Балалар қалай ойнап жүр?

Балалар қалай ойнап жүр?
жеке
блог

    Ойын - бала өміріндегі басты іс-әрекет. Балалардың ойынға деген құмарлығы соншалықты - тіпті ойынның қатты қызған кезінде ата-ананың мүлде тілін алмай, керек десеңіз, мінез көрсетіп, одан қалса, сабақтан қашыт кетіп, сол ойынды мейірі қанғанша ойнайды. Құмары қанып ойнамаған бала үйге ашуланы келіп, асқа да зауқы соқпай, ренжулі болады. Ал ата-ана баланың неге ренжіп тұрғанына мән бермей, ұрысады. Өзінің де бір кезде бала болып, ойын қуып кеткені есіне түссе ғой...
     Баланың дүниетанымы, ойлау қабілеті, түсінігі, іс-әрекеті ойыннан басталады. Ойын барысында бала дамиды, өзара қандай қарым-қатынас жасау керектігін ұғады. Ұжымдық тәртіпке үйренуді, өтірікке, сатқындыққа жол бермеу, жеңіске ұмтылу үшін терең ойлау, дұрыс жол таңдай білу, өзінің іс-әрекетінен тәжірибе жинақтау сияқты психологиялық үрдістерді қалыптастырады.Осының бәрі болашақта азамат болып шығуына көмегі тиеді.
    Ең бастысы, балалар ойын барысында шынайы еңбектеніп, алысып-жұлысып, секіріп, жүгіріп, денелерін әбден шынықтырады. Әсіресе, жаз айларында далада көп ойнағанға не жетсін!
    Ата-бабамыз ертеден бала ойынына ерекше көңіл аударған. Өкінішке қарай, бүгінде алысып-жұлысып, иық тіресіп, күш салыстырып, ойыннан құмары қанып, ішек-сілесі қатып жүрген баланы көруден қалып бара жатқандаймыз. Көбіне, теледидар мен компьютер, ұялы телефон алдында қозғалыссыз, бір қалыпты жағдайда отырған балаларды жиі байқаймыз. Тіпті, 4 айлық баланың көзі ұялы телефонда.
    Ақшаға көп мән беретін азаматтарымыз 10-12 сағатқа баланы компьютер клубтарына тығып, табыс тапқанына мәз. Бала таза ауа жұтпай, уақытында тамақ ішпей, санасы уланып, мәнсіз ойындар ойнап отырады. Бала - біздің келешегіміз. Әрбір ата-ана «ойын - тәрбие» деп ойланса, дұрыс болар еді.