Бала тілі – бал

«Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің».
Осы сөздер арқылы бала күннің қандай балғын мезгіл екенін байқауға болады. Әр адам бала күннен өтті. Шытырман оқиғаларын басынан кешіріп, небір жақсы кездерді есінде сақтаған. Балалық шақ - жарқын сәт. «Баланың тілі балдай» деп айту дұрыс-ақ. Дүниеге келген әрбір сәбидің өзіне тән қимыл-әрекеті, сөйлей бастаудың алдындағы дайындығы өзгеше болады. Ата-анасына күлімдей қарай бастауы, тырысып, «Ана» деген сөзді айтуының өзі қызық. Балаға қарап, тамсанамыз, өзіміздің бүлдіршін кезімізді еске түсіреміз. Сол сәттерді екі есе бағалаймыз.
Адам өміріндегі ең керемет шақтың бірі - бала кез. «Бала – баршаның байлығы мен бақыты. Бүгінгі бала ертеңгі ер азамат пен азаматша болғандықтан да, балаға қарап біз болашағымызды болжап, бағалаймыз, бағдарлаймыз» . Тіршіліктің табалдырығынан енді аттаған сәбидің алдымен адам, жеке тұлға, саналы, парасатты азамат болып қалыптасуына ата-ананың, қасындағы бауырлардың ықпалы зор.
Балалық шақ - бақытқа толы әсерлі кезең. Күннің қалай атып, батып кеткенін білмейтін кезең. Барлық жандарды дос деп санайтын кезең. Көптеген жәйттарға мән бермей, өтіп кететін кезең. Бұл мезгіл ешқашан екінші рет қайта келмейді. Оралмас сәттердің бірі болып, артта қалып қоймақ. Тек анда-санда еске алып қоясың. Күлкілі оқиғаларды бала шақта көп естисің. Әр түрлі әңгіме-ертегілерге сенесің. Өмірде армандардың орындалғанын қалайсың. Мұның барлығы да балалық өмірдің ұмытылмас парақтары.
Сөз соңында, сәби болған кездің қадіріне жете алу керек деп айтқым келеді. Қайтарылмас шақты барынша мәнді өткізген жақсы.


Бөлісу: