Бала тілі бал

Бала тілі бал
жеке
блог

Айдын ағасы: - Кәусар, сен санай аласың ба?

Кәусар: - Иә. Бір, екі, үш...

Айдын ағасы: - Ой, жарайсың! Орысша санай аласың ба?

Кәусар: - Иә...

Айдын ағасы: -  Санап берші?

Кәусар: - Раз, два, три...елочка гори...

 ***

Төрт  жасар Кәусар жаңадан дүниеге келген інісі Мұхаммедке қарап тұрып, қатты ойланды да: - Мама, Мұхаммед адам ба?...- деп сұрады... Тіліңнен сол тәп-тәтті!

 ***

 Кәусар таңертең 50 теңге, сосын ойнап жүріп 10 теңге тауып алыпты. Мамасына тапқанын алып келіп: - Мама, мен де әкем сияқты ақша тапқыш екенмін, иә? – деген екен. (Мамасы ылғи: -... сенің әкең ақша табады,- деп айтатын...)

 ***

 Кәусар: - Әке, Гүлназ әпкемнің қалтасына ақша салып қойғам. Соны алайыншы?

Әкесі: - Ой, қызым-ау, біреудің қалтасын ақтаруға болмайды ғой...

Кәусар: - Жоқ, мен қолымды салмаймын, тек сыртынан ұстап көремін...

 ***

6 жасар Гүлназға мамасы аспандағы 7 қарақшыны көрсеткенде, Гүлназ: - Сонда жұлдыздардың артында, қарақшылар бар ма? – деп, таңдана сұрақ қойды.

 *** 

Кәусар әпкесі Гүлназбен және дос қыздары Динара, Аяулыммен ойнап жүр. Кәусар өлең айта бастады. «Алтын күн аспаны...» Сонда Динара: Бұл – еліміздің әнұраны!-деп,бәрін тұрғызып, қолдарын жүрек тұсына ұстатып қойды. Кәусар әнұранды ұзақ айтты. Қыздар шаршап кетті. Қыздар: - Кәусар, басқа өлең білмейсің бе? Сонда Кәусар күлімдеп: - Білемін. Алтын күн аспаны...

 ***

Соңғы қоңырауға бірер күн қалғанда бірінші сыныпта оқитын Айман мамасына келіп: - Мама, апай бірнеше күннен кейін «аңырас коңырау ма, соңыра қоңыра ма» сондай «бірдеңе» болады, сосын демаласыңдар деді...-деп қуанып келді...

 ***

Үшінші сынып оқушыларының күнделігінің пән және мұғалім деген бетінде :

Дүниетану – Айгүл апай Есентаева.

Музыка – Медет ағай Қасымбаев... – деп жазылып тұр...

 ***

2-сынып оқушылары. Дүниетану сабағы. Апайлары оқушыларға құбыланама, яғни компас туралы әбден түсінікті етіп мағлұмат берді. Оқушылар түсінгендей болды. Апай кезекті сұрақ қойды: - Балалар, құбыланаманы кімдер пайдаланады? Сұрақ сондай «құпия» қойылды. Үнсіздік. – Апай, апай, оны қазақтар пайдаланады! – деп, жауабын дұрыс тапқандай орнынан атып тұрды «алғыр» оқушы!