Балалық арманның орындалуы немесе "Титаникті" тамашалау
блог
"Корабльге ұтып алған билет - өмірімдегі ең үлкен сый.
Өйткені мен сені кездестірдім, Роуз" (c) Джек
Сонау 1997-98 жыл ма екен, білмеймін, анам екеуміз автобуста кетіп бара жатқанбыз. Көшедегі биллбордта «Титаниктің» кинотеатрда көрсетіліп жатқандығы жайлы жарнама ілініп тұрған болатын. Сол биллбордқа қарап, қатты кинотеатрға барғым келгені есімде. Ал бірақ ол кездердегі жағдай бәріңізге мәлім ғой...
Одан кейін бұл фильмнің кассетасын біреу алып келген еді. Көршіміздің видео ойнатқышын әкеліп қосып, көрші-қолаң барлығы жиналғанда 20 шақты адамдай отырып, көрген едік.
«Титаник» 3D-да шығып, қайта кинотеатрларда көрсетіліп жатыр дегеннен мені осы балалық шағымның кішкентай естелігі маза бермеді. Ақыры бардым, көрдім...
1912 жыл. Әйелдерде сәнді шляпалар, шілтерлі көйлектер, оларға қарап отырып, біздің қаншалықты қалып кеткенімізді ойлап отырдым. Ол жылдары өркениет түгілі, біз көшпенді ел болдық емес пе?
Жап-жас Кейт Уинслет, Леонардо Дикаприо – бұл екеуінің шеберлігінде сөз бар ма? Леонардо ДиКаприо – өнер үшін, кино үшін туылған азамат. Жалпы фильмнің сонша танымал болуында осы екі актердің ойындарының арқасында ма деймін...
Джеймс Кэмерон... Былайынша фильм басқада мелодрамалар сияқты ертегі сияқты болғанымен, фильмде қаншама режиссерлік фишкалар бар. Және әрбірі соңына дейін ойластырылған, жақсы іске асқан.
Махаббат жайлы фильмдер шыға бермек, алайда «Титаниктің» алар орны ерекше. Өйткені бір ғана фильмде тарих, ғашықтық, махаббат, сатқындық, жауапсыз махаббат, шарасыздық, мәдениет, кедейлік пен байлық, жауапкершілік, адалдық, адамгершілік, өмір үшін күрес, халық пен дүрбелең... және тағы басқа көптеген мәселелер қозғалады. Бір ғана фильмнен көп нәрсе түйіп шығуға болатын туынды.
Фильмнің соңында бриллиант көк тасты теңізге лақтыра салғанда «Не үшін?» деп күлдік. Бағалы тасты сарп етіп... эх... )))