Мамандық жайлы ой толғағым келіп отыр. Қызық, сәби кезінен бастап барлығын толғандыратын сұрақ "Өскенде кім болғың келеді?", "Менің баламның бейімі қандай мамандыққа сай екен?", тіпті кейбір ата-аналар баласы құрсақта жатқанда-ақ кім болатынын шешіп тастайды. Сәби кезімде "кім боласың?" деген сұраққа "ПОЛИЦЕЙ" деп жауап беретінмін. Себебі, көзімді ашқалы полицейлердің жанында жүрдім. Әкем МАИ қызметкері болды. Әкемнің жолын қуғым келгендіктен болар, әлде ренжіп қалмасын деп көңіліне қарадым ба, 4-сыныпқа шейін сол сөзімнен таймай келдім. Балалықтан болар, бәлкім! Кейін өсе келе өзімнің әдебиетке, қазақ тілге бейімдігімді байқап, тіл-әдебиеттен олимпиадаға шығып жүрдім. Дәл осы кездерде "кім боласың?" деген сұраққа анамның жолын қуып, "мұғалім боламын" - деген екенмін.
Иә, өзіңе сай мамандық табудың ауыры енді басталды. Ақыл-есім толысып, бейімім әр нәрсеге пайда болған сайын сол нәрсенің маман иесі болғым келетін.Үнемі мектепте бүкіл слайд, компьютерге,ғаламтор желісіне сұрақтар туындаса, менен сұрайтын. Программалар орналастырудың шебері болдым. Сол мезгілде елдің бәрі "сен программист болсаңшы" дегенге, шыныменде бас қатыратынмын. Сүйтіп, "программисте" болғым келген. Кейіннен 9 сыныпта неліктен екенін білмеймін, физика пәнін таңдадым. Ондағым сыныптастарымның көбі физика таңдағасын болар. (Бірақ сол баяғы әдебиет пен тіл көкейімді тесіп барады)
Жанұя болып ақылдасқан кезде, анамның айтуымен 10 сыныпта дәрігер болмақшы едім. "Кім боласың?" деген ұзын-соғар ойтолғауда дәрігер деп жазатынмын. Кейін сахнаны ешкімге бермей ән айтып жүргенімде, "мүмкін,вокалист болармын" деп бір ойланып қойдым. Шаралардың көбінде КВН, сахналық көріністерге қыздардың арасынан алдыға суырылып мен шығатынмын. Бұғанда бейімім бар ғой деп, актриса болып кетпек болдым)) не дегенмен мектеп кезінде кім болмады десеңізші! Жан-жақтылығымды байқаған тіл-әдебиеті мұғалімі Дүйсенғалиева Жанаргүл апай: сен осы журналист мамандығына түссең қалай болар екен?" - деген ой салды. Бұл ой менің жаныма майдай жақты. Сол күннен бастап "журналист" боламын дедім. Айтпақшы, жаңа дәрігер болайын деп жатқан кезімде, құрбыларыма қалжыңдап айтатынмын: "Тележүргізушілік, дикторлыққа кастинг болып, мен өтіп кететін шығармын! сосын жүргізуші болып шыға келемін немесе топ арасындағы жарысты өзім ұйымдастырамын"-деп. Иә, жаңадан бері айтқан бірнеше мамандықтың бәрі сайып келгенде журналиске қарайды ғой. Ал журналист сұхбат алу арқылы, Стэнд-ап түсіру арқылы осы мамандықтар иесі бола алады. Ақ халатты да, жауынгер киімінде киеді. Керек десе, әскерге де барады) Сондықтан журналист мамандығын таңдадым. Бүкіл мамандықты осы журналистикаға жинап ап келдім де, бала кезімдегі армандарымның орындалуына сай бірден-бір мамандық журналистика деп таптым.
Міне, қазір журналистика мамандығының 3-курсында оқимын. Өкінбеймін, себебі мен өзімнің жаныма жақын, жүрегіммен таңдаған мамандық иесі боламын. Ал өз мамандығын жүрекпен таңдаған маман ғана өз жұмысының нағыз майталманы бола алады. "Адам екі нәрседен қателеспеу керек: біреуі-жар таңдау, ал екіншісі - мамандық таңдау. Себебі екеуі де өзіңнің жүрек қалауыңмен таңдалатындар." Ал мен екіншісін таңдаудан қателеспедім. Біріншісін ойлауға әлі жаспын)