Бала шақтан болашаққа

Бала шақтан болашаққа
жеке
блог

Бала шақтан болашаққа

Бала күнде құлын жүректің тулап ерте есейіп үлкендерше өмір сүргісі келуі бір заңдылық іспеттес. Тез өсіп-толып ересек жандардың қатарына қосылуды армандамаған адам кемде-кем шығар, сірә!

Ал, сұрағы мен сынағы мол үлкендердің өмірінен періштедей пәк сәби қалпымыз, бала күнімізге  қайта еніп кетуді де қалауымыз таңсық дүние емес секілді.

Бір күні көшеде келе жатқанымда асфальт бетіне салынған мынадай  жазба бірден көзіме оттай басылып, өткен күннің өрнектерін еріксіз ойыма оралтты. Сол  бейкүнә балалығымнан өзгеше бір сыр шерткендей болды да тұрды. Кенеттен есіме Бану, Айсұлу, Гүлзада, Ораз, Сәбит, Әнел, Әсем, Нұрсұлтан, Ұзақ, Асхат, Айгерім деген аяулы есімдер түсті. Бұл есімдердің иелері менің бала күнімде осындай әр түрлі жазбалардың үстінде асыр салып бірге ойнаған, талай жазда доп қуып, қызық кездерді бірге бөліскен достарым еді.

Ойға қалдырған қандай жазба деп отқан боларсыздар? Кәдімгі біздің бала кезімізде ойнаған төбесінде қазаны бар, он ұяшықтан тұратын «класс» ойыны.

Осы жазғы демалысымда туған қалама барғанымда сол достарымызбен кездесіп, бала шақтағы күндердің ерекше естеліктерін есімізге алып, балғын щақтың бал шақтарын айтып тауыса алмадық. Өте қызықты күндердің зымырап өтіп кеткенін айтып біраз қынжылып та қалдық.

Үйге келе жатқанымда менің көкейімде мына ой маза бермеді. Мазалаған ой «Қазіргі таңдағы балдырғандардың балалық шағы қызықты өтіп жатыр ма? Олардың бүгінгі жағдайы қалай? Болашағы бұлыңғыр емес пе?» деген ойлар еді.  Мүмкін артық айтқан болармын, олай ойлаған себебім, қазіргі таңдағы балалардың өмірі технологиялармен тікелей байланысты. Ұялы телефондар, планшет, ноутбук, компьютерлер осы балғындардың  күнделікті қолданатын құралына айналып үлгерді. Бәлкім, бұл – заман талабы шығар, дегенменде, бұлар баланың дамып-жетілуіне кері әсерін тигізбей ме деп ойладым. Бастауыш сынып оқушыларының интернетте отырып, әлеуметтік желілерге тіркелуі күннен-күнге үдеп бара жатырған жәйт. Бұның алдын алу керек секілді, менің ойымша, өйткені күн ұзағына уақытының қалай өткенін білмей, пайдасыз нәрселерге зейін қойып, бойына олқылық мінездерді жиып алатындай көрінеді. Бұндай қозғалыссыз, қызықсыз өткізген уақыттан гөрі, ойын қуып, өзге балалармен тығыз қарым-қатынас жасап, достар жиып, еркіндеу өскен аула балаларының өсіп – жетілуі әсерлі көрінеді мен үшін. Ғаламтор алдында отырған бала мен аула баласын салыстырсақ, екеуінің қабылдауы, түсінігі, қатынасы, мінезінде көптеген ерекшеліктерді байқаймыз. Бала бойынан оны бірден айтпай-ақ та көруге болады.

Міне мені ойға қалдырған нәрсе осы еді. Балалық базары қандай қызық-шыжыққа толы  болса, баланың ақыл-есі де соншалықты жан-жақты  дамиды деп есептеймін. Балалық шақ адам өміріне оңтайлы әсер қалдырса, болашақта қалыптасатын тұлғаның да жаман болмасы анық. Сондықтан болашақтың жарқын тұстарын көргіміз келсе, бала шақтан қамданғанымыз жөн болар.