? Неге көзімізді жұмбаймыз?" "Мама, не болады екен көрсе, олар әншейін сағызға таласып жатыр ғой. Кеше Жанна тәтем мен Бақытжан көкемде сағызға таласты" дегені. Не айтарымды білмей қалдым. Сіңлім күліп жіберді, күйеубалам қып-қызыл боп ұялып төмен қарады. Сөйтсем, екеуінің сүйісіп тұрғанын көріп қойып "не істедіңдер" деп сұраған Даниялға Бақытжан "жәй, сағызға таластық" деп жауап берген екен. Ал бала оны қағып алған. Міне, балалы үйдің ұрлығы жатпас деген... )))