Өткен демалыста Алматы қаласында №2 балалар үйінде БАҚ өкілдері мен Орталық Азия мен ҚР бірнеше дүркін чемпионы, футболшы Наталья Иванованың қатысуымен үлкен шара өтті. Бұл шараны «LaundryandHomecareHenkelCetntralAsiaandCaucasus» компаниясы «Magnum» сауда желісі бірігіп ұйымдастырған болатын.
Өткен жылы бастау алған ізгілікті іс биыл да жалғасын тапты. 2015 жылы екі үлкен компания бірлесіп 100 балаға спорттық киімды сыйға тартты. Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері жаңа киімдерді алды.
Бұл шараға аталған екі компания ғана емес, сауда жасаған әрбір азамат та қатыса алды. Henkel (Persil, Losk, Deni, Perwoll, Vernel, Bref, Clin, Somat, Pril) компаниясының кез келген өнімін сатып алынған жағдайда әрбір тауардан 50 теңге орталық қор бюджетіне аударылып отырды. Жиналған қаржыға арнайы тапсырыспен 170 жаңа спорт киімі тігілді. Шараның басты мақсаты - балаларды спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға баулу!
№2 Балалар үйінде 6-18 жас аралығындағы 65 бала тәрбиеленеді. Олардың барлығы жаңа киімдерді киіп, шараға келген қонақтармен әр түрлі спорт жарыстарына қатысып, қызықты ойындарды ойнады. Балалар Наталья Ивановамен доп қуалап, эстафеталарды жалғастырып жатты. Әр түрлі себептермен балалар үйіне түскен әрқайсысы үлкен құрмет, айналасындағы жандарға ізетпен қарайды. Бізбен бірге би билеп, сурет салып, суретке түсуге асығып жатты.
Жалпы спорттық ойындар бірлікке, татулыққа шақырады. Балалар бір-бірімен жарысып жатса да бір-біріне демеу болып, қолдау білдірді. Күнделікті өмірде өздерімен өздері өткізетін олар келген қонақтармен қуана-қуана сөйлесіп, дидарласып, соңында қимастықпен қоштасып жатты. Жанарларында қуаныш пен мұңды аңғаруға болады. Әркім өз тіршілігін жасап, ата-ана мейірімін көрмей өсіп келе жатқан оларға аса мән берілмейтіні белгілі. Балалар үйінде азық-түлік те, әр түрлі ойыншықтар да жеткілікті. Оларға керегі – мейірім. Мейірім әрбір жүректе бар деп ойлаймын. Тек онымен бөлісе білу керек.
Сурет авторы - Борис Алексеев