Балалардың Бағбаны Болған Баязитов еді

Биыл өте ауыр жыл болды. Әсіресе жаз кезінде. Телефоны шыр ете қалса, тура сұрапыл соғыс уақытындағы «қара қағаздан» қорыққандай қос үрей кештік. Өзіміз тұрып жатқан көп қабатты үйден үш-төрт кісі бірінен кейін бірі көз жұмды.

Әзіліміз жарасып  жүретін айналайын Аманхан ақыннан да айрылып қалдық. Одан кейін көп өтпей белгілі қалам иелері Серік Рәсілов пен Әшірбек Амангелдиев те бас-аяғы бір жетіге жетер –жетпес уақыт әлетінде қабынған өкпенің азабынан ауа жетпей әлсіреп, аһ ұрғызып кетті.

Ал әрқайсымыздың туған топырағымызда қарғыс атқыр коронавирустың кесірінен мезгілсіз үзілгендердің есебін де білмейміз.

Иә, несін айтайын, нағыз «балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кетті ғой» дейтіндей алапат болды бұл. Әркім өз басының амандығын ойлап, еріксіз үйге қамалған қиын күндердің бірінде қалта телефоным әндете жөнелді. Онда үнемі хабарласып , қал-жағдай сұрасып, қажет кезінде тілдесе қоятын жаны жақын жандардың аты –жөндері жазулы.

Қақпағын ашып қарасам, «Жыл-он екі айдың» жаңа саны қолына тиген сайын жүрекжарды лебізін айтудан жалықпайтын шынайы жанашыры Сүлеймен ағаның нөмірі.

-О, аға ассалаумағалейкүм!-дедім тыңдалатын нүктесін баса сала. Жо-жоқ, бұл жолы қатты қателесіппін, арғы жақтан әйел кісінің нәзік үні естілді.

-Айналайын Талғат, мен сол кісінің үйіндегі апайыңмын. Бұдан былай қарай Сүкеңнің даусын сен де, мен де естімейміз, -деді. Не дерімді білмей дағдарып тұрып қалдым. «Әй, атың өшкір ажал-ай, балалар деп барын салып өмірін арнап жыр тербетті, әңгіме жазып жүрген асыл ағаны да қайырымсыз құшағына қармыған екенсің-ау» дедім ішімнен. «Жаман ат хабарды ести алмадық қой» дегелі тұрғанымды сездіме, апай:-Естіртетіндей болмады, айналайын. Жазушылар одағының басшылары да білмейді.

Білсе телефон арқылы болса да көңіл жұбатар сөз айтар еді ғой,-деді.

Апайдың айтуынша Баянауыл баурайында өскен Сүлеймен Баязитов ағаның қайтыс болғанына бір айдан асып кетіпті. Екі-үш күннен кейін үйлерінде шағын дастархан жайып , қырқын бермекші екен.

Кейінгі жылдары аурушаң болып жүргенін ағаның өзі де айтатын еді. Татар дәмі 76-ға аяқ басқан шағында таусылыпты. Бүкіл өмірін алтын ұяда өткізіп , зейнет демалысына шыққан соң Павлодарға қоныс аударған болатын. Қолынан қаламы түспеді.

Осы таяуда ғана шыққан «Қазақстан «Жазушылары» анықтамалығына көз жүгіртсем , ол кісі ата жасы алпысқа дейінгі жарық көрген кітаптарын былай қойғанда 2004 жылдан кейіннің өзінде қыруар жұмыс тындырып , кейінгі ұрпаққа үлкен байлық қалдырып кетіпті. Кітап шығармаған жылы жоқ дерлік.

Қараңызшы :2005 жылы -«Хан ием», 2006 жылы – «Жаралы жердің жанары»( қос томдық), 2007 жылы-«Көне қазақтың қыңыр қисыны»,       

«Пайымдау», «Малайсары батырдың соңғы әзілі» , 2009 жылы –«Мәшһүртану өрісі» , 2010 жылы- «Бәлду-бәлду-бәрі өтірік», «Қызылтау-Желтау аясы» , 2012 жылы «Алаш арыстары»,   

2014 жылы -«Поэмалар мен аудармалар»  2016  жылы –«Жарылыс», 2018 жылы –«Ақбалық Хазірет», 2019 жылы «Бала Мәшһүр» жинақтары. Осының сыртында балаларға арналған бір топ өлеңдері орысшаға аударылып, 2013 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан шыққан «Домбра и колыбель» атты қазіргі заман әдебиетінің үш томдық антологиясының бірінші томында жарық көріпті.

Осыларға қарап-ақ Сүлеймен ағаның өте еңбекқор қаламгер болғанын анық аңғарамыз.

Күні кеше Павлодардан ағаның артында қалған рухани байлығына иелік етіп, жоқтаушысы болып отырған Рымкеш Мадиева апайымыз телефон шалды. Даусы өткендегідей емес, көтеріңкі. Солай болатын да реті бар екен.

-Айналайын Талғат, ағаң кеткеннен кейін де көзі тірісінде өз қолымен жіберген жаңылтпаш, жұмбақ, өлеңдерін журналыңнан оқып жатырмыз,-деді әуелі. Содан кейін :

-Қаладағы балалар кітапханасына Сүкеңнің атын берді. Енді бұдан былай Сүлеймен Баязитов атындағы кітапханаға немерелеріммен бірге өзім де барып тұрамын.

-Ой, апай, азаматтар азаматтық жасаған екен. Құтты болсын! –дедім қуанышын бөлісіп.

-Сүкең туған жерінде туын тікті. Бүкіл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Баянауылда да осындай есте қалдыратын шаралар жасалса дейміз,-деді Рымкеш апайымыз.

-Сөзіңіздің жаны бар. Ол жақта ел қамын жеп, мәселенің мәнісін ұғатын ақылды азаматтар аз емес шығар, соларға құлаққағыс етерміз ,-дедім.

Сүлеймен Баязитовке кезінде Баянауыл ауданының Құрметті азаматы атағы берілген екен. Көзі тірісінде осылай әспеттеген баянауылдық басшылар осы ойымызды қаперде ұстайтын шығар деген ізгі ниеттеміз...

Талғат Айтбайұлы, жазушы-публицист



Бөлісу: