Балам, мен қартайғанда...

Балам, мен қартайғанда...
жеке
блог

 

Балам, қазірдің өзінде менің күш қуатым бұрынғыдай емес. Жасымның келгенін күн сайын анық сезініп жүрмін. Ертең мен қартайғанда қолдарым қалтырап, буындарым дірілдеп, алдымдағы ас құйылған тостағанымды аударып алуым мүмкін. Дастарханға сорпа төгіп алсам, қабағыңды шытынатып, көздеріңді аларта көрме. Себеі, сен бала күніңде мен құйған сорпаны кейде байқаусызда, кейде әдейі ақтара салатынсың. Ондайда мен қабағымды түйген емеспін. Мұндай қиқарлығыңа да күле қарап, қуанатынмын.

Балам, мен қартайғанда, қонаққа ертіп барғанда, сырт киімдерімнің түймесін қисық қадап алғанымды көріп, сілкіне көрме. Мен оны көзім көрмегеннен солай қадаған болуым мүмкін. Сен бала күніңде сырт киімдеріңнің түймесін күнде үзіп келетінсің. Мен сені ұйқыға жатқызып, сенің түймелеріңнің бәрін қайта тігіп шығатынмын. 

Балам, мен қартайғанда, дастархандағы тәтті кәмпит салған қымбат ыдыстарыңды сындырып алуым мүмкін. Келін екеуің осыған бола аһлап-үһлей көрмеңдер, мен мұны әдейі істемесім анық. Сен бала күніңде ылғи хрусталь қойылған сервантымды ашып, биіктегі кәмпиттерді аламын деп, оны аударып алған болатынсың. Құлаған сервантпен бірге қымбат ыдысымның күл-паршасын шығарғаныңда да сенің маңдайыңнан иіскеп, өзіңді серванттың басып қалмағанына қуанған едім.

Балам, мен қартайғанда, ауру-сырқауым асқынып, кейде жұмысыңнан кешігуің мүмкін. Бұған бола нали көрме. Себебі, бала күніңде ауырғаныңда кірпік ілмей күзетіп, ертеңіне сен ойынға айналғаныңда, мен жұмысқа бара беретінмін. Сонда түнімен сенің ауырған себебіңнен ұйықтамағанымды жан баласына айтып шағынбайтынмын.

Балам, мен қартайып, төсек тартып жатқанымда жиірек келіп, жанымда отырғаныңды қалар едім. Себебі, адам дүниеден өтер алдында өмірінің соңғы сәттерінің бәрінде баласының жанында болғанын қалайды. Сені осындай тәрбиелі, мейірімді етіп өсіргеніме қуанып, Аллаға шексіз алғысымды айтатын боламын. Сенің бар ісіңді алға бастыруын соңғы демім кеудемнен шығып кеткенге дейін тілеймін.

Балам, мен дүниеден өткенде қатты қамығып, жылай берме. Себебі, бұл Алланың бұйрығы. Адам баласының бәрі де бұл өмірге қонақ. Саған әрдайым Алланың мейірімі жаусын!