"Бала кезімдегі арманым..."

Бала кезде адам есейгенше асығады, ата-анамыз секілді жұмыс істеп, өз бетімізше өмір сүруді армандайды.  Алайда күндердің бір күнінде бақытты балдәурен шақтың қалай көз алдыңнан ғайып болғанын сезбей де қалады екенсің. Қазіргі кезде көп түлектер қоғамда өз орны бар тұлға болсам деп армандайды. Алдына шынайы мақсаттар қойып, «Болашақта кім боламын?» деген сұрақ жайлы көп толғанады… Қазақ ұлттық өнер университетінің, дизайн мамандығында 4 курс оқып жүрген Аружан Мұратқызы, шығармашылық емтихан, дизайн мамандығына даярлайтын курстар, жас түлектің болашақ мамандығына аяқ басу кезіндегі кездесетін қиындықтар мен кемшіліктер жөнінде арнаулы сұхбат берді.
-Аружан, дизайн мамандығында оқып жүр екенсін, бұл енді шығармашылық
мамандық екені сөзсіз. Ол жерде көбінесе шабыт керек. Неге осы мамандықты таңдадың? Не түрткі болды?
- Негізі бала кезімнен армандаған мамандығым. Жалпы сәнге деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Сондықтан осы мамандыққа жүрегімнің қалауымен түстім деп айта аламын. Жалпы осы күнге дейін, осы мамандыққа өзім келдім деп ойладым. Бірақ, негізі жақын адамдарымның, ата-анамның жан-жақты болғаны, олардың сәнге деген қызығушылығы үлкен әсерін тигізді.
-Қазіргі таңда осы түлектерді дизайн мамандығына даярлайтын көптеген курстар пайда болып жатыр, соған неге бармадың? Осы курстар туралы ойын қандай?
-Өзім кішкентай қаланың тумасы болғандықтан, бізде арнайы киім дизайн мамандығына даярлайтын курстар болған жоқ. Сонда да мен сурет үйірмесіне қатысып, көптеген дизайнға байланысты мағлұматтарды интернеттен қызығып оқитынмын. Ал жалпы даярлық курстар туралы айтатын болсақ олар шың мәнінде де көмектеседі, себебі жас түлектер киім дизайн туралы ақпаратты мектепте өтпейді, сондықтан осындай даярлау курстарында, болашақ мамандық туралы толық ақпарат айтылады, осы саламен тереңірек танысады және қайда түсіп жатқандары туралы түсінігі болады.
-Дизайн мамандығына түсу үшін ҰБТ-да тек үш пән тапсырып, кейін сол оқу орнында шығармашылық емтиханнан өту керек. Шығармашылық емтихан қалай өтеді?
-Шығармашылық емтихан бізде екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бұл академиялық сурет пен академиялық кескіндеме, ал екінші кезең дизайн мамандығына сай охроматикалық пен хроматикалық гаммаларда эскиздер салу болатын. Академиялық суретте біз сегіз сағат бойы Давид немесе Сократ сияқты гипстен жасалған тұлғалардың бейнесің бейнеледік. Ал күннің екінші жартысында бірнеше заттардан тұратын натюрморттарды гуашь немесе акварельді бояумен боядық. Екінші кезеңде ең маңыздысы өзіңнің креативті екендігінді көрсету. Басындағы идеяңды жеткізе білу. Бұл жерде бірінші емтихандай ережелер жоқ, сондықтан еркін сурет салуға мүмкіндік береді.
-Тексеретін экзаменаторларға не маңызды, қандай талаптар қойылды?
-Ең басты талаптардың бірі бұл барлық пропорцияларды сақтау, көлеңке мен жарық жерлерін көрсету, сосын штрихтарға да көп мән береді. Кескіндемеге келсек композиялық тұрғыда бәрі дұрыс болу керек. Бұл дегеніміз сурет қағаздың ортасында бейнеленуі тиіс. Сосын түстерді алғанда түстері күрделі, бірақ таза болуы қажет. Және сурет ырғақты, түстері бір бірімен үйлесімді болу қажет.
-Өзің осы жолдан өтіп, жас түлектерге осы дизайн мамандығына түсуде қандай кеңес берер едің?
-Жан-жақты болу керек. Әрбір дизайнер, суретші, жазушы немесе скульптор бір туындыны жасамас бұрын шабыттанады, көп іздейді, ақпарат жинайды. Өзіңнің фантазияңды жақсарту үшін көп оқу керек, тарихты да білу керек. Себебі киім тарихтың кезеңдерімен де әрдайым өзгеріске ұшыраған. Сән ол бір орында тұрмайтын дүние. Сондықтан осы салада қалам деушілер көп еңбек ету керек.
-Әңгімееңізге көп рахмет.
                                                                                                         Әңгімелескен Айжан Бірлікқызы

 



Бөлісу: