Ақтау қаласы. Аспан айналып жерге түсіп тұр. Аптап ыстық. Көшеде келе жатып, жол шетінде шайтан суға сылқия тойып жатқан өз бауырыма ("әр қазақ менің жалғызым") көзім түсті. Орда бұзар, от ағасы болар жастағы "ер" жігіт. Амал не, шайтан суға мас болып, өзіне-өзі қас болып жүр. Қасында қаңғыбас бұралқы ит жатыр. Екеуінің бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Кешірсін, басқа не деймін?!
Екі тірі жан иесін көріп, мына бір шумақтар еріксіз шығып кетті. Сол бауырымды жігерлендіру мақсатында дүниеге өңделмей келген өлең еді. Ал оқып қараңыздар:
Бақытын арақтан іздеген бауырыма
Тірліктерің тірлік емес, ит тірлік
Көкейіңе ұялайды сан күдік
Есіңді жый,сабырға кел, бауырым
Жүресің бе итше ұлып итше үріп?!
Бұл тірлігің тірлік пе айтшы достым?
Аянышты,өкінішті итпен доссың
Үргендерге үн қосып үріп жүрсің
Сол себепті мен сені итке қостым.
Кімсің сен? Не үшін келдің өмірге?
Адам болу басты мақсат өмірде
Арды сатып,құлы болма арақтың!
Тірі жүріп, қара жерге көмілме!
Айттым-бітті!
Осымен шайтан суды доғарасың,
Жан-тәніңді рухани суарасың
"Тас жүректі" иманменен толтырып,
Сусап қалған шөліңді бір қандырасың!
* * *
Қара сөзбен өз ойымды түйіндейін
Баршаңа бір Аллаға сиын дейін
Күні-түні Жаратқаннан медет тілеп,
-Ей,адамзат,нәпсіңді тыйың деймін!!!