Балалық-шалалық

Балалық-шалалық
жеке
блог

"Адамның қолынан келмейтін іс жоқ". Бұл менің өмірлік қағидам. 


 Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, киелі мекен — Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай өңірінің өренімін. Әр адам үшін өз туған жерінен ыстық жер болмас. Біздің ауыл ақ мақтаның отаны ғой. Сол ауылда балалығымның шырынды шақтары өтті. Әлі есімде, мектеп табалдырығын енді ғана аттағалы отырған мені анам басымнан екі есе үлкен ақ бантикпен қолымнан жетектеп, білім ордасына ертіп келді. Басымдағы бантигімнің үлкендігі соншалық, көзіме түсіп, алдымда тұрған апайларды әрең көріп тұрмын)))). Содан не керек, алғашқы қоңырауды бантиктің астынан ғана тамашалап, үйге қайттым. Келесі күні мектепке келгенде, небәрі 1 қабаттық 12-15 кабинеттен тұратын мектеп ғимаратын шыр айналып, класымды таппай бір сағат сандалдым.))))) Алдымнан егде тартқан бір кісі шығып: "Сен не істеп жүрсің?" - деп сұрады. Мен сасқанымнан: "Осы мектепке оқуға келдім", - деп қоям. "Қайдағы оқу? Сенің әлі жасың жетпейді. Бойың да кішкентай", - деп мектептен шығарып жіберді. Ебіл-дебілім шығып жылап, үйге келдім де: "Мама, мені мектепке қабылдамай қойды", - деп ызаланып тұрып алдым. Анам мені жетелеп, қайта мектепке әкелді де бір кабинетке кіргізді. Алдымнан жаңа ғана мені мектептен шығарып жіберген кісі шыға келді. Сөйтсем, ол біздің /1-сыныптың/ сынып жетекшіміз екен. Менің бойым сыныпта ең кішкентайы болатын. Бұл үшін қатты ұялатынмын. Әсіресе, дене шынықтыру сабағында қатты білінетін. Сол себепті де, мектептің спорт алаңына шыққым келмеуші еді. Шыға қалған жағдайда алдыңғы қатарда тұруға тырысатынмын. Бірақ мұнымнан түк шықпады. Мұғалім: «Есенбекова, орныңа тұр», - деп, қайта соңына тұрғызып қояды)))) Есесіне, мектептің «бұлбұлы» болдым. Қандай да бір мерекелік шара, концерттік бағдарлама, сайыстар бола қалса, мұғалімдер міндетті түрде маған қолқа салатын. Осы белсенділіктің арқасында мектеп бітіретін жылы «Жаңа ғасыр» аруы байқауында бас бәйгені иемдендім. Сондағы әкем мен анамның қуанғаны әлі есімде... /Бұл менің оқушы күндерімнің естелігі./