Бала кезімнің сериалы
Кино саласының мамандары мелодрама жанрындағы көпсериялы фильмдердің бәрін бірдей телесериал деп атай бермейді. Түсірілу техникасына қарай кейбір фильмдер телехикая делінеді. Бұлар – барлық көрінісі «жасанды өмір» технологиясы бойынша декорациялы студияда ғана түсірілетін фильм-новеллалар. Әдетте біз кәдімгі кинокартина тәрізді шынайы жасалатын мелодрамаларға құмармыз. Кезінде КСРО көлемінде көрсетілген тұңғыш отбасылық теленовелла – «Күң Изаураның» өзі осылай түсірілген.
Бұл – телесериалдар тарихындағы ең табысты картина. Изаура жайлы телехикаяны күллі әлем тамашалады. (Назар аударыңыз, Изаура роліндегі Луселия Сантус – ұсқынсыздау бойжеткен. Қандай керемет! Ол өз роліне сай, өмірі кино, киносы өмір болып кеткен адам болатын. Ал мынау Зерда-Мердаларың... қайтсем жұлдыз болам деген пері-сайқалдар). Кеңес халқында осыдан кейін «сериалмен ауыру синдромы» қалыптасты. «Спрут» сериалы да осылай ықпал етті. «Байлар да жылайды» – мұндай дертке дауа болған, 90-жылдардағы тоқырауда рухани талғажау бола білген телесериал. Оның құдіреті посткеңестік кеңістіктің қарапайым халқына капиталистік сана үлгісін көрсетуінде болды. Марианнаның жыры біткен кезде үйреншікті ләззаттың көзі ретінде бізге «Жай ғана Мария» мен «Сенен басқа ешкім емес» сериалдары ұсынылды. Бұдан кейінгі сериалдарға құмарлығымызды «аурумен бірге қалмаған әдет» деп қараған жөн. Көп сериалдың ішінде «Во имя любви» («Махаббат жолында») мен үшін ерекше. Эдуарда, Элена, Бранка, Нанду, Атилиу, Милена, Марселу, Лаура, Леонарду – ешкімге ұқсамайтын кейіпкерлер. Бранка – ең шынайы және ең биік деңгейде сомдалған роль! Өтірік жылау бұл кинода жоқ. Үлкен оқиғаларды айтпай-ақ қоюға болады, бір ғана мына көріністі алайықшы – Атилиудың баласы көпшілік ойлағандай Марселу емес, Леонарду болып шыққанда, сыпайы, жуас жігіттің көзінен еріксіз жас шығып кетеді. Мен бұған сендім! Ешқашан ұмытпаспын бұл көріністі! Бала кезімде «Эдемге оралу» деген сериалды да жақсы көрдім.
Қазір бір сериялы фильмнің өзін әрең қараймын.
Маған ұнамайтыны
Түрік сериалдары хикая желісін мамыражай тірліктің ойламаған жерден шат-шәлекей болуына құрады, мұны асқан ептілікпен шынайы етіп көрсетіп, соған екпін бере отырып, адамның бойын, психикасын үрейленуге, күдіктенуге, ақыр аяғы сериалмен ауыратындарды төңірегіндегілерге сенімсіздікпен қарауға, күдікшілдікке, жалтақтыққа итермелейді, яғни түрік сериалдарының ниеті жаман. Корей сериалдары іш пыстырады. Орыс сериалдары көрерменнің сұранысына сай келмейді. Клише атаулыдан түгел арылу керек. Қолымда билігім болса, «Изаура күң» сияқты тарихи қажеттілікке сай, әлем көрермендерінің сүйіспеншілігіне бөленген, талғам таразысынан өткен шетелдік сериалдардың көрсетілуіне ғана рұқсат берер едім. Бір бейшара отбасының басындағы жағдайға жұрт неге сонша әуес болады екен?! Өзімнің өмірім он телехикаяға бергісіз!
Эстафетаны Сәнияға беремін